Сауранның даму қарқыны жоғары

2.jpg 

Сауран ауданы соңғы жылдары Түркістан облысындағы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары аудандардың біріне айналып келеді. Бұған өндіріс көлемінің өсуі, инвестициялық жобалардың көбеюі, ауыл шаруашылығындағы жаңа бастамалар мен әлеуметтік нысандардың салынуы дәлел. Ауданның экономикасында ауыл шаруашылығының дәстүрлі орны сақталғанымен, соңғы уақытта өңдеу өндірісіне, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беріліп отыр.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданының тұрғындарымен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Кездесуде өңір басшысы мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып, алдағы міндеттерді де атап өтті.

– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, облыс әкімдері барлық аудандардың тұрғындарымен кездесіп, мәселелерді ашық диалог алаңында шешу тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, бүгін көне Жібек жолының жауһары, ежелгі өркениеттердің ізі қалған Сауран өлкесінің тұрғындарымен жүздесуге келіп отырмыз. Сауран ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2026 жылдың 6 айында 38,4 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 36,7 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнім көлемі 14,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 19,9 пайызға артты. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 12,3 млрд. теңгені құрап, 35,4 пайызға өсті. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 57,2 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 2,2 есеге артты. Сауда көлемі 1,9 млрд теңгені құраса, өсім 31,8 пайызға жетті. Өзіндік кірістер 3,3 млрд теңгені құрап, 14,5 пайызға ұлғайды. Салықтық түсімдер 3,1 млрд теңгені құрап, 36,7 пайызға артты. Бұл жетістіктер – ең алдымен, аудан тұрғындарының бірлігі мен ынтымағының, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асырылуының нақты нәтижесі. Сауран ауданы 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері негізінде І орынға ие болды. 2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысымен де көшбасшылық орнын сақтап, тағы да І орыннан көрінді. Бұл – ауданның тұрақты дамуының, экономикасының қарқынды өсіп келе жатқанының және барлық салада жүйелі жұмыстардың жүргізіліп отырғанының айқын дәлелі. Алдағы уақытта да осы оң қарқынды сақтап, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, жаңа жобаларды іске асыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге бірлесе еңбек етеміз деп сенемін, – деген Нұралхан Көшеров өңірді дамытуда тұрғындармен ашық диалогтың маңызы зор екенін айтып, халықтың ұсыныс-пікірлері мен көтерген мәселелері әрдайым назарда болатынын жеткізді.

Сандарға қарасақ, Саурандағы экономикалық өсімнің бір ғана саламен шектелмей отырғанын байқауға болады. Биылғы алғашқы алты айда ауданның жалпы өңірлік өнімі 38,4 миллиард теңгеге жеткен. Өнеркәсіп өндірісі де өсіп, 14,3 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,3 миллиард теңгеге жетуі аудан экономикасының шикізаттық бағыттан біртіндеп өңдеуге қарай бет бұрып келе жатқанын көрсетеді.

Инвестиция көлемінің 57,2 миллиард теңгеге жетіп, бір жылда 2,2 есеге артуы да назар аударарлық. Бұл көрсеткіш ауданға жаңа өндірістер мен кәсіпкерлік жобаларды тартуға мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Ал инвестицияның нақты өндірістерге айналуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, салық түсімдерінің өсуіне және жергілікті экономиканың кеңеюіне жол ашады.

2026 жылдың алты айында ауданның өндірістік алаңдарында жалпы құны 23 миллиард теңгені құрайтын 34 жоба іске қосылып, 894 адам жұмыспен қамтылған. Мұның өзі Саурандағы өндірістік белсенділіктің артып келе жатқанын аңғартады.

Аудан экономикасында ауыл шаруашылығының да өзіндік орны бар. Бірақ бұл салада да бұрынғы тәсілден гөрі өндірісті ірілендіруге, заманауи технология енгізуге және өнімді өңдеуге басымдық беріліп келеді. Соның бір мысалы – Ескі Иқан ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан ірі мал бордақылау кешені.

«Түркістан ет өнімдері» ЖШС қолға алған жобаның жалпы құны 1,3 миллиард теңге. Кешен 40 гектар аумақта орналасып, мұнда 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы мен тәулігіне 120 бас ірі қара малды союға арналған өндірістік алаң салынуда. Сонымен қатар малшыларға арналған тұрғын үйлер, әкімшілік-іскерлік орталық және қажетті инфрақұрылым қарастырылған.

Қазір әкімшілік ғимараты құрылысының 80 пайызы аяқталған. Мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекетінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Нысан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Жобаның ерекшелігі – бірнеше бордақылау алаңының бір жерде шоғырлануында. Бұл өндірісті ұйымдастыруға, инфрақұрылымды ортақ пайдалануға және шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Кешен толық іске қосылған кезде 120 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Кешеннің айналасында шағын шаруашылықтарды да өндірістік жүйеге тарту көзделген. Осы мақсатта «Муталиб агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 30 шағын мал бордақылау алаңын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаларды «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржыландыру жоспарланған.

Мұндай тәсілдің тиімділігі сол – ауылдағы ұсақ шаруашылықтар біртіндеп ірі өндірістік тізбекке қосылады. Мал өсіретін шаруа үшін тұрақты өткізу нарығы қалыптасса, өңдеу кәсіпорны үшін қажетті шикізат базасы пайда болады. Осылайша ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп бір-бірін толықтыратын жүйеге айналады.

Бұл бастама Түркістан облысында ет кластерін қалыптастыру бағытындағы жұмыстармен де үндеседі. Өңірде бірнеше ірі ет өндіру кешені іске қосылып, жалпы ет өндірісін арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсат – мал басын көбейту ғана емес, етті бордақылау, сою, сақтау және өткізу процестерін заманауи талаптарға сай ұйымдастыру.

Саурандағы экономикалық өсім әлеуметтік саладағы өзгерістермен де қатар жүріп келеді. Өткен жылы ауданда екі мектеп пен оңалту орталығы пайдалануға берілді. 150 орындық Мәдениет үйі мен кітапхана, спорт кешені іске қосылды. Тағы бір спорт кешенінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Өткен жылғы тұрғындармен кездесуде көтерілген мәселелердің де кезең-кезеңімен шешіліп жатқаны айтылды. Жалпы 10 мәселе көтерілсе, оның бесеуі толық орындалған, тағы екі мәселе бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ескі Иқан ауылдық округіндегі 15 мың басқа арналған мал бордақылау және мал сою алаңы электр желілерімен қамтамасыз етілді. Шаға ауылдық округінде бір қабатты екі пәтерлі тұрғын үйдің, Шорнақ елді мекенінде үш қабатты 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл үйлерді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бабайқорған мен Игілік елді мекендерінің арасындағы 9 шақырым автомобиль жолы да орташа жөндеуден өтуде.

Кездесуде тұрғындар Оқушылар сарайын салу, ауылдарды табиғи газбен толық қамту, қоғамдық көлік пен интернет сапасын жақсарту, ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру мәселелерін көтерді. Облыс әкімі әр мәселе бойынша жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.

Бұл жерде тұрғындардың талап-тілегінің өзі ауданның бүгінгі өзгерісін көрсетеді. Экономикалық өсіммен бірге халықтың сұранысы да артып келеді. Жұмыс орындарымен қатар сапалы инфрақұрылым, білім, қоғамдық көлік, байланыс, баспана және кәсіп бастау мүмкіндігі қажет.

Облыс әкімінің тұрғындармен кездесуінен кейін азаматтарды жеке қабылдауы да жалғасты. Қабылдауға келгендер баспана, жарықтандыру, жол, кәсіп ашуға жер алу, әлеуметтік қызмет көрсету орталығын салу, инфрақұрылым және білім саласына қатысты мәселелерін жеткізді. Бірқатар мәселе сол жерде шешімін тапса, қалғандары бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді.

Сауранның бүгінгі экономикалық көрсеткіштерін Түркістан облысында жүріп жатқан жалпы өзгерістерден бөлек қарау қиын. Өңірде соңғы жылдары инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыттары күшейіп келеді. Биылғы алғашқы алты айда облыста өнеркәсіп өнімінің көлемі 873,3 миллиард теңгеге жетіп, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 50 пайыздан асқан. Соңғы сегіз жылда өңірге 7,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған.

Саурандағы инвестициялық белсенділік те осы үрдістің бір бөлігі. Ендігі мәселе – тартылған қаражаттың нақты өндірістерге айналып, ұзақ мерзімді жұмыс орындарын қалыптастыруы.

Ауданның 2025 жылы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша облыста бірінші орын алуы, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында да осы көрсеткішті сақтауы – Сауранның даму қарқыны жаман емес екенін көрсетеді. Бірақ көшбасшылықты сақтап қалу үшін жаңа жобалармен қатар жұмыс істеп тұрған өндірістердің қуатын арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңарту қажет.

Сауран үшін мұның маңызы ерекше. Тарихы терең ауданның экономикалық болашағы да ауқымды. Бір жағынан, көне Сауранның туристік әлеуеті бар. Екінші жағынан, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке негізделген өндірістік мүмкіндігі қалыптасып келеді.

Ең бастысы – осы бағыттардың бір-бірін толықтыруы. Ауыл шаруашылығы өнім өндіреді, өнеркәсіп оны өңдейді, инвестиция өндірісті жаңартады, ал жаңа кәсіпорындар жұмыс орындарын ашады. Оның нәтижесі жергілікті бюджетке түсетін салықтан бастап, тұрғындардың табысына дейін көрінуі тиіс.

Саурандағы бүгінгі көрсеткіштер аудан экономикасының осындай жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғартады. Ендігі міндет – осы қарқынды сақтап қана қоймай, инвестицияны нақты өндіріске, өндірісті тұрақты жұмыс орнына, ал экономикалық өсімді халықтың тұрмыс сапасына айналдыру.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Тұранның» мақсаты– инвесторларға қолайлы жағдай жасау
  • Сауранның даму қарқыны жоғары
  • Түркістан: Жаңа индустриялық аймақ—жаңа өндірістік мүмкіндік
  • Түркістан жаңа индустриялық дәуірге қадам басты
  • Түркістан өндірістік өңірге айналып келеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер