Түркістан облысында инвестициялық жобалардың аясын кеңейту, жоғары технологиялы өндірістерді дамыту және халықаралық серіктестікті нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерге инвестиция тарту, инновациялық өндірістерді қалыптастыру, цифрлық технологияларды енгізу және экономиканың өңдеуші секторын дамыту міндеттерін тұрақты түрде алға қойып келеді. Осы басымдықтарға сәйкес облыста шетелдік инвесторлармен жаңа жобаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Осы мақсатта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Оңтүстік Кореядан келген инвесторлармен кездесу өткізді. Басқосуда өңірде күн энергиясын тиімді пайдалану, «Ақылды көше жарықтандыру жүйесін» енгізу, энергия үнемдейтін жарықтандыру құралдарын өндіру және жасанды интеллектке негізделген «Smart City» технологияларын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын айтып, бұл ынтымақтастықтың өңір экономикасын дамытуда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
– Корея Республикасы – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы өзара сенім мен достыққа негізделген қарым-қатынас өңірлік деңгейде де табысты жалғасып келеді. 2024 жылы Түркістан облысы делегациясының Корея Республикасына сапары аясында өткен бизнес-семинар іскерлік байланыстарды нығайтуға серпін берді. Сондай-ақ Қазақстанға Корея Республикасы Президентінің мемлекеттік сапары кезінде Түркістан облысының әкімдігі мен Корея халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашқан маңызды қадам, – деді Қанат Қайыпбек.
Ол сондай-ақ кореялық компаниялармен бірлескен бірнеше маңызды жоба бүгінде Түркістан облысында табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Түркістан қаласында Кореяның жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын Woosong University филиалы ашылып, халықаралық деңгейдегі мамандар даярлауға жол ашылды. Сонымен бірге Doosan Enerbility компаниясының қатысуымен қуаттылығы 926 мегаватт болатын бу-газ электр стансасын салу жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жоба өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, жаңа өндірістердің ашылуына және инвестициялық тартымдылықтың артуына ықпал етеді.
Кездесу барысында қонақтарға Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды. Бүгінде өңірде жалпы аумағы 3603 гектарды қамтитын 21 индустриялық аймақ пен «TURAN» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Бұл өндірістік алаңдар инвесторларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, өндіріс орындарын қысқа мерзімде іске қосуға қолайлы жағдай қалыптастырылған. Соңғы жылдары осы алаңдарда ондаған жаңа өндіріс орны пайдалануға беріліп, мыңдаған жұмыс орны ашылды.
Мемлекет жүргізіп отырған жаңа өнеркәсіптік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – еліміздің берік өнеркәсіптік негізін қалыптастыру, өңдеуші өнеркәсіптің үлесін арттыру, импортқа тәуелділікті төмендету және оқшаулау деңгейі жоғары өндірістерді дамыту. Түркістан облысында осы міндеттерді орындау мақсатында машина жасау, құрылыс материалдарын шығару, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, энергетика және жоғары технологиялар салаларындағы инвестициялық жобаларға басымдық берілуде. Шетелдік инвесторлармен жүргізіліп жатқан келіссөздердің де негізгі мақсаты – заманауи технологияларды тарту арқылы өңірдің өндірістік әлеуетін күшейту.
Кездесу барысында кореялық компаниялар күн энергиясымен жұмыс істейтін заманауи көше жарықшамдарын шығару және оларды Түркістан облысында өндіру жөніндегі жобаларын таныстырды. Жоба аясында энергияны үнемдейтін жарықтандыру жүйелерін облыстың ірі көшелері мен автомобиль жолдарына орнату, электр энергиясының шығынын азайту және қызмет көрсету шығындарын төмендету көзделіп отыр.
Сонымен қатар инвесторлар жасанды интеллект технологиялары негізінде көше жарығын автоматты басқару, энергия тұтынуды онлайн бақылау, ақауларды қашықтан анықтау және қалалық инфрақұрылымды цифрлық форматта басқаруға мүмкіндік беретін «Ақылды қала» жүйесінің шешімдерін ұсынды. Мұндай технологиялар әлемнің көптеген дамыған мемлекеттерінде қолданылып келеді және энергия тиімділігін арттырумен қатар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ықпал етеді.
Цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі басымдықтардың біріне айналып отыр. Осыған байланысты Түркістан облысында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, көлік-логистика жүйесін жетілдіру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, көшелерді жарықтандыру, ауыз су және инженерлік инфрақұрылым нысандарын тиімді басқару бағытында жаңа технологияларды кезең-кезеңімен енгізу көзделген. Бұл жұмыстар өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жалпы, Түркістан облысында инвестициялық саясат өндіріс орындарын көбейтумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту, жаңа инженерлік желілер тарту, көлік және логистика инфрақұрылымын жетілдіру, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, цифрлық технологияларды енгізу және индустриялық-инновациялық дамуды жеделдету бағытындағы кешенді жұмыстар қатар жүргізілуде. Бұл өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған жобаларды жан-жақты зерделеп, техникалық және экономикалық тұрғыдан пысықтау жөнінде келісімге келді. Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты жалғастырып, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмысты күшейтуге уағдаласты. Егер ұсынылған бастамалар толық іске асса, Түркістан облысында энергия үнемдейтін өндірістердің дамуына, заманауи технологиялардың енгізілуіне және «ақылды қала» жүйесінің қалыптасуына жаңа серпін береді.
