Түркістан облысы соңғы сегіз жылда ауыл шаруашылығы саласын өңір экономикасының негізгі тіректерінің біріне айналдыра алды. Бүгінде облыс еліміздің аграрлық орталығы саналады. Өндірілетін өнім көлемі, егіс алқаптарының ауқымы, жылыжай шаруашылығының дамуы және мал басының саны бойынша өңір республикадағы жетекші орындардың бірін ғана емес, көшбасшы аймақ мәртебесін иеленіп отыр.
Соңғы сегіз жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2,2 есеге ұлғайып, 1,2 триллион теңгеге жетті. Егер 2018 жылы бұл көрсеткіш 551,1 миллиард теңге болса, бүгінде агроөнеркәсіп кешені өңір экономикасының ең ірі секторларының біріне айналып отыр. Жалпы өндірілген ауыл шаруашылығы өнімі көлемі бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында тұр.
Өңірдің аграрлық әлеуетін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы саласына ауқымды инвестициялар тартылды. Соңғы жылдары агроөнеркәсіп кешеніне бағытталған инвестиция көлемі 1 триллион теңгеге жуықтады. Бұл қаржы жаңа өндірістер салуға, суару жүйелерін жаңғыртуға, заманауи техника сатып алуға және қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуға жұмсалды.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты өсуіне егіс көлемінің ұлғаюы да оң әсерін тигізіп келеді. Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 106 мың гектарға артып, 919,4 мың гектарға жетті. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2018 жылы егістік көлемі 813,5 мың гектар болған. Бұл ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мен суармалы алқаптарды кеңейту бағытындағы жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
Соңғы жылдары климаттың өзгеруі мен су тапшылығы мәселесі ауыл шаруашылығы саласына жаңа талаптар қойып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасы Түркістан облысында жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Биыл мұндай технологияларды 27 мың гектар жерге енгізу жоспарланған болатын. Алайда өңірде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш 50 мың гектарға дейін жеткізіліп, жоспар екі есеге жуық артығымен орындалмақ. Нәтижесінде су үнемдеу технологиялары енгізілген жалпы алқап көлемі 164 мың гектарға жетіп, жыл сайын 280 миллион текше метр ағын суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері кеңінен енгізілуде. Бұл тәсілдер өнімділікті арттырып қана қоймай, су шығынын азайтуға, жердің құнарлылығын сақтауға және шаруалардың табысын көбейтуге ықпал етуде.
Өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту енді тек шикізат өндірумен шектелмейді. Басты мақсат – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары тауарлар шығару. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – мақта-тоқыма кластерін қалыптастыру.
Бүгінде мақта өнімін шикізат күйінде экспорттауға тәуелділікті азайтып, дайын өнім өндіру тізбегін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 201 миллиард теңгені құрайтын бес инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде жыл сайын 229,5 мың тонна дайын өнім өндіріліп, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Осы бағытта «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС жүзеге асырып жатқан ірі инвестициялық жобаның маңызы зор. Жоба аясында 11 зауыт іске қосылуы тиіс болса, бүгінгі таңда олардың бесеуі пайдалануға берілген. Атап айтқанда, екі мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспаларын өндіретін кәсіпорын, ПВХ құбырларын шығаратын зауыт және жіп иіру фабрикасы жұмысын бастады. Жоба шеңберінде жаңа су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы 52 мың гектар жерге мақта егілді. Қазіргі таңда бұл бастама аясында 1200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Мақта кластерін одан әрі дамыту мақсатында 2026-2028 жылдары тағы төрт ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың қатарында заманауи тоқыма фабрикасы, жіп өндіру кәсіпорындары және шитті мақтаны терең өңдейтін зауыттар бар. Бұл жобалар іске асқан жағдайда Түркістан облысы Орталық Азиядағы ірі тоқыма өндірісі орталықтарының біріне айналуы мүмкін.
Ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында жүгері кластерін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Шардара ауданында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін зауыттың құрылысы аяқталды. Кәсіпорын крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, жүгері майы және түйіршіктелген құрама жем секілді жиырмадан астам өнім түрін өндіреді. Зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар Азия және Еуропа елдеріне экспортталмақ. Бұл өз кезегінде өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге жол ашады.
Түркістан облысы жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша да республикадағы абсолютті көшбасшы саналады. Бүгінде өңірдегі жылыжайлардың жалпы көлемі 1006,7 гектарды құрайды. Бұл республикадағы барлық жылыжайлардың 72 пайызы деген сөз. Өткен жылы жылыжайлардан 113 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналып, маусымаралық кезеңде ел қажеттілігінің 45 пайызын қамтамасыз етті.
Биылғы жылдың алғашқы төрт айының өзінде жылыжайлардан 38,2 мың тонна өнім алынды. Бұл көрсеткіш саладағы тұрақты өсімді көрсетеді. Өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту мақсатында жалпы құны 534,2 миллиард теңгені құрайтын үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар нәтижесінде 1225 жаңа жұмыс орны құрылып, жылыжай өнімдерінің көлемі қосымша 102 мың тоннаға ұлғаяды деп күтілуде.
Мамандардың пікірінше, бұл жобалар толық іске қосылған жағдайда маусымаралық кезеңде Қазақстан халқын отандық көкөніспен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сонымен бірге импортқа тәуелділік төмендеп, ішкі нарықтағы баға тұрақтылығына оң ықпал етеді.
Соңғы жылдары облыс шаруалары жоғары табыс әкелетін субтропикалық дақылдарды өсіруді де меңгере бастады. Жылыжайларда банан, лимон, құлпынай және басқа да экзотикалық өнімдер өндірілуде. Тек 2025 жылдың өзінде жылыжай шаруашылықтары 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай өндірді. Бұл өңір аграршыларының жаңа технологияларды игеріп, дәстүрлі емес өнім түрлерін өндіруге бет бұрғанын көрсетеді.
Мал шаруашылығы саласы бойынша да Түркістан облысы еліміздегі жетекші өңірлердің қатарында. Бүгінде республикадағы ұсақ малдың 20 пайызы, ірі қараның 13 пайызы, түйенің 14 пайызы, жылқының 10 пайызы және құс санының 5 пайызы осы облыстың үлесінде. Бұл көрсеткіштер өңірдің мал шаруашылығындағы стратегиялық рөлін айқындайды.
Сонымен бірге Түркістан облысы ет экспортында да көш бастап келеді. Қазақстаннан экспортталатын ірі қара мал етінің 80 пайызы және қой етінің 75 пайызы осы өңірдің үлесіне тиесілі. Биылғы жылдың алғашқы бес айында ғана 4,2 мың тонна сиыр еті мен 9,4 мың тонна қой еті шетел нарығына жөнелтілді.
Ет өндірісін ұлғайту және қайта өңдеу көлемін арттыру мақсатында облыста сегіз инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалардың нәтижесінде жылына 18 мың тонна ет және 90 мың тонна өңделген ет өнімдері өндірілмек. Мұндай кәсіпорындар ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттырады.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағытындағы маңызды бастамалардың бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарлама аясында 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен 30,2 миллиард теңге бөлінді. Биыл жеті бағыт бойынша 1115 жобаны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 15,3 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие беру жоспарланған.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау, шағын шаруашылықтарды дамыту, кооперацияны күшейту және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құру. Нәтижесінде мыңдаған ауыл тұрғыны өз кәсібін бастап, табысын арттыруға мүмкіндік алуда.
Жалпы алғанда, соңғы сегіз жылда Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені жаңа даму кезеңіне өтті. Өңір тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші ғана емес, оларды өңдейтін, экспорттайтын және жоғары қосылған құн қалыптастыратын аграрлық-индустриялық орталыққа айналып келеді. Алдағы жылдары жүзеге асырылатын жаңа инвестициялық жобалар бұл бағыттағы жетістіктерді одан әрі нығайтып, облыстың еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін күшейте түседі.
