Түркістан облысында өңір экономикасын әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған жаңа өнеркәсіптік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі – өңдеуші сектордың әлеуетін күшейтіп, импортқа тәуелділікті азайту, оқшаулау үлесі жоғары өндірістерді қалыптастыру және тұрақты жұмыс орындарын көбейту. Бұл бағыттағы бастамалар Түркістан облысында нақты жобалар арқылы жүзеге асуда. Облыста индустриялық-инновациялық даму қарқыны күшейіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, өндірісті жаңғыртуға, көлік-логистика инфрақұрылымын жетілдіруге, тұрғын үй құрылысы мен инженерлік желілерді дамытуға басымдық беріліп отыр. Осындай жұмыстардың барысын көпшілікке кеңінен таныстыру мақсатында Төлеби ауданында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды.
Пресс-тур барысында журналистер ауданның өндірістік әлеуетімен, кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалармен және өңір экономикасының дамуына үлес қосып отырған кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Мұндай ақпараттық іс-шаралардың басты мақсаты – мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесін көрсету ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, индустриялық-инновациялық саясаттың жүзеге асырылуы, өндірісті әртараптандыру және инвестициялық жобалардың тиімділігі жөнінде тұрғындарды мемлекеттік тілде жан-жақты ақпараттандыру.
Алғашқы нысан Сұлтанрабат елді мекенінде орналасқан «AiK.kz» кәсіпорны болды. Биыл пайдалануға берілген өндіріс орнында жұмыртқа салуға арналған науалар шығарылады. Заманауи технологиямен жабдықталған кәсіпорын сағатына екі мың дана өнім өндіруге қауқарлы. Жобаның жалпы құны 250 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұндай өндірістердің іске қосылуы импорттың орнын басатын өнім көлемін арттыруға, ішкі нарықты отандық тауармен қамтамасыз етуге және өңдеу өнеркәсібінің үлесін көбейтуге мүмкіндік береді.
Баспасөз туры барысында журналистер Киелітас ауылдық округіне қарасты Достық ауылында орналасқан «Fish House» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. 2025 жылдың шілде айында жұмысын бастаған кәсіпорын бүгінде облыстағы заманауи балық шаруашылығы кешендерінің біріне айналған. Мұнда форель, сазан және ақ амур өсіріледі. Жылдық өндірістік қуаты 300 тоннаға жететін кәсіпорында 20 адам тұрақты еңбек етеді. Өнімнің сапасы мен өндірістің тиімділігі жоғары бағаланып, кәсіпорын өткен жылы Қазақстандағы «Ең үздік балық өндірушісі» атанды. Балық шаруашылығын дамыту – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі.
Бұдан кейін делегация Ленгір қаласындағы «Dana» тігін цехының жұмысымен танысты. Кәсіпкер Дана Жұмабаеваның жеке инвестициясы есебінен ашылған өндіріс орны арнайы жұмыс киімдерін тігумен айналысады. Кәсіпорын жылына 150 мың дана жаздық және 90 мың дана қысқы арнайы киім шығарады. Бүгінде мұнда өндірілген өнім Қазақстанның барлық өңірлеріне жөнелтіліп қана қоймай, Ресей нарығына да экспортталуда. Бұл кәсіпорын жеңіл өнеркәсіптің өңір экономикасындағы маңызын көрсетіп, жергілікті шикізат пен еңбек ресурстарын тиімді пайдаланудың нақты үлгісіне айналып отыр.
Сапар барысында Зертас ауылында салынып жатқан жаңа спорт кешенінің құрылысы да таныстырылды. 2025 жылы басталған жоба облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң мұнда 45 орындық шағын спорт залы, баскетбол, волейбол және күрес залдары, сондай-ақ заманауи жаттығу бөлмелері пайдалануға беріледі. Спорт нысандарының көбеюі тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға ғана емес, ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да оң әсер етеді.
Пресс-турдың негізгі нысандарының бірі – Зертас ауылдық округінде орналасқан «Азия Милк» шаруа қожалығы болды. Жалпы инвестиция көлемі бір миллиард теңгені құрайтын сүт-тауарлы ферма бүгінде ауданның ірі агроөнеркәсіптік жобаларының бірі саналады. Кәсіпорын жылына шамамен 1400 тоннаға жуық сүт өндіреді. Қазіргі таңда мұнда 40-тан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ферма екі кезең бойынша іске асырылды. Алғашқы кезеңі 2025 жылдың соңында пайдалануға беріліп, онда 564 бас асыл тұқымды ірі қара орналастырылды. Биыл жүзеге асқан екінші кезеңнің нәтижесінде мал басы 636-ға дейін көбейді. Өндіріс толық автоматтандырылған. Мал азығын дайындау, сауу, сүтті салқындату және сақтау процестері халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылған. Бұл өнім сапасын арттырып қана қоймай, еңбек өнімділігін де едәуір көтеруге мүмкіндік береді.
Сүт өндірумен ғана шектелмейтін мұндай кешендер агроөнеркәсіптік кешенде қосылған құн тізбегін қалыптастыруға негіз болады. Яғни шикізатты өткізумен ғана шектелмей, оны терең өңдеу арқылы дайын өнім шығаруға жол ашады. Бұл – Мемлекет басшысы айқындаған жаңа өнеркәсіптік саясаттың негізгі талаптарының бірі. Өңдеуші саланы дамыту, импортты алмастыру және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар дәл осындай кәсіпорындар арқылы жүзеге асады.
Тур бағдарламасы аясында журналистер аудан орталығында бой көтеріп жатқан «Төлеби баба» музейінің құрылысымен де танысты. Облыстық бюджеттен қаржыландырылып жатқан нысанның жалпы құны 372,2 миллион теңгені құрайды. Құрылыс аяқталғаннан кейін музей өңірдің тарихи-мәдени мұрасын дәріптейтін маңызды рухани орталықтардың біріне айналады деп күтілуде.
Жалпы алғанда, Төлеби ауданында іске асырылып жатқан жобалар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты көрінісі болып табылады. Өңірде өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар өзара сабақтастықта жүргізілуде. Сонымен қатар облыста тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайып, көлік және логистика инфрақұрылымы жаңғыртылып, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін көтеруге бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Мұның барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, өңір экономикасының тұрақты дамуына негіз қалайды.
Осындай өндірістік және әлеуметтік жобаларды кеңінен насихаттау тұрғындарды мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен таныстыруға, жаңа өнеркәсіптік саясаттың мәнін түсіндіруге және мемлекеттік қолдау шараларының нақты нәтижесін көрсетуге мүмкіндік береді. Төлеби ауданында ұйымдастырылған баспасөз туры да осы мақсатқа қызмет етіп, өңірдің өндірістік әлеуетін, кәсіпкерлік мүмкіндіктерін және инвестициялық тартымдылығын жан-жақты таныстыруға жол ашты.
