Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек, — деп ерекше атап өтті.
Республикамыздағы тұңғыш рет басталған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде Сауран ауданындағы Түркістанға жапсарлас орналасқан төрт ауылдық округте ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін қалыптастырудың қанатқақты жобалары жүзеге асырылуда. Олар: Оранғай, Қарашық, Ескі Иқан және Майдантал ауылдық округтері. Енді Үшқайық ауыл округі "Ауыл аманаты" бағдарламасына қосылады. Бұл туралы аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округ тұрғындарымен болған кездесуде айтты. Қазіргі таңда Үшқайық ауыл округі бойынша ауыл шаруашылығы бөлімі тиісті жұмыстар атқарып жатыр. Ауданда "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында 175 жоба қабылданып, оның ішінде 691,7 миллион теңгені құрайтын 119 жобаның несиесі мақұлданды. Жоба бойынша 6 бағытта 2,5 пайызбен несие алып, кәсіп бастауға болады.
Үшқайықта тұрғындардың өтініш талаптары кезең-кезеңімен шешімін табуда.«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 119 862,4 мың теңгеге Теке елді мекеніндегі Ә. Молдагулова, Абай, Усенов, Бейбітшілік, Д.Қонаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, С.Қожанов елді мекеніндегі су тарату станциясына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалынды.
Жиын барысында тұрғындардың көтерген мәселесіне аудан әкімі ретімен жауап берді. -Мен сіздерге қолымнан келетін тірлікті ғана жасай аламын деп уәде беремін. Менің міндетім бөлінген қаржыны қарымды игеру, жұмысты ұйымдастыру. Біз заңнан айналып өтіп кете алмаймыз. Шешуге шамамыз келмей істерге біз уәде бере алмаймыз. Қазір аудандағы ағымдағы жөндеуді ұадет ететін коммуналдық саланың мәселесін І-тоқсанға дейін толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Ауданда тозығы жеткен нысандар көп. Қайта қалпына келтіруге көп күш кетеді. Сіздерге рақмет. Барлығын сабырмен күтіп отырсыздар. Маған ауданның тыныс-тіршілігі таңсық емес. Мәселені қысқа мерзімде шешу жолдарын қарастырып жатырмыз,- деді Мақсат Асылбекұлы жиын барысында.
Биыл қоғам қайраткері Н.Оңдасыновтың 120 жылдығы. Тарихи тұлғаның мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге аудан әкімі тиісті бөлімге пәрмен берді. Шешімін таппаған әлі де біршама жұмыстар бар. Оны да әкім жасырған жоқ. Халықтың сұрағанын дер кезінде шешуді бөлім басшыларына тапсырды. Есепті кездесуден кейін аудан әкімі тұрғынндарды жеке мәселесімен қабылдады. Шешімі бар мәселелерге қатысты жауабын сол жерде берсе, кейбірін жауапты бөлім басшыларына тапсырды.
Айта кетсек, Үшқайық ауылдық округі әкімі аппаратына 2023 жылы аудандық бюджеттен 80,0 миллион 469 мың теңге бөлінген екен. Ал 8 ай қорытындысы бойынша игерілгені 36,0 миллион 399 мың теңге болып, 100 пайызға орындалған.
Ауылдық округ әкімі аппаратында 14 штат бірлігімен 7 мемлекеттік қызметкер, 7 келісімшарттағы қызметкер жұмыс атқарады. Халық саны – 6445 адам.
Мемлекетік сатып алу бойынша ағымдағы жылы Теке және Нұртас ауылдарына трансформаторлар орнату бойынша сметалық құны 14 миллион 704 мың теңге баға сұранысы тәсілімен жарияланып, 9 миллион 844,8 мың теңгеге «Big Stroy Group» ЖШС жеңімпаз болып танылды. 4 дана трансформатор орнату бойынша жұмыстар толығымен атқарылған. 1 жылдық кепілдік мерзім ішінде қызмет көрсетілетін болады.
«Теке, Нұртас және Қожанов ауылындағы жарамсыз жарықтандыру шамдары, бағаналарды ауыстыру жұмыстары бойынша баға сұранысы негізінде жарияланып, жеңімпаз анықталған. Алдағы уақытта келісімшартқа сәйкес жұмыстар жүргізілетін болады.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Теке ауылына (тірек ауыл) 2023 жылға 4 көше енгізіліп, жеңімпаз Сауран аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан анықталып, жұмыстар қарқын алуда.
Биылғы жылда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға 35 жеке азаматтан өтініш түсіп, жер кезегіне алыныпты. Ауыл округіндегі ауыл тұрғындарының ортақ мал жайылымы үшін ағымдағы жылы жалпы 3000 гектарға жуық жерді қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар ауылдық округ бойынша заңсыз салынған тұрғын үйлерге мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 69 заңсыз салынған тұрғын үйлер анықталып, жергілікті қоғамдастық мүшелерімен бірге мәжіліс өткізіліп, аталмыш тұрғын үйлерді заңдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Нұртас елді мекені бойынша тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегіндегі азаматтарға жер учаскелері кезектілігін сақтай отырып, қазіргі таңда құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Теке елді мекені бойынша тұрғын үй үшін берілетін бос алаңшаларға инфрақұрылым жұмыстары үшін тиісті құжаттар дайындалу үстінде. С.Қожанов елді мекендерінің бас жоспарын жасау үшін Сауран аудандық «Сәулет және қала құрылысы» бөліміне ұсыныс жасалды. 2023 жылғы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне түгендеу жұмыстарының нәтижесінде пайдаланылмай жатқан жалпы алаңы 1170 гектар жер учаскесі анықталған екен (920 гектары — суармалы, 250 гектары — жайылым). Аталған жер пйдаланушылар жер телімдерін игермеген жағдайда сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылатын болады.
Ауылда әр апта сайын сенбілік ұйымдастырылып көше бойлары, арық-атыздар тазартылып, ретсіз күл-қоқыстар жойылады. Ауылдық округі бойынша 31 рет сенбілік ұйымдастырылыпты. Аллеяның қоқыстары алынып, ағаш, арша отырғызылған.
«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Теке елді мекенінің 5 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары (асфальт төсеу) жүргізілуде. Атап айтқанда: Бейбітшілік көшесінің — 1080 метріне, Қонаев көшесінің — 1380 метріне, Үсенов көшесінің — 1200 метріне, Абай көшесінің — 1200 метріне, Молдағұлова көшесінің 1080 метр жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер — «Нұр Строй» ЖШС.
Ауылдық округ бойынша 17 жеке кәсіпкер мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеліп, жұмыс атқаруда. Кәсіптерінің басты бағыты азық-түлік дүкендері, наубайхана, монша, құрылыс заттары дүкені және тағы басқа да кәсіптің түрлерімен айналысады.
Ауыл шаруашылығы саласы хақында сөз қозғағанда, ең бірінші Үшқайық ауылдық округі бойынша 2023 жылы егілген егістіктердің дақылдар бойынша көлемін атап өткен лазым. Бұлардың ішінде үй іргелік жерлерді қосқандағы мәліметті те қарастырған жөн. Үшқайық ауылдық округіне ағымдағы жылы 2260 гектар егістік жерді игеру тапсырмасы берілсе, бүгінгі күнге 2208 гектар егіс егіліп, орындалуы 100,3 пайызды құрап отыр.
Ауыз толтырып айтатын жетістік, «Асан» шаруа қожалығының төрағасы Асан Алханов 18 гектар күздік бидай егіп, гектарына 45-48 центнер өнім алып, 2023 жылы Сауран ауданы көлемінде ең жоғарғы көрсеткішке ие болды.
Айта кету керек, Сауран ауданы ауыл шаруашылығына басымдық беретін аудан саналады. Сауран ауданы бойынша 2022 жылы 42 137 гектар егістік жер игерілсе, ағымдағы жылға 42 200 гектар егістік жерді игеру тапсырмасы берілген екен. Бүгінгі күнге нақты 43 530,8 гектар жер игеріліп, өткен жылдың тиісті кезіңімен салыстырғанда 1 393,4 гектарға артығымен орындалды немесе 103,1 пайызды құрады.
Есепті кезеңде аудандағы мал саны 751,1 мың бас, құс саны 160,0 мың басты құрады немесе өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 103,4 пайызға артты.
Өткен жылы Сауран ауданына ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 6 млрд. 300 млн. теңге тапсырма берілсе, жыл қорытындысымен 7 миллиард 141 миллион теңге инвестиция тартылып, 113,4 пайызға орындалды. Ал, ағымдағы жылға 11 миллиард 332 миллион теңге тапсырма беріліп, 7 айдың қорытындысымен 3 миллиард 960 миллион теңгеге орындалды немесе өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артып отыр.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта ірі шаруалар бойынша жалпы құны 4 миллиард 468 миллион теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда:
— Үшқайық ауылдық округінде «Иманқұл ата» шаруа қожалығының балық шаруашылығын дамыту жобасы, жалпы инвестиция құны — 608,0 миллион теңге;
— Оранғай ауылдық округінде «Балмұздақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға қойма салу жобасы, жалпы инвестиция құны — 2,56 миллиард теңге;
— Ескі Иқан ауылдық округінде «AgroFoodTrade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақта майын өндіру цехы жобасы, жалпы инвестиция құны — 500,0 миллион теңге;
— Оранғай ауылдық округінде «БНК АГРО KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал азығын дайындайтын (комбикорм) цех құрылысының жобасы, жалпы инвестиция құны — 400,0 миллион теңге;
— Жібек жолы ауылдық округінде «Тәуекел Агро» шаруа қожалығының жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасы, жалпы инвестиция құны — 400,0 миллион теңге.
Сонымен қатар бүгінгі күнге «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 134 жоба қабылданып, оның ішінде Қарашық ауылдық округі бойынша құны 231,2 миллион теңгені құрайтын 41 жоба, Оранғай ауылдық округі бойынша құны 169,3 миллион теңгені құрайтын 32 жоба, Ескі Иқан ауылдық округі бойынша 94,9 миллион теңгені құрайтын 15 жоба, Майдантал ауылдық округі бойынша 51,0 миллион теңгені құрайтын 10 жоба несие комитеті тарапынан мақұлданған.
Қазіргі таңда мақұлданған, құны 261,0 миллион теңгені құрайтын 50 жоба «Ырыс МҚҰ» тарапынан қаржыландырылып, 38,5 миллион теңгені құрайтын 7 жобаның кепіл шартын тіркеу сатысындағы жұмыстары жүргізілуде.
Қаржыландырылған азаматтар бүгінгі таңда өзге облыстан сауынды сиыр және ірі қара мал сатып алу жұмыстарын жүргізуде.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда.
Жанар-жағармайды (дизель отынды) жеткізуші «Turkestan janarmai» ЖШС мен «Мұнай инвестмент груп» ЖШС-нің операторлары бүгінгі күнгі ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларына бөлінген жанар-жағармайды (дизель отын) шаруаларға өз уақытында жеткізіп берді.
Күзгі дала жиындарына «Госагро» порталы арқылы шаруа қожалықтары атынан өтінім берілді. Жалпы, 1485,19 гектар егістік жерге 144,425 тонна жанар-жағармайға тапсырыс жіберілді.
«Нұрбек» шаруа қожалығы «Т-922» тракторын сатып алып, 12,0 миллион теңге инвестиция тіркеп, қазіргі танда жұмыстарын жүргізуде.
«Иманқұл ата» шаруа қожалығының төрағасы Талғат Ибраев 2022-2023 жылдары балық шаруашылығын дамыту мақсатында құрылысын жүргізіп, қазіргі таңға үлкен және кіші көлдеріне 25 мың дана майшабақ салынды. Жалпы құрылыс жұмыстарына 600,0 миллион теңге инвестиция салынды, құжаттары 4 қыркүйектен кейін Сауран аудандық статистика басқармасына тіркелді.
2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Үшқайық ауылдық округі бойынша 51088 бас мал мен құс бар.
Мал шаруашылығы жөнінде сөз қозғаған тұста ветеринариялық іс-шаралардың 8 айда орындалу барысы туралы да айтпай өту мүмкін емес. 2023 жылға эпизоотиялық аурулардың алдын алу бойынша республикалық бюджеттен қаржы қаралып, қажетті вакциналармен қамтамасыз етіліп, жұмыстар басталды. Үшқайық ауылдық округі бойынша эпизоотияға қарсы ветеринариялық іс-шараларды Түркістан облысы ветеринария басқармасының ТО «Ветеринарлық қызмет» ШЖҚ МКК-ның «Сауран ауданы филиалы» Үшқайық ауылдық округі бойынша бекітілген ветеринарлық пункт меңгерушісі, ветеринар дәрігер және ветеринар фельшер атқарды.
Үшқайық ауыл округінің мал басы 01.07.2023 жылға: мүйізді ірі қара — 8214 бас, уақ мал — 40182 бас, жылқы – 2 191 бас, түйе — 689 бас, құс – 4 109, ит – 527, мысық – 340 бас.
Бұдан бөлек әлеуметтік сала бойынша істелінген жұмыстарды да тізбектей өтейік. Үшқайық ауылдық округі бойынша мүгедектігі бар адамдар саны 232-ге жетті, оның ішінде 1-топ — 6 адам, 2-топ — 91, 3-топ 57 адамды құрайды, 16 жасқа дейінгі — 41.
Үшқайық ауылдық округіне қарасты ауылдарда тұратын жалғызілікті қарттар мен мүмкіндігі шектеулі мүгедектігі бар балалар саны – 8 бала, жеке басты қарт — 1. Ал білім саласы бойынша көрсеткіштерге тоқталсақ, Үшқайық ауылдық округі бойынша 4 жалпы орта мектептегі 2022 – 2023 оқу жылындағы мектеп бітірушілер саны 92 оқушыны құрады. Бүгінгі таңда бітірушілер ҰБТ тапсырып, 61 түлек грант иегері атанды.
Жалпы құжат айналымына келсек, Үшқайық ауылдық округі әкімі аппаратына 2023 жылдың 8 айында жалпы 126 өтініш түсіп, өтініштер «Е өтініш» электронды жүйесіне тіркеліп, өтініштерге мерзімінде жауап берілген екен.
Үшқайық ауылдық округі әкімі М.Шалаев сөзінің қорытындысында Үшқайық ауылдық округі бойынша өзекті мәселелердің тізбесін де жариялады. Олар:
1) Ауылдық округ тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету;
2) Ауылдық округ тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету;
3) Оңтайландырылған сызба жасалынған жерден тұрғын үй үшін берілетін жерлерге инфрақұрылым жүргізу;
4) «Қарашық» су қоймасының меншік иесін анықтау (тапсырыс беруші: облыстық құрылыс басқармасы);
5) Үшқайық ауылдық округіне қарасты Теке және Қожанов елді мекендеріндегі ыстық су ұңғымасының мәселесін шешу.