Балық шаруашылығын дамытудың жолдары түсіндірілді

image.png

Балық шаруашылығы – экономикалық өсудің және халықты жұмыспен қамтудың негізі ретінде экономикадағы маңызды салалардың бірі. Балық шаруашылығындағы негізгі қызмет – балық аулау және жасанды балық өсіру. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, Қазақстанның табиғи су айдындарында жыл сайын шамамен 40-45 мың тоннадай балық ауланады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. 

  Балық шаруашылығының тиімділігін саурандықтар да ұғынып келеді. Осы  орайда   аудан орталығы Шорнақ елді мекенінің мәдениет үйінде “Ауыл аманаты» бағдарламасының IV бағыты, яғни балық шаруашылығын дамыту бойынша арнайы жұмысшы топ келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесуге Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбеков бастаған жұмысшы топ өкілдері, «Ырыс» микро қаржы ұйымының қызметкерлері, ауыл әкімдері және аудан кәсіпкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.

Жиын барысында Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбеков «Ауыл Аманаты» жобасының негізгі бағыттары, бөлінген қаражат көлемі, несие шарттары туралы түсіндіре келе, балық шаруашылығын дамыту бағытына ерекше тоқталып өтті.

Балық шаруашылығын дамыту бағытына 1,1 миллиард теңге қаралып отыр. Балық шаруашылығын үй іргелік жерлерде жүргізу үшін 15 соттық жерге тоған қазып, «Хамит» АӨК, «Көшім» ШҚ, «Көмеш балық» ЖШС-нен шабақтар сатып алып өсіріп, тауарлы балық деңгейіне дейін жеткізуге болатынын атап өтті.

Сонымен қатар, аэротор, қайық, азық шашатын қондырғылар мен балық азығын сатып алғандағы шығындары мен өндірілген тауарлы балықты балық өңдеу зауыттарына («Хамит» АӨК, «Жалғасбаев Т» ЖК, «Саодат» ЖШС, «Болашақ» ШҚ, «Шардара балық-1» ЖШС) өткізуге болатындығына тоқталды.

“Ауыл аманаты” жобасы аясында балық шаруашылығын дамыту бағыты бойынша ауданға қарасты 12 ауылдық округтің барлығынан да дерлік несиелеуге түскен өтініштер қаралатындығын жеткізді.

Жиналыс барысында тұрғындардың барлық сұрақтары қанағаттандырылып, іске асыру схемалары, шарттары, негізгі басымдықтары, керек құжаттарды жинақтау, өткізу тәртібі, тоған қазу, шабақ сатып алу, құрал жабдықтар сатып алу, балық азықтарын дайындау және сатып алу туралы кең көлемде ақпараттар берілді.

Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам  тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.

Сөйтіп, былтыр Жамбыл облысында басталған қанатқақты жоба биыл еліміздің бүкіл өңірін қамтитын бағдарламаға айналып отыр. Алғашқы болып жобаны Ақтөбе облысы іске асыра бастады.

Жыл басында өткен жобаға жол ашып берген алқалы жиында «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов: «Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36 пайызға төмендеді. Үкімет пен «Amanat» партиясының міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру аса маңызды», — деген еді.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? Бағдарлама бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңна¬ма бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банк¬тен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.

Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарлар¬ды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруа¬шылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күн¬көріс деңгейінен төмен өндіріс¬тік коопе¬ративтердің мүшелері ала алады.

Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өт¬кен жарнаның, мемлекеттік кірістер ор¬ган¬дарында берешектің болмауы талап етіледі.

Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік коо¬перативке өткізу талап етіледі.

Жобаны іске асыруға 2023 жылы респуб¬ликалық бюджетте 52,4 млрд теңге (11 мыңнан астам шағын несие) көздел¬ген. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер қаражат¬қа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерге скрининг жүргіз¬ді. «Amanat» партиясы жанынан азамат¬тар мен әкімдерді әдіснамалық сүйеме¬лдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабыл¬дау және қаражатты бөлу үдерісінің монито¬рингін қамтамасыз ететін жобалық кеңсе құрылып, қызмет етті.

«Ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу – «Amanat» партиясының негізгі басымдықтарының бірі. Ауылда 7,7 млн адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41 пайызы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38 пайызды құрайды. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді.  Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға, шұғылданып жүрген кәсіптерін әртарап¬тандыруға көмектесеміз», — дейді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтар¬ды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқаны байқалады. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пай¬далануға болады. Шағын несиелер халыққа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады.

Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі.

Қашанда қағажу көріп жүретін ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөңгелетіп отырған шаруасы бар көптеген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытуда. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.

«Ауыл аманаты» – оңтайлы бағдарлама, 2,5%-бен, бірінші жылға арналған жеңіл¬дікпен және ауылдық жылжымайтын мүлік кепілімен қазірде бірде-бір қаржы ұйымы қарыз бермейді. Біз бұл бастаманы қолдауға, тиімді пайдалануға, нәтижелі іске асыруға дайынбыз. Себебі жергілікті ауыл шаруа¬шылығы өнімдері – елімізді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудің бір көр¬сеткіші», — дейді саурандық жеке кәсіпкерлер.

Айтпақшы, Түркістан облысының аудан, қалалары мен елді мекендерін көгалдандыру, облыс аумағындағы құрылыс қалдықтарын тастайтын орындар және балық шаруашылығы, сондай-ақ «Ауыл аманаты»  жобасының 4-ші бағыты бойынша балық шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша облыс әкімінің тапсырмасымен жиын өтті.

Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары қатысты.

Отырыста балық шаруашылығына ерекше мән берілді. Алайда басқарма мен Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлерімен бағдарламаның IV бағыты бойынша жеңілдетілген несие рәсімдеудің механизмдері туралы барлық аудан, қала әкімдіктерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, оң шешімін таппай отырғандығы сөз етілді.

Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасының IV «Балық шаруашылығын дамыту» бағыты бойынша аудан, қала әкімдіктерімен кәсіпкерлерге құжат тапсырту, жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатқандығы айтылды.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары күздік ағаш егу маусымына босатылатын көшеттердің жоспарына сәйкес аудан, қалалар көшеттер көлемін мүмкіндігінше алып, егу жұмыстарын жүргізу керектігін атап өтті. Сондай-ақ балық шаруашылығын дамыту, құрылыс қалдықтарын тастайтын арнайы орындар ашу және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын инвесторларды айқындап,  жұмыстарды жандандыру бойынша нақты тапсырма берді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер