
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, инвестиция тарту, өндірісті өркендету және тұрақты жұмыс орындарын құру мәселесін мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде белгілеп келеді. Президент жүктеген міндеттерді орындау мақсатында Түркістан облысында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын жеделдетуге, олардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуына ерекше назар аударылып отыр. Осы мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте жан-жақты сараланды.
Жиын барысында өңірде іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың қазіргі жай-күйі, олардың орындалу барысы, кездесіп отырған түйткілдер және оларды шешу жолдары қаралды. Сонымен қатар «TURAN» арнайы экономикалық аймағының қызметі, индустриялық аймақтардың тиімділігі және жаңа инвестициялық алаңдарды дамыту мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі инвестицияның өңір экономикасын дамытудағы шешуші рөліне тоқталып, әрбір жобаның нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс екенін айтты.
– Президент инвестиция тарту мен өндірісті дамытуға ерекше мән беріп отыр. Әрбір жоба – жаңа жұмыс орны, жаңа өндіріс, халықтың әл-ауқатын арттыруға қосылған үлес. Сондықтан бірде-бір жоба қағаз жүзінде қалып қоймауы тиіс. Құрылысы тоқтап тұрған немесе мерзімінен кешігіп жатқан жобалар бойынша нақты шешім қабылдау қажет. Егер инвестор өзіне алған міндеттемесін орындай алмаса, заң талаптарына сәйкес жер телімін мемлекетке қайтарып, оны жұмыс істеуге дайын басқа инвесторларға беру керек. Құрылыс созылмауы тиіс. Әр жоба маңызды, бірақ оның толық әрі уақытылы жүзеге асырылуы одан да маңызды, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы «TURAN» арнайы экономикалық аймағының бүгінгі қызметі мен даму перспективалары жөнінде есеп берді. Жалпы аумағы 3603,3 гектарды құрайтын арнайы экономикалық аймақ әкімшілік-іскерлік, тарихи-мәдени, туристік және өнеркәсіптік бағыттағы бірнеше сектордан тұрады. Бұл аймақ Түркістан облысының индустриялық-инвестициялық дамуының негізгі тіректерінің бірі саналады.
2019 жылдан бері арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 1 триллион 263 миллиард теңгені құрайтын 140 инвестициялық жоба тіркелген. Аталған жобаларды толық жүзеге асыру нәтижесінде 13 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда 58 жоба іске қосылып, үш мыңнан астам тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Қалған жобалар әртүрлі кезеңде жүзеге асырылуда.
Соңғы жылдары Түркістан облысы инвестициялық белсенділігі жоғары өңірлердің біріне айналды. Өнеркәсіп саласында жаңа кәсіпорындар ашылып, құрылыс материалдарын өндіру, тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және агроөнеркәсіп бағытындағы өндірістердің қатары көбейді. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде индустриялық аймақтарда кәсіпкерлерге қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылып, өндіріс ашуға қолайлы жағдай жасалуда. Бұл өз кезегінде өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, экономиканы әртараптандыруға ықпал етіп келеді.
Биыл Үкіметтің тиісті қаулысына сәйкес «TURAN» арнайы экономикалық аймағының аумағына оңтайландыру жүргізілді. Соның нәтижесінде әкімшілік-іскерлік және тарихи аймақтардың пайдаланылмай жатқан бірқатар жерлері жалпы қолданысқа қайтарылды. Бұл шешім Түркістан қаласының жер және мүлік салығы бойынша бюджет кірісін жыл сайын шамамен 657,7 миллион теңгеге арттыруға мүмкіндік береді. Яғни, пайдаланылмай жатқан жерлердің экономикалық айналымға қайта қосылуы жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жобаларды орналастыруға да жағдай жасайды.
Жиында құрылыс жұмыстары баяулаған жобаларға ерекше назар аударылды. Әкімшілік-іскерлік аймақта жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй және коммерциялық нысандарды қамтитын сегіз инвестициялық жобаның белгіленген кестеден кешігіп жатқаны белгілі болды. Басқарушы компания тарапынан инвесторларға бірнеше рет ескерту жасалып, тиісті құжаттар қала прокуратурасына жолданған.
Облыс әкімі мұндай жағдайларға жол беруге болмайтынын айтып, әрбір жоба бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, инвестициялық келісімдердің орындалуы қатаң бақылауда болуы тиіс және жауапсыз инвесторларға қатысты заң аясында нақты шешімдер қабылдануы қажет.
Мәжілісте өңірдегі өзге индустриялық аймақтардың жұмысы да талданды. Түркістан қаласындағы 290 гектарлық өнеркәсіптік аймақта жалпы құны 157 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба тіркелген. Оның алтауы өндірісті бастап үлгерсе, қалған жобаларда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал Сауран ауданындағы көлемі 365 гектар болатын индустриялық аймақта жалпы құны 86,9 миллиард теңгені құрайтын сегіз инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл аумақтағы басты мәселе – электрмен жабдықтау жүйесін толық аяқтап, қосалқы станцияны пайдалануға беру. Инженерлік инфрақұрылым толық шешілген жағдайда мұнда жаңа өндірістердің іске қосылу қарқыны едәуір жеделдейді деп күтілуде.
Кентау қаласының өнеркәсіптік аймағында тіркелген жеті жобаның бесеуі өндірісті бастап кеткен. Қалған екі жоба бойынша дайындық және құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында жалпы құны 102,1 миллиард теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл аумақтағы негізгі міндеттердің бірі – инженерлік инфрақұрылым құрылысын қысқа мерзімде аяқтау.
Жиында сондай-ақ Сайрам және Отырар аудандарындағы индустриялық аймақтардың бүгінгі ахуалы қаралып, инженерлік желілер тарту, жер қатынастары мәселелерін реттеу және инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында нақты тапсырмалар берілді.
Мәжіліс барысында «TURAN» арнайы экономикалық аймағын одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар жаңа ұсыныстар таныстырылды. Атап айтқанда, аймақ аумағын қосымша 27,5 гектарға кеңейту, өнеркәсіптік аймақтарды толық абаттандыру, қоршаулар орнату, заманауи бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асырудағы қатысушылардың жауапкершілігін күшейту мақсатында нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу мәселелері көтерілді.
Мамандардың пікірінше, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың тиімді жұмыс істеуі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, жаңа технологиялардың енгізілуіне, экспортқа бағдарланған өндірістердің көбеюіне және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сондықтан қазіргі таңда негізгі міндет – қолға алынған жобалардың қағаз жүзінде қалып қоймай, толық іске асуын қамтамасыз ету.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді орындауда мемлекеттік органдар мен инвесторлардың жауапкершілігі бірдей екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру тек жаңа жобаларды жариялаумен емес, оларды сапалы әрі уақытылы аяқтаумен өлшенеді. Сондықтан алдағы кезеңде әрбір инвестициялық жоба жеке бақылауға алынып, өндірістерді іске қосу қарқыны одан әрі күшейтілетін болады.
