Сауран ауданының әкімі М.Таңғатаров: Басты мақсат – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау

image.png

Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Облыс әкімі ауданымызға жасаған сапарында ауданды әрі қарай дамытуды тапсырды. Сондықтан, біздің ең басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету.

Ауданның 2023 жылдың 3 тоқсанның қорытындысымен негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуына тоқталып өтсем:

Ағымдағы жылғы 9 айдың қорытындысымен ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,2 млрд. теңгені (2022 ж. 9 ай – 69,9 млрд. теңге) құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,9 пайызға артып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 66,2 млрд. теңгеге жетті, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 101,4 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 7,5 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың есепті кезеңіне өсім 107,1 пайызды құрады. Аудан экономикасына 22,4 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өсім 168,6 пайызды құрады.

Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 155,1 пайызға артып, 24,3 мың шаршы метрге жетті.

Аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалып отыр.

Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6 мың 911-ге жетіп, аудан құрылғалы бері, соңғы 2,5 жылда олардың саны 4 мың 838-ге өсті .

Осы салада 8 мың адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5 пайызға артты. Тұрғындарының орташа жалақысы былтыр 419,8 мың теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15,1 пайызға артты.

Аудан бюджетінің өзіндік кірістері жыл сайын артып келеді. Салықтық түсімдердің өткен жылғы 9 айда нақты орындалуы 1 млрд. 239 млн. теңгені құраса, биыл 1 млрд. 990 млн. теңгеге жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2 млрд. 172,4 млн. теңгені құрап, ағымдағы жылға қойылған жоспар 100 пайызға орындалады деп күтілуде.

Ауыл шаруашылығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлді:

«Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет.

Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек», - деді Мемлекет басшысы.

Президентіміз ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда: ол өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары. Сондай-ақ, кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар.

Сауран ауданында бағдарлама Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 149 жоба қабылданып, 579 млн. теңгеге 98 жоба қаржыландырылды, 13 жоба кепіл шартын тіркеу сатысында тұр. Бағдарламаның аясында ауданда 7 кооператив құрылды.

Ағымдағы жылдың 9 айында Сауран ауданы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 6 млрд. 164 млн. теңге инвестиция тартылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артқан. Жыл соңына дейін 11 млрд. 332 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жалпы құны 4 млрд 260 млн теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда.

Кәсіпкерлік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді.

Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды.

Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі.

Енді экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталайын. Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда»,-деп ерекше тоқталған болатын.

Мемлекет басшысының Жолдаудағы берген нақты тапсырмаларына орай саурандық еңбеккерлер табыстың тай қазанын тасыта түсуде.

Соңғы 2 жылда аудан экономикасына 38,3 млрд. теңгеден астам инвестиция бағытталып, 2 есеге өсті. (2021 жылы 12,4 млрд теңге, 2022 жылы 25,9 млрд теңге). Биылғы 9 айда инвестиция көлемі 22,3 млрд. теңгені құрады (жылдық жоспар 30,4 млрд.тг.).

2023 жылға 14,4 млрд. теңгеге 59 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған (508 жұмыс орны). Жыл басынан 5,3 млрд. теңгеге 37 жоба іске қосылып, 149 жұмыс орны ашылды. Жылдың соңына дейін 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылады (359 жұмыс орны).

Транспорт

Қазіргі таңда облыстық бюджет есебінен «Түркістан - Ескі Иқан» бағыты бойынша жолаушылар тасымалы ұйымдастырылған. Сонымен қатар, ауданішілік 6 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын ашуға («SAR Avto» ЖШС) тиісті жұмыстар атқарылып, 3 бағыт бойынша көліктер жұмыс атқаруда.

Ауыз су

Сауран ауданы бойынша 36 елді мекеннің 32 елді мекені ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Ауыз сумен қамту көрсеткіші – 84,7 пайызды құрап отыр.

Газбен қамту

Аудандағы 36 елді мекеннің 11 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күнге нақты 7 елді мекенге табиғи газ қосылды (Нұртас, С.Қожанов, Жалаңтөс, А.Үсенов, Шаға, Қазақстан 30 жылдығы, Ескі Иқан). 4 елді мекенге ағымдағы жылы табиғи газ беру жоспарлануда (Ибата, Ойық, Бершінтөбе, Шоқтас).

Шорнақ, Қосмезгіл, Оранғай елді мекендері мен Жүйнек және Қарашық ауыл округтеріне ішкі газ құбырларының құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

Сонымен қатар, Жүйнек, Қарашық, Оранғай, Шорнақ ауыл оуругтеріне магистральді табиғи газ құбырының құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын жыл соңына дейін алу жоспарланып отыр.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер