Түркістан делегациясы Қытайда келіссөздер жүргізді

004.jpg 

Түркістан облысы халықаралық экономикалық байланыстарды кеңейту, шетелдік инвестицияларды тарту және жаңа өндірістерді іске қосу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Өңір экономикасының тұрақты өсуі, қолайлы географиялық орналасуы, көлік-логистикалық мүмкіндіктері және мемлекеттік қолдау шаралары Түркістанды шетелдік инвесторлар үшін тартымды аймақтардың біріне айналдырып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және кәсіпкерлер делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды.

Сапардың басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру, өңіраралық байланыстарды дамыту және нақты инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастыру. Сонымен қатар делегацияның жұмыс бағдарламасында агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту, жаңа технологияларды тарту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, логистика және туризм салаларындағы өзара ықпалдастықты күшейту мәселелері қамтылды.

Қазіргі таңда Қытай Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі саналады. Соңғы жылдары екі мемлекет арасындағы байланыс тек дипломатиялық деңгейде ғана емес, инвестиция, өндіріс, инфрақұрылым, көлік және аграрлық секторлар бойынша да айтарлықтай нығайды. Сондықтан Түркістан облысының бұл бағыттағы белсенділігі өңірдің халықаралық экономикалық кеңістікке интеграциялануына мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары Қытайдың оңтүстік-батысында орналасқан Юньнань провинциясының әкімшілік орталығы – Куньмин қаласында басталды. Бұл қала Қытайдағы ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі саналады. Әлемдік деңгейде Куньмин «Гүлдер астанасы» және «Мәңгілік көктем қаласы» деген атаулармен танылған. Қала гүл шаруашылығы, жылыжай технологиялары, аграрлық ғылым, азық-түлік өндірісі және халықаралық сауда бағыттары бойынша Азиядағы жетекші орталықтардың қатарына кіреді.

Сарапшылардың пікірінше, Түркістан облысы мен Юньнань провинциясының арасында көптеген ортақ бағыттар бар. Екі өңір де ауыл шаруашылығын дамытуды басымдық ретінде қарастырады. Сонымен қатар климаттық ерекшеліктер мен экспортқа бағытталған өндірістердің болуы өзара тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндік береді.

Түркістан облысының ресми делегациясы Куньмин қаласына Қазақстан өңірлері арасында алғашқылардың бірі болып арнайы жұмыс сапарымен барды. Бұл өңірдің халықаралық байланыстарын кеңейтудегі маңызды кезеңдердің бірі ретінде бағалануда.

Сапар аясында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Коммунистік партиясы комитетінің хатшысы әрі Қытайдағы ең ірі мемлекеттік құрылыс корпорацияларының бірі саналатын Yunnan Construction & Investment Holding Group компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Цзуцзюньмен кездесті.

Кездесу барысында Түркістан облысының экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Қытайлық тарапқа өңірде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, инвесторларға ұсынылатын жеңілдіктер, арнайы экономикалық аймақтардың артықшылықтары және индустриялық инфрақұрылым туралы жан-жақты ақпарат берілді.

 Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңыздылығына тоқталды.

– Қытай Халық Республикасының ежелден қалыптасқан қонақжайлық дәстүріне сай, біздің делегацияны жоғары деңгейде қабылдағандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы өзара сенім мен тығыз ынтымақтастық екі ел арасындағы өңіраралық және экономикалық байланыстардың дамуына берік негіз болып отыр. Екі ел арасындағы қатынас өзара сенімге, теңдікке және ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікке негізделген. Бұл байланыс тек экономикамен шектелмей, өңірлік тұрақтылықтың маңызды тірегіне айналып отыр. Мемлекет басшылары арасындағы тұрақты диалог өңірлік тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Бұл әріптестік «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында да жаңа серпін алды. Түркістан облысы – бизнес жүргізуге барынша қолайлы аймақ. Өңірде іске асырылатын инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сіздерді өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту және экономикалық байланыстарды дамыту бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын, – деді облыс әкімі.

Келіссөздер барысында Түркістан облығында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудың нақты бағыттары талқыланды. Әсіресе көлік инфрақұрылымын дамыту, заманауи логистикалық орталықтар салу, өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыру және жаңа өндірістер ашу мәселелері кеңінен сөз болды.

Қытайлық компания өкілдері Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндіктеріне қызығушылық танытып, ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға дайын екендерін жеткізді. Бұл келіссөздер алдағы уақытта нақты жобалардың жүзеге асуына негіз болуы мүмкін.

Yunnan Construction & Investment Holding Group бүгінде Қытайдың ең ірі мемлекеттік инфрақұрылымдық холдингтерінің бірі болып саналады. Компания автомобиль жолдарын, теміржолдарды, өнеркәсіптік нысандарды, тұрғын үй кешендерін, логистикалық орталықтарды және энергетикалық инфрақұрылымдарды салумен айналысады. Сонымен қатар халықаралық нарықтарда белсенді жұмыс істеп, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы көптеген жобаларға қатысып келеді.

Компанияның Қазақстан нарығымен де тәжірибесі бар. Оның ішінде елордадағы жеңіл рельсті көлік жүйесі жобасына қатысуы халықаралық деңгейдегі ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудағы мүмкіндігін көрсетеді.

Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығы соңғы жылдары айтарлықтай артты. Өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі тұрақты өсіп келеді. Жаңа өндірістік кәсіпорындар ашылып, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны жыл сайын көбейіп отыр. Бүгінде облыста 218 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш Түркістанның кәсіпкерлік белсенділігі жоғары өңірлердің бірі екенін аңғартады.

Сонымен қатар облыс аумағында шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған үш жүзден астам кәсіпорын қызмет көрсетуде. Бұл өңір экономикасына деген халықаралық инвесторлардың қызығушылығының артып келе жатқанын білдіреді.

Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін арттыратын негізгі факторлардың бірі – оның географиялық орналасуы. Өңір арқылы халықаралық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі өтеді. Бұл бағыт Қытайдан Еуропаға және кері бағытта тасымалданатын жүктердің негізгі бөлігін қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ Түркістан халықаралық әуежайының іске қосылуы өңірдің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтті. Қазіргі таңда әуежай жылына миллиондаған жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Бұл өз кезегінде туризмнің дамуына және халықаралық іскерлік байланыстардың нығаюына ықпал етеді.

Өңірде өндірістік инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде облыс аумағында жиырмадан астам индустриялық аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар шағын өнеркәсіптік парктер құру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Мұндай алаңдар инвесторларға дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген өндірістік орындарды пайдалануға мүмкіндік береді.

Арнайы экономикалық аймақтардың дамуы да шетелдік инвесторларды тартуда маңызды рөл атқаруда. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының аумағында өнеркәсіп, туризм, құрылыс материалдары өндірісі, логистика және басқа да ондаған бағыт бойынша жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасалған. Резиденттер үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған.

 Түркістан облысында тек өнеркәсіп пен инвестиция көлемі ғана емес, әлеуметтік көрсеткіштер де айтарлықтай жақсарды. Жаңа мектептер, медициналық мекемелер, спорт кешендері мен мәдени нысандар салынуда. Халықты жұмыспен қамту көрсеткіштері жақсарып, жаңа жұмыс орындары құрылып келеді.

Облыс орталығы Түркістан қаласы бүгінде еліміздегі ең қарқынды дамып жатқан қалалардың біріне айналды. Мұнда халықаралық деңгейдегі туристік және мәдени нысандар бой көтеріп, жаңа тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Бұл жағдай өңірдің инвестициялық беделін одан әрі күшейтуде.

Куньмин қаласында өткен кездесулер барысында ауыл шаруашылығы, гүл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, жылыжай кешендері, логистика және экспорт бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері де талқыланды. Әсіресе Қытайдың озық агротехнологияларын Түркістан облысына енгізу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

Мамандардың пікірінше, Қытайдың тәжірибесі мен технологияларын пайдалану арқылы Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттырып қана қоймай, экспортқа бағытталған жаңа өндірістерді дамытуға мүмкіндік алады.

Келіссөздер қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты кеңейтуге және нақты инвестициялық бастамаларды бірлесіп пысықтауға мүдделі екендерін растады. Бұл сапар Түркістан облысының халықаралық экономикалық байланыстарын кеңейтуге, жаңа инвестициялар тартуға және өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалануда.

Жалпы алғанда, Түркістан облысының Қытайға жасаған бұл жұмыс сапары өңірдің инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде таныстыруға, жаңа өндірістік жобаларды тартуға және экономикалық әріптестікті тереңдетуге бағытталған нақты нәтижелі жұмыстардың жалғасы болды. Алдағы уақытта мұндай байланыстардың өңір экономикасының өсіміне, өнеркәсіптің дамуына, экспорт көлемінің ұлғаюына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына оң әсерін тигізуі күтіледі.

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан делегациясы Қытайда келіссөздер жүргізді
  • Түркістан: Әр инвестициялық жоба уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуы тиіс.
  • Түркістан: Ауыл шаруашылығына 56,4 миллиард теңге инвестиция тартылды
  • Түркістан инвестициялық белсенділігі жоғары өңір
  • Француздар Арыста сервистік депо салуда
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер