Түркістан облысы халықаралық инвестициялық байланыстарды нығайту бағытындағы жұмысын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Осы мақсатта өңір әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен арнайы кездесу өткізіп, жаңа өндірістік жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Басқосуда Түркістан облысының өндірістік әлеуеті, жеңіл өнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктері және ұзақмерзімді әріптестік бағыттары кеңінен сөз болды.
Соңғы жылдары Түркістан облысы ел экономикасының маңызды драйверлерінің біріне айналып келеді. Өңірде индустриялық-инновациялық даму қарқыны артып, жаңа кәсіпорындар ашылып, инвестициялық ахуал айтарлықтай жақсарды. Сарапшылардың бағалауынша, Түркістан бүгінде шетелдік капитал үшін ең тартымды өңірлердің қатарында. Бұған қолайлы географиялық орналасу, көлік-логистикалық мүмкіндіктер, мемлекеттік қолдау тетіктері және арнайы экономикалық аймақтардың тиімді жұмысы себеп болып отыр.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірдің стратегиялық артықшылықтары халықаралық өндірістік кооперацияны дамытуға мол мүмкіндік береді.
– Түркістан – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы облыстың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара қарым-қатынас – достық және стратегиялық серіктестік қағидаттары негізінде дамып келеді және бұл бағытты екі елдің Президенттері айқындап берді. Түркістан –еліміздегі ауыл шаруашылығы дамыған өңір. Әсіресе, мақта – өңір экономикасының маңызды саласы. 2025 жылдың қорытындысымен жалпы құны 100,1 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске қосылды. Атап айтқанда, жіп иіру фабрикасы, 2 мақта өңдеу зауыты, ПВХ құбырларын өндіру, тамшылатып суару жүйелерін шығару зауыттары жұмысын бастады. 32 мың гектар алқапқа жаңа технологиямен мақта егілді. Бұл бастамалар өз жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына елеулі үлес қосты. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Осы мақсатта «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Сонымен қатар дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы инвесторларға қолдау көрсетіліп жатыр, – деді Нұралхан Көшеров.
Бүгінде облыста индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ондаған ірі жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе Сауран, Кентау және Түркістан қаласы маңындағы индустриялық аймақтарда құрылыс материалдарын шығару, жеңіл өнеркәсіп, химия өндірісі, машина жасау және агроөнімдерді терең өңдеу бағытындағы кәсіпорындар ашылуда.
Соңғы екі жылда ғана облыстың өнеркәсіп өндірісі тұрақты өсім көрсетіп, жаңа технологиялық өндірістер іске қосылды. Соның нәтижесінде мыңдаған жаңа жұмыс орны құрылып, экспортқа бағдарланған өнім көлемі артты. Түркістанның тоқыма кластерін дамытуға бағытталған жобалар өңір экономикасының әртараптануына жол ашуда.
Кездесуде шетелдік инвесторлар Түркістан облысында ауқымды тоқыма кешендерін дамытуға қызығушылық танытты. Олардың жоспарына мата өндіру мен бояу, әрлеу цехтарын іске қосу, дайын киім тігу өндірісін жолға қою, үйге арналған текстиль өнімдерін шығару, медициналық қорғаныс құралдарын өндіру және жаңа буындағы интеллектуалды экологиялық таза материалдарды әзірлеу кіреді.
Бұдан бөлек, өндірістік инфрақұрылымды толық қамтамасыз ету үшін энергиямен және жылумен жабдықтау жүйелерін қатар дамыту қарастырылған. Бұл жобалар іске асқан жағдайда өңірде 500-ден 700-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Мұндай бастамалар Түркістан облысының тек аграрлық өңір ретінде ғана емес, жоғары технологиялы өндірістік аймақ ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Облыста қазірдің өзінде жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің ішкі нарықтағы үлесі артып, сыртқы нарыққа шығару мүмкіндіктері кеңейіп келеді.
Инвесторлар Түркістандағы мемлекеттік қолдау тетіктеріне, инженерлік инфрақұрылымның әзірлігіне және әкімдік тарапынан көрсетілетін сүйемелдеуге жоғары баға берді. Олардың пікірінше, өңірде өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға барлық мүмкіндік қарастырылған.
Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған жобаларды егжей-тегжейлі зерделеп, техникалық-экономикалық негіздемелерін нақтылау және инвестициялық келісімдерге көшу жөнінде уағдаласты.
Жалпы, Түркістан облысының инвестициялық саясаты өңір экономикасын жаңғыртуға, жаңа технологияларды енгізуге және халықаралық өндірістік әріптестікті кеңейтуге бағытталған. Бүгінде облысқа тартылып жатқан шетелдік капитал жаңа кәсіпорындардың ашылуына ғана емес, заманауи басқару мәдениеті мен инновациялық өндірістік тәжірибенің орнығуына ықпал етіп отыр.
Бұл үрдіс алдағы жылдары Түркістанды Орталық Азиядағы жетекші индустриялық-инновациялық орталықтардың біріне айналдыруға берік негіз қалайды.
