Еліміздегі ауылдардың әлеуметтік, экономикалық жағдайын дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Халық санының басым бағыты осы ауылдық жерлерде шоғырланғанын ескерсек, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру – маңызды міндет. Оған Мемлекет басшысынан бастап өңір басшылары ауқымды жұмыстар атқаруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болатынын атап өткен болатын. Бүгінде ауылды дамытуға жол ашып отырған жобалардың арқасында кез келген ауыл тұрғынына қолжетімді, шағын инвестициялармен қамтуға мүмкіндік беруде. Осындай жобалар арқылы бүгінде ауыл халқының табысы артып келеді.
Түркістан шаһары іргесіндегі Сауран ауданында ілкімді істер жалғасын тауып келеді. Ауданға қарасты Қосқорған ауылы маңынан 350 гектар жер бөлініп, арнайы экономикалық аймақ ретінде қарастырылуда. Осы алып қойма салынғалы бері Қосқорғанның жер асты суы да молайып, платина маңынан қарқынды бау егуге мүмкіншілік ашылып отыр. Оған бес гектардай жер бөлінгелі тұр.
Биылғы жылы «Әль-Береке» кооперативі құрамындағы бірқатар қосқорғандық кәсіпкерлер мен фермерлер «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына екі пайыздық, бес жылға арналған несие алу үшін құжаттарын өткізуде.
Оранғай ауыл әкімінің орынбасары Фархад Байметовтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасының ең бір жақсы жері фермерге бес жылға жеңілдікті несие бергенімен қоймай, бірінші жылы кәсіпкер шаруашылығын дөңгелетіп, жағдайын дұрыстап алғанға дейін каникул беріледі екен.
Мәселен, «Қосқорған» ауылының тумасы Шамансұр Мәжитовтің өзі де, келіншегі де мектепте жұмыс істейді. Жұмыстан тыс мезгілде есік алдындағы 4,5 соттық жердегі екі жылыжайға егілген қиярларды баптайды. Бұл кәсібін 2014 жылы бастаған екен. Жылына екі рет өнім алады. Алдымен жылыжайға 800 мың теңге жұмсаған. Пайдасын бір маусымда-ақ шығара бастаған. Бұрын Ресейдің «Кураж» атты қиярын өсірсе, қазіргі кезде Голландиялық тұқымнан шығарылған «Тұран» қиярын өсіріп жатыр. Шымкент қаласынан әкелген табиғи өнім «Активбио» тыңайтқышы арқылы өнім көлемі еселеп артқан көрінеді. Биылғы өнімі 27 күнде пісіп, енді таусылуға жақындады. Ол «Әль-Береке» кооперативінің мүшесі.
-Мен бұл кооперативке мүше болып кірген себебім, «Ауыл аманаты» мемлекеттік жобасының бір шарты несиеден үміткер кооператив мүшесі болуы тиіс. Кооперативтің бір тиімділігін айтайын. Мәселен, менің өнімім қияр басқалардан ертерек піссе, жақын маңға қымбат бағаға сата аламын. Барлық өңірде қияр базарға шығарыла бастағанда, менің қиярымның бағасы да арзандайды. Сол кезде кооператив басшылығына шығып, солтүстік өңірлерге жеткізуге тырысамын. Қалған параметріне келмейтін қисайып-мисайған қиярлардан турап-турап, банкіге тұздап, қысқа әзірлейміз. Жалпы ешқандай қалдықсыз өнім болып шығады. Биыл «Ауыл аманаты» жобасымен жеңілдікті несие алсам, жылыжайды алты соттыққа өсірмекпін. Қазір құжаттарымды түгел өткіздім. Комиссияның шешімін күтіп жүрмін,-дейді әрі ұстаз, әрі кәсіпкер Шамансұр Мәжитов.
«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей Шамансұрдың ұлы да жазғы каникулды босқа өткізбей, бие сауып, көрші-қолаңдарға саумал ретінде сатып, базарға қымыз, құрт, айран шығарады екен. Болашақта омыртқасына зақым келген және мүгедек балаларды атқа мінгізіп, иппотерапиямен де айналысқысы келеді екен.
«Жұмыспен қамту» бағдарламасы – ауылды жерлердегі жұмыссыздық салдарын жойып, жеке кәсіпкерлерді қолдауды көздейді. Кәсіп ашып, нәсібін көрем деушілер үшін мемлекет толығымен мүмкіндік туғызып отыр. сондықтан ауылдық іскер азаматтардың мемлекет жасап отырған осы мүмкіндігін қалт жібермегені абзал. Ескі Иқандықтар да кәсіптің көзін тауып, мемлекеттің қолдауымен бүгінде отбасымен қатар бірнеше азаматты жұмыспен қамту арқылы асырап отырған жайы бар.
Мәселен аталған ауылдық округте автотұрақ салу мақсатында бюджет тарапынан 1 млн 420 мың теңге бөлініп, жеке кәсіпкер «Елнұр» мен келісім-шарт жасалынып жұмыстар толығымен орындалды.
Ескі Иқан ауылдық округі әкімі аппараты ғимараты қасынан қойма салу мақсатында Үкімет тарапынан 1 млн 450 мың теңге бөлініп, жеке кәсіпкер «Сейткерим Ата» мен келісім-шарт жасалынып жұмыстар толығымен орындалды.
Сонымен қатар ескіиқандықтадың бірқатары ауыл шаруашылығы саласынан-ақ кәсібін дөңгелентіп отырған жандар.
Ескі Иқанның кәсіпкерлік саласындағы таңдай қағып мақтанар тағы бір мақтанышы – Маннатовтар әулеті Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан мен Жібек жолы ауылдық округтерінде 7 бау отырғызған. «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» бауы да кәсіпкерліктің кең қанат жаюымен көркейіп отыр.
Ескі Иқан ауылының диқаншылары мақта шаруашылығына ден қойып, кәсіп көзіне айналдырған. Ағайынды Төрехан мен Уәлихан Нышанбаевтар 20 жылдан бері шаруақожалықпен, оның ішінде мақта өсірумен, диқаншылықпен айналысып, бау-бақша егіп келеді. Қазіргі таңда 8 га жерінің 7,5 гектарына мақта ексе, 0,5 гектарына қызанақ еккен.Теру науқанында жергілікті тұрғындарды жұмыстарға тартып, қажетті техникалармен қамтиды. Жиналған өнімдерін жергілікті компанияларға өткізеді. «Былтыр суғару жұмыстары ойдағыдай болды. Биыл да ауа райы да қолайлы болды. Қосымша 3 гектар жерге 4727 сорты егілгенімен, «Түркістан» сортының пайдасы мол әрі өнімді жақсы береді» – дейді шаруа қожалық иесі. Айта кетейік, «Түркістан» атты сортты жергілікті Қарашық ауылының тұрғыны Хабибулла деген азамат ойлап тапқан. Бұл сорттың басқалардан айырмашылығы өнімді көп береді. Біріншіден бұл 15 күн алдын ашылады. 115-120 күнде ашылады. Екіншіден мақтаның талшығы 4-ші типке жатады. Бұл текстиль фабрикаларда сұранысқа ие. Бұл сортты еккендер 40-45 центнерден өнім алып жатыр.
Айта кетейік, Сауран ауданы бойынша былтырғы жылы 12771,9 гектар егістік жерге шитті мақта егіліп, (33 центнер) 42147 тонна өнім жиналған. Ағымдағы жылға 11666,0 гектар егілді. Болжам көлемі (34 центнер) 39665 тонна жиналады деп күтілуде. Бүгінгі күнге 155,0 гектар мақта терілді.
Ауданда 6 мекемеге қарасты 16 мақта қабылдау бекеті мақта қабылдауға дайын.
Сауран аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, Сауран ауданы бойынша 2022 жылы шет мемлекеттерге мақта дақылдарын өткізген. Олар: «Картекс Агро» АӨК — Ресей федерациясына ауыр жүк көліктері арқылы 200 тонна мақта жіберген. «Картекс Агро» АӨК Чехия, Латвия елдеріне SIA «Trans Trade Logistic» логистикасы арқылы 200 тонна мақта жіберген. «Goldеn Cotton» ЖШС – Ресей Федерациясына 136 тонна, Иран еліне – 250 тонна, Молдова еліне 100 тонна мақта дақылын жіберген.