Түркістан экономикада көш бастап тұр

1.jpg

Түркістан облысында биылғы жылдың алғашқы төрт айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өңір экономикасының тұрақты өсімге шыққанын көрсетті. Қаңтар-сәуір айларының қорытындысына сәйкес қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткіші 125,2 пайызға жетіп, өңір республика көлемінде көш бастап отыр. Бұл нәтиже өндіріс көлемінің ұлғаюы, инвестициялық белсенділіктің артуы, өңдеу өнеркәсібіндегі серпін және құрылыс саласындағы қарқынды жұмыстармен тікелей байланысты.

Өңірдегі экономикалық ахуал облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты сараланды. Басқосуда әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы индикаторлардың орындалуы, бюджет қаржысының игерілу деңгейі, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы және өңірлердегі нақты көрсеткіштер талқыланды. Жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдіктеріне алдағы кезеңде экономикалық өсімді бәсеңдетпеу міндеті жүктелді.

Жиында Қанат Қайыпбек мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалардың тиімді орындалуы өңір экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін атап өтті.

«Тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыру, құрылыста әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салу шаралары оң үлесін қосады. Сол себептен, өңірлер кесіндісіне декомпозицияланған жоспардың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында жоспарланған межеге қол жеткізу үшін тиісті жұмыстар атқаруды тапсырамын. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржылардың мерзімінде және сапалы игерілуін қамтамасыз етіңіздер», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Түркістан облысында соңғы жылдары өндіріс секторын күшейтуге ерекше басымдық беріліп келеді. Мемлекет басшысы айқындаған Жаңа өнеркәсіптік саясат аясында өңірде индустриялық-инновациялық даму бағыты жүйелі түрде жүзеге асуда. Әсіресе импортқа тәуелділікті азайтып, оқшаулау үлесі жоғары өндірістерді дамыту мәселесі негізгі басымдықтардың біріне айналды. Бұл бағытта машина жасау, құрылыс материалдарын шығару, тамақ өнеркәсібі, тоқыма өндірісі және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу салалары бойынша жаңа жобалар қолға алынуда.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппардың мәліметінше, есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 571,7 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33 пайыздық өсімді көрсетеді. Әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі серпін жоғары. Салада 272,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты өсім көлемі 156,5 пайызға жеткен. Бұл – өңір экономикасының шикізаттық бағыттан біртіндеп өңдеуші секторға қарай бет бұра бастағанының айқын көрінісі.

Тау-кен өндірісі саласында да тұрақты өсім сақталған. Биылғы төрт айда саладағы өнім көлемі 244,7 миллиард теңгеге жетіп, өсім 117,6 пайызды құрады. Өнеркәсіп саласындағы бұл қарқын ел экономикасының өндірістік әлеуетін арттыруға және Қазақстанның берік өнеркәсіптік қалқанын қалыптастыруға өз үлесін қосып отыр.

Түркістан облысында индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін тиімді пайдалану мәселесіне де басымдық берілуде. Жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы халықты тұрақты жұмыспен қамту, экспорт көлемін арттыру және ішкі нарықты отандық өніммен қамту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Өңірде іске асырылып жатқан кәсіпорындардың басым бөлігі заманауи технологиялармен жабдықталып, өндірістік процестерді цифрландыруға ден қойып отыр.

Ауыл шаруашылығы саласы да өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып қала береді. Қаңтар-сәуір айлары аралығында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 205,9 миллиард теңгеге жетіп, нақты өсім көрсеткіші 111,3 пайызды құрады. Түркістан облысы еліміздегі жылыжай шаруашылығы, мақта өндірісі, бақша өнімдері мен ерте пісетін көкөніс өсіру бағытында көшбасшы өңір саналады. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенінде өнімді қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Өңір экономикасының дамуына инвестиция тарту жұмыстары да оң нәтиже беруде. Жыл басынан бері негізгі капиталға 470,2 миллиард теңге инвестиция бағытталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 57,4 пайызға жоғары көрсеткіш. Инвестициялық белсенділіктің артуы жаңа өндіріс орындарының ашылуына, инфрақұрылымның жақсаруына және құрылыс қарқынының күшеюіне мүмкіндік беріп отыр.

Құрылыс саласында да өсім байқалады. Төрт айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 95,8 миллиард теңгеге жетіп, өсім деңгейі 110,3 пайызды құраған. Облыста тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар салу, мектептер мен денсаулық сақтау мекемелерін жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Мемлекеттік тұрғын үй саясаты аясында халықты баспанамен қамту көрсеткішін арттыруға басымдық беріліп отыр. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобалар жүйелі түрде іске асырылуда.

Көлік-логистика саласын дамыту да өңір экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналған. Түркістан облысының географиялық орналасуы халықаралық көлік дәліздерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Осыған байланысты жол сапасын жақсарту, транзиттік әлеуетті арттыру, логистикалық хабтар құру және жүк тасымалы инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, кәсіпкерліктің дамуына оң әсер етуде.

Инженерлік инфрақұрылым бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс басшылығының тұрақты бақылауында тұр. Елді мекендерді орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу, тозығы жеткен су құбырларын жаңарту және жаңа инфрақұрылым тарту жобалары іске асырылып келеді. Нәтижесінде таза ауыз сумен қамтылған ауылдар саны артып, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсаруда.

Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гульфари Әжіметованың айтуынша, биылғы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша өңірде бюджет кірістерінің жоспары 105 пайызға орындалған. Нәтижесінде бюджетке жоспардан тыс 22,7 миллиард теңге қосымша түсім түскен. Бұл негізінен өзіндік кірістер көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етілген. Сарапшылар мұны өңірдегі экономикалық белсенділіктің күшеюімен және кәсіпкерлік субъектілерінің көбеюімен байланыстырады.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында биылғы жылдың алғашқы төрт айындағы экономикалық көрсеткіштер өңірдің даму қарқыны жоғары екенін айқын көрсетіп отыр. Өнеркәсіп өндірісінің ұлғаюы, инвестиция көлемінің артуы, құрылыс пен ауыл шаруашылығындағы оң динамика, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы өңір экономикасының жаңа сапалық кезеңге өткенін аңғартады. Негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері облыс басшылығының тұрақты бақылауында және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістанның өндірістік әлеуеті елордада таныстырылды
  • Ордабасы: Мал сүйегін өңдейтін зауыт салынып жатыр
  • Түркістан экономикада көш бастап тұр
  • Нұралхан Көшеров: Инвестиция тарту жұмыстарына басымдық беру керек
  • Түркістан: Отандық өнім өндірушілерді қолдау жалғасуда
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер