Ауылды түлеткен жоба

image.png

Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесіп, бүкіл Қазақстан бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске қосқан болатын. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында Түркістан  облысында атқарылып жатқан шаралар көп. Жарлық аясында жүзеге асырылып жатқан негізгі жобалардың бірі – «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы. Ресми деректерге сүйенсек ауылда 7,7 миллион адам тұрады екен. Бұл – халықтың жалпы санының 41 пайызы. Ал ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38 пайызды құрайды. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді.   Жобаға ауыл тұрғындарының да қызығушылығы зор болды. Олар ауылда өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін болған шағын кәсіптерін дамыта алатынына дән риза. Мысалы, солардың бірі – Сауран ауданы Оранғай ауылындағы «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасымен бес жылға арналған жеңілдетілген несиені алғашқылардың бірі болып алып, жылқы бордақылауға кіріскен Есімхан Досжан.

Жоба арқылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізгендер қатары күн санап артып келеді. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі несиені мал шаруашылығына алуда.  Оранғай ауылының тұрғыны Есімхан Досжан да несие арқылы жылқы бордақылау ісін қолға алған. Ол «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы арқылы қаржылық сауаттылығын арттырып, бизнесті жүргізудің қыр-сырын үйренген. Кейіннен «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға өтінім беріп, 7 миллион теңге көлемінде несие алған. Аталған сомаға Батыс Қазақстан облысынан жиырма бас қарабайыр жылқы алып, мал бордақылауға кіріскен.

«Азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды. Бұл ретте «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет, - дейді Президент. Міне, оранғайлық жас кәсіпкер Есімхан Досжан осы «Қарызсыз қоғам» жобасының алғашқы қатысушыларының бірі болып саналады.

Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған қанатқақты жобасы аясында облыстағы 16 ауданға республикалық бюджеттен жиырма миллиард теңгеге жақын сома қарастырылып отыр. Оны жыл аяғана дейін өсіруге мүмкіндіктер де ашылды.

«Ауыл аманаты» қанатқақты жобасына қатысушы ретінде Сауран ауданына қарасты төрт ауылдық округ таңдалды. Атап айтқанда: Оранғай, Қарашық, Майдантал, Ескі Иқан ауылдық округтері. Бүгінгі күнге жеті кооператив құрылды. 

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 175 жоба қабылданып, оның ішінде Қарашық ауылдық округі бойынша құны 349,4 миллион теңгені құрайтын 45 жоба, Оранғай ауылдық округі бойынша құны 193 миллион теңгені құрайтын 37 жоба, Ескі Иқан ауылдық округінен 158,6 миллион теңгелік 25 жоба және Майдантал ауылдық округінен 91,1 миллион теңгелік 12 жоба несие комитетімен мақұлданды. Жалпы Сауран ауданы бойынша бүгінгі күнге 360,5 миллион теңге болатын 67 шаруа несиесі рәсімделді. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жұмыстар жалғасуда.

Республикамыздағы тұңғыш рет басталған «Ауыл аманаты» жобасымен Сауран ауданындағы Түркістанға жапсарлас орналасқан Оранғай мен Қарашық екі ауылдық округтерінде ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін қалыптастырудың қанатқақты жобалары алдымен басталған болатын. Оған енді Ескі Иқан мен Майдантал ауылдық округтерінің агрошаруашылық саласындағы еңбеккерлері кірісіп те кетті.

Сауран ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаевтың айтуынша,  жоба бойынша мүдделі ауылдық округтер мен тұрғындарына, жеке кәсіпкерлеріне тоғыз талап қойылады. Алдымен несие алушының жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде мүшелікте болуы, басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы.

Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы керек. Несие алушының жасы зейнет жасынан аспауы тиіс. Несиені кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндігі сараланады. Несиені алу үшін қойылған кепіл нысанын сақтандыру қажет екендігі қарастырылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, мал қора секілді қолайлы аса қажетті жағдайлардың болуы шарт. Одан кейін қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу немесе өзі қалаған жағына өткізу жолдарын ұсыну көзделеді.

«Жасыратыны жоқ, біздегі шағын кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары ісін дөңгелетіп кете алмай отыр. Себебі, жем-судың да бағасы, жанар-жағар май, техникалық қызмет түрлерінің, тыңайтқыштардың да бағасы аспандап кеткені рас. Сондықтан біз алдағы жылдары шаруашылықтарды өз салаларына орай, біріктіруді, ірілендірудің жолын ұсынып отырмыз. Мәселен, несиенің ең жоғарғы сомасы - кооперацияны дамыту үшін 27 600 000 теңгеге дейін болса, жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін - 8625000 теңгеге дейін қаржы қарастырылып отыр. Екі ортадағы айырмашылық үш есеге дейін барып қалады. Қаржыландырудың ең аз мерзімі – 12 ай болса, ең ұзақ мерзімі – 84 айға дейін жалғасады.

Негізгі борышты өтеу шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, немесе жарты жылда бір рет, жылына бір рет берілген есебіне қарай ыңғайланады. 

Сыйақыны өтеу де, шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет қарастырылып отырады. Негізгі кепілге жылжымайтын мүлік, қосымша кепілге жер телімдері мен көлікті қоюға болады. Шаруаларға да кооперативке де борышты өтеу бойынша бір жылға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған»,-дейді сала басшысы.

Оның айтуынша, ірі шаруашылықтардың қадамы да қарымды. Барлық қаржылық, техникалық және ұйымдастыру мәселелерін кооператив мүшелері ақылдасып шешеді. Мұндайда қазақ «келісіп пішкен тон келте болмас» дейді.

Сауран аудандық ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының мүшесі, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын реформалау жөніндегі комиссия мүшесі Оразгелді  Егізбаев шаруалар кооперативтерге бірігуден көп нәрсе ұтады деп есептейді.

«Қазір шаруа қожалықтарының әрқайсысының жеке жері бар. Жұмысын істеп жатыр. Олар «ортақ өгізден, оңаша бұзау» деген тәртіпті жақсы көреді. Кооперативтерге бірігудің мәселесі бірлесіп қызмет жасаудан туындап отыр. Яғни, техниканы бірлесіп пайдалану, минералды тыңайтқышты, жанар-жағармайды бір жерден алу жүзеге асырылады. Одан кейін өнімді жинау, өткізу мәселесі де бірге атқарылады. Бұған барлық техника жұмылдырылады. Бұл жерде айта кететін нәрсе. Бірігудегі мақсат – кооперативті заманауи үлгідегі жаңа техникамен жарақтандырудың қажеттілігі. Мұны Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қадап тұрып түсіндірді.

«Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілері мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал».

Бұл өте қиын мәселе. Жеке-дара жүрсе, шаруалар техникаларын жаңалай алмайды. Себебі, жаңа техникалардың бағасы шарықтап кетті. Мәселен, 2010 жылдары бес миллион теңге тұратын трактор қазір он миллион теңге тұрады. Бағасы екі есеге өскен. Оны шаруалардың алуға шамасы жоқ. Сондықтан, кооперативтерге бірігіп, оларды техникамен қамтамасыз ету керек. Біздегі майда, ұсақ шаруашылықтарды біріктірудің ең негізгі тетігі осы. Мемлекет техниканы кооперативтерге 50 пайыздық субсидиямен (қайтарымсыз қаржы) береді. Қазіргі кезде кооперативтерге 28 миллион теңге шамасында қаржы береді. Ол жаңа бір техника, ал пайдаланылғаны болса, асып кетсе екі техникаға ғана жетеді. Жаңадан құрылатын кооператив бір-екі техникамен алысқа ұзай алмайды. Алдымен Сауран ауданындағы жетекші бір ауылда қанатқақты жоба ретінде үлгі-тәжірибе жүзінде осындай үлкен кооператив құру керек. Ол бұрынғы МТС яғни машина-трактор паркі секілді техникалық жарақтанған болуы тиіс. Соның жанынан минералды тыңайтқыштар, жанар-жағармай қоймалары ашылуы керек. Барлығы бір орталықтан жасалса, берекесі болады. Сұраныс, талап та кооператив басшылығына қойылады.

Мәселен, келесі жылы «Ауыл аманаты» жобасына берілетін қаржыны көбейтейін деп жатыр. Сол кезде осы бастаманы өндіріске батыл енгізу қажет деп ойлаймын. Мен осы мәселе туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлына кіргенімде, ол кісі мені қолдап министрлікпен сөйлескенде, «келесі жылы бөлінетін қаржы еселенеді» деген пікір білдірілді. Осы мәселе созбалаңға салынып кетпесе болғаны. Мұны шаруа қожалықтары мен «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдауды ұлттық палатасының өңірлердегі филиалдары да қадағалағаны жөн,  дейді ол.

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев Оранғайдағы алғашқылардың бірі болып, «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, жеті миллион теңгеге Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданынан жиырма бас жылқыны өзі таңдап алып, екі «КАМАЗ» автокөлігімен төрт күнде Түркістанға жеткізіп, ветеринарлық сараптауды жасап, карантиндік кезеңінен өткізіп, бордақылауға кіріскен отыз екі жастағы Есімхан Досжанның шаруашылығымен танысты. Есімхан Досжан жеңілдікпен несие алудың тоғыз талабынан сүрінбей өткен екен.

Ғалымжан Қарабайұлы ауданда осы жобаға қатысушылар туралы қысқаша мәлімет берді.

- Қазіргі таңда Сауран ауданы бойынша 80 жобаның құжаты мақұлданып, қаржыландырылды. Одан басқа 600 миллион теңгеге 140-тай жоба дайын тұр. Биылғы жоспарымыз бойынша 1миллиард  200 миллион теңге шамасында жобаны игеруіміз керек. Күні бүгін осы жоспардың 36 пайызын ғана игеріп отырмыз. Бұл тым аз. Сондықтан, енді алтыншы бағытты ашып жатырмыз. Оны барлық аудандағы ауылдарға алуға болатын жағдай қалыптастыруымыз керек.

Алтыншы бағытта жұмыс жасайтын шаруалардың балық шаруашылығын дамытуға сегіз жарым миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндігі бар. Алтыншы бағыт–ол балық шаруашылығын дамытудан басқа барлық бағыттағы кәсіпкерлік мақсатында мәселен құрылыс заттарын, жиһаз жасау, мал өнімдерін өңдеу миницехтары секілді кәсіп түрлерімен халықты барынша жұмыспен қамту көзделеді. Оған осы айда әр жобаға сегіз миллиондай теңгені игеруді жоспарлап отырмыз. Қазан, қараша айларында жоспарымызды орындауға қол жеткіземіз деген ойдамын. Біздің аудандағы кәсіпкерлер, диқандар мен малшылардың қазіргі әлеуеті екі жарым миллиард теңгеге дейінгі қаржыны игеруге мүмкіндігі жетеді. Халықтың көбі осы жобаларға белсенді қатысса, әл ауқаты тез көтеріледі. Басты мақсатымыз -жұмыссыздықты жою», дейді аудан басшысы.

Осы жобаларға қол жеткізу үшін тұрғындардың кооператив мүшесі болуы міндетті емес. Бірақ кооперативке мүше болу арқылы жұмыс істеу әлдеқайда оңайға түседі екен. Ол шартта көрсетілген. Мәселен, кооперативтің айналымына қомақты қаржы бөлінеді. Техника алуына жағдай жасалады. Ол кооперативке мүше болса жем-шөптерін арзандатылған бағамен береді. Техника алғасын оны ортақ мақсатқа бірлесіп пайдаланады. Мәселен, осы Оранғайда сүтті бағыттағы кооператив құруға өте ыңғайлы. Құрылған кооператив тұрғындардан тиімді бағамен сүт алады. Ол үшін кооператив тұрғынды төмен бағамен жем-шөппен қамтамасыз етуі тиіс.

Оранғай ауылдық округінің әкімі болып жақында ғана сайланған Берік Қуандық та ауыл әкімдігінде қызмет атқарғанға дейін жылқы бордақылаумен айналысқан екен. Оның айтуынша, ауылда осы жобаның дер кезінде басталғандығы жөнінде түсіндіру жұмыстары нәтижелі жүргізілді. Қазіргі таңда 51 өтінім қабылданып, соның 23 қаржыландырылып, өз кәсібін ашып отыр. Оранғай ауылы негізінен мал өсіру мен егін шаруашылығына бейім болуына байланысты осы салаға көп көңіл аударылып отыр. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі несиені мал шаруашылығына алуда. Солардың бірі –жылқы бордақылау ісін қолға алған Оранғай ауылының тұрғыны Есімхан Досжан алдымен «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы арқылы қаржылық сауаттылығын арттырып, бизнесті жүргізудің қыр-сырын үйренген.

 Міне,  осы секілді берері көп жобалар мен жігері мықты, тәуекелшіл, еңбекқор тұрғындардың арқасында ауыл өркендеп, экономикасы дамуда. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • ІХ халықаралық театр фестивалі шымылдығын түрді
  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер