Түркістан: Отандық өнім өндірушілерді қолдау жалғасуда

5.jpg 

Түркістан облысы бүгінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызы бар өңірлердің біріне айналып отыр. Әсіресе жабық топырақтағы ауыл шаруашылығы өндірісі бойынша өңірдің әлеуеті айрықша. Республикадағы жылыжай кешендерінің басым бөлігі дәл осы аймақта шоғырланған. Қазіргі таңда Қазақстандағы барлық жылыжайлардың шамамен 72 пайызы Түркістан облысының үлесіне тиесілі. Бұл көрсеткіш өңірдің агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы көшбасшылық орнын айқын көрсетеді.

Бүгінде облыс аумағында жалпы көлемі 1000 гектардан асатын 3 мыңнан астам жылыжай жұмыс істейді. Оның ішінде өнеркәсіптік форматтағы заманауи кешендер мен шағын және орта фермерлік шаруашылықтар бар. Соңғы жылдары жаңа технологиялардың енгізілуі, автоматтандырылған климаттық бақылау жүйелерінің орнатылуы, су үнемдеу тәсілдерінің қолданылуы және мемлекеттік қолдау шаралары бұл саланың өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Өткен жылы Түркістан облысында 113 мың тоннадан астам көкөніс өнімі өндіріліп, республикадағы маусымаралық кезеңдегі ішкі сұраныстың 45 пайызы қамтамасыз етілді. Бұл – қыс пен көктем мезгілдерінде ел нарығын сапалы отандық өніммен қамтуда Түркістан шаруаларының айрықша рөл атқаратынын көрсетеді.

Маусымаралық кезеңде республикадағы баға тұрақтылығын ұстап тұруда облыс жылыжайлары негізгі реттеуші факторға айналып отыр. Сәуір-мамыр айларында дәл осы өңірден жөнелтілетін қызанақ, қияр және өзге де көкөніс өнімдері ішкі нарықтағы тапшылықтың алдын алып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының күрт қымбаттауына жол бермейді.

Мемлекет тарапынан бұл саланы қолдауға ерекше назар аударылып келеді. 2023 жылдан бастап жылыжайларда пайдаланылатын электр энергиясы, табиғи газ және көмір шығындарының бір бөлігі субсидиялана бастады. Бұл қолдау өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайлардың өндірістік шығындарын төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштардың құнын арзандату, тұқым шаруашылығын дамыту, инвестициялық шығындарды өтеу және жеңілдетілген қаржыландыру құралдары арқылы салаға тұрақты серпін берілуде.

Соған қарамастан, қазіргі жағдайда өңірдегі жылыжай шаруашылықтары сыртқы бәсекелестік қысымын сезініп отыр. Көршілес Өзбекстан, Түрікменстан және Иран мемлекеттерінде өндірістік шығындардың төмендігі, энергия ресурстарының арзандығы және мемлекеттік қолдаудың кең ауқымы бұл елдердің өнімдерін қазақстандық нарықта арзанырақ ұсынуына жағдай жасап отыр.

Салдарынан Түркістандағы кейбір шаруашылықтар қызанақ өнімдерін өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүр. Бұл кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығына әсер етіп, өндіріс көлемінің қысқаруына, инвестициялық белсенділіктің бәсеңдеуіне және жұмыс орындарының азаюына қауіп төндіреді.

Соған қарамастан өңірдегі кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікті бірінші орынға қойып отыр. Қазақстанның фермерлік жылыжайлар қауымдастығы мен Түркістан облысындағы бірқатар шаруа қожалықтары арнайы меморандумға қол қойып, маусымаралық кезеңде ішкі нарықты тұрақты өніммен қамтамасыз ету міндеттемесін қабылдады. Бұл құжат аясында олар көкөніс бағасын қолжетімді деңгейде ұстап тұруға, өнім жеткізу көлемін төмендетпеуге және халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салмақ.

Өңірде бұл бағыттағы жұмыс жаңа өнеркәсіптік саясатпен ұштасып отыр. Түркістан облысында Мемлекет басшысының өңдеуші секторды дамыту, елдің берік өнеркәсіптік қалқанын қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары кезең-кезеңімен орындалуда.

Соңғы жылдары облыста агроөнеркәсіп өнімдерін терең өңдеуге бағытталған жаңа өндірістер ашылды. Мақта өңдеу зауыттары, жіп иіру фабрикалары, тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорындар, ПВХ құбырларын өндіру кешендері іске қосылып, өңдеу өнеркәсібінің жаңа белесі қалыптасуда.

Бұл кәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімдерін бастапқы шикізат күйінде сатудан гөрі, қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, облыста өндірілген мақтадан жіп, мата және дайын текстиль өнімдерін шығару жолға қойылуда. Бұл Түркістанның жеңіл өнеркәсіптегі әлеуетін күшейтіп, экспорттық бағыттағы өндірісті дамытуға негіз болды.

Сауран индустриялық аймағы, «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және шағын өндірістік парктерде ондаған жаңа жоба жүзеге асуда. Бұл нысандардың инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылуы инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастырып отыр.

Облыстағы индустриялық-инновациялық серпін жылыжай секторына да оң ықпал етуде. Қазіргі таңда заманауи жылыжай кешендерінде автоматтандырылған басқару жүйелері, интеллектуалды климаттық бақылау, энергия тиімді жабдықтар және цифрлық агротехнологиялар кеңінен енгізіліп жатыр.

Мұның бәрі Түркістанды аграрлық аймақ қана емес, агротехнологиялық және өңдеуші өнеркәсіп орталығы ретінде қалыптастыруда.

Осыған байланысты өңір билігі Үкіметке маусымдық қорғаныс шараларын енгізу жөнінде ұсыныстар жолдады. Оның ішінде сәуір-маусым аралығында үшінші елдерден импортталатын көкөніс өнімдеріне кедендік баж салығын ұлғайту және импорт көлеміне уақытша квота белгілеу мәселесі қарастырылуда.

Бұл қадамдар отандық өндірушілерді қорғап қана қоймай, ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға, өндірістік қуатты жоғалтпауға және жаңа инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пікірінше, Түркістан облысындағы жылыжай шаруашылығын сақтау мен дамыту – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі кепілі. Ал оны жаңа өнеркәсіптік саясатпен байланыстыра дамыту Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігін нығайтып, берік өнеркәсіптік қалқанын қалыптастырудағы маңызды қадам болмақ.

Бүгінде Түркістан осы міндетті жүзеге асыруда нақты нәтижелер көрсетіп келеді. Өңірдің өндірістік әлеуеті артып, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінің өзара ықпалдастығы күшейген сайын еліміздің экономикалық қауіпсіздігі де нығая түседі.

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан: Отандық өнім өндірушілерді қолдау жалғасуда
  • Түркістан облысында 100,1 млрд теңгелік инвестициялық жобалар іске қосылды
  • Түркістан-- инвестициялық тартымдылығы жоғары өңір
  • Түркістанда климаттық технологияның жаңа кезеңі басталды
  • Түркістан – түркі дүниесінің жаңа даму нүктесі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер