Сауран ауданында республика күні кең көлемде аталып өтілді. Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Бірақ 2009 жылы арнайы жарлықпен алынып тасталған болатын. Ал 2022 жылы маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Биыл 25 қазанда Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде екінші рет аталып өтілуде. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болды.
Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізілу міндеттелген. Осыған орай, Сауран ауданында айтулы мереке жоғары деңгейде тойланды. Қазақ аттың қомында жүріп ел қорғаған. Салтын түгендеген. Дәстүрін қалыптастырған. Мерекелік шараны он бес атқа мінген азамат рәміздер шеруімен бастады. Жастар көк туды көкке көтеріп сап түзеді. Ту төрге озды. Әнұранды аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары жанды дауыста хормен орындады. Ұрпақтар сабақтастығы мерекелік шарада осылай сипат алды. Жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Ербол Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
-Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді бүгінгі 25- қазан Республика күнімен құттықтаймын! Республика күні - бұл күнді сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсап, найзаның ұшымен, білектің күшімен тәуелсіздікке қол жеткізді. Он үш жылдан кейін қайта оралған мереке бүгінгі күн барша қазақ елі үшін қуанышты жайт. Сан ғасырлар бойы тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерген қазақ елінің бүгін де белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды. Ауданымыз дамудың даңғыл жолына түсті. Жаңа жолдар салынып, құрылыс нысандары бой көтеріп жатыр. Тұрғындар өзін жұмыспен қамтып, шағын және орта бизнес өркен жайып келеді. Мұның барлығы тәуелсіздіктің арқасы,-деді Ербол Ұласбекұлы.
Жиын барысында ауданға сүбелі еңбек етіп жүрген азаматтар аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды. Патриоттық әндер шырқалып, жас өрендер туған ел туралы өлеңдер оқыды. Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке ретінде тойлануы тиіс деген көптің тілегімен мерекелік шара қорытыланды.