Туризмнің дамуында көлік инфрақұрылымының маңызды рөл атқаратын белгілі. Өйткені, қала саяхатшылар үшін қаншалықты қызықты болғанына қарамастан, егер ол жерге жететін жайлы, жылдам әрі қауіпсіз көлік пен сапалы сервистік қызмет болмаса, ол жерге саяхатшылардың ағылып баруы екіталай. Осыны ескерген Төлеби ауданының әкімдігі, ең алдымен, ауданның инфрақұрылымын дамытуға күш салуда.
Қазіргі таңда, ауданды инфрақұрылыммен қамту бойынша 55 елді мекеннің 51-і табиғи газға қосылған. Бүгінде таулы аймаққа баратын жолдар жөнделіп, табиғатымен ерекше ауданға ішкі туризмді айтпағанда, алыс-жақын шетелдерден қонақтар ағылып келуде. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы облыстық маңызы бар жолдардың жөндеу жұмыстарын негізгі 3 бағытта іске асыруда. Мәселен, Төлеби ауданындағы жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайтын туристік бағыттағы 3 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, облыстық маңызы бар КХ-31 «Қасқасу қысқы демалыс аймағы» автомобиль жолының 10,2 шқ және КХ-170 «Біркөлік санаториясына кірме жол» автомобиль жолының 6,2 шақырымы жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді.
Бекітілген сметалық кұжаттамаға сәйкес, ескірген асфальт жабыны толығымен жаңартылып, аяқ жолдар салынды. Сондай-ақ, таулы аймақтарда көліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында темір дөңгелекқағарлар және елді мекендерге диодты жарықтандыру шамдары орнатылды.