Ұзақ уақыт бойы Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басым өңір ретінде қабылданып келді. Мақта, бақша өнімдері, мал шаруашылығы мен бау-бақша өндірісі аймақ экономикасының негізгі тірегі болды. Соңғы бірнеше жылда бұл үрдіс айтарлықтай өзгеріп келеді. Облыс енді аграрлық әлеуетімен ғана емес, өндіріс көлемінің өсуімен, инвестициялық белсенділігімен және жаңа кәсіпорындардың көптеп іске қосылуымен ерекшелене бастады. Егер бұрын өңірдің даму көрсеткіші егін көлемімен өлшенсе, бүгінде өнеркәсіп өндірісі, инвестиция көлемі, экспортқа бағытталған кәсіпорындар саны және өңдеу өнеркәсібінің үлесі негізгі индикаторлардың біріне айналды.
Қазақстан соңғы жылдары экономиканың шикізаттық моделінен біртіндеп алыстап, өндіріс пен технологияға негізделген жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бірнеше мәрте өңдеуші өнеркәсіпті экономиканың басты драйверіне айналдыру, импортқа тәуелділікті төмендету, оқшаулау деңгейі жоғары өндірістерді дамыту және еліміздің берік өнеркәсіптік қалқанын қалыптастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Бұл саясаттың түпкі мақсаты – шикізатты сыртқа шығарумен шектелмей, дайын өнім өндіретін, жоғары қосылған құн қалыптастыратын экономиканы қалыптастыру.
Осы міндеттердің өңірлердегі орындалуына қарасақ, Түркістан облысы соңғы уақытта ең қарқынды өзгеріп жатқан аймақтардың бірі екені байқалады. Әсіресе өндіріс пен инвестиция көрсеткіштері өңір экономикасының жаңа кезеңге өткенін аңғартады.
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша облыста өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 873,3 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 132,4 пайыздық өсімді көрсетеді. Мұндай серпін республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады.
Ең бастысы, өсімнің негізгі бөлігі өңдеу өнеркәсібінің есебінен қамтамасыз етілген. Алты ай ішінде өңдеу секторында 423,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 150,8 пайызға жетті. Бұл жай ғана статистикалық көрсеткіш емес. Бұл – облыста жаңа зауыттардың іске қосылып жатқанын, бұрынғы кәсіпорындардың өндірістік қуаты артқанын және жаңа технологиялардың енгізіліп жатқанын білдіреді.
Тау-кен өнеркәсібінде де тұрақты даму байқалады. Бұл салада өндірілген өнім көлемі 378,9 миллиард теңгені құрап, өсім 119 пайызға жетті. Созақ ауданындағы уран өндірісі мен металлургиялық жобалар өңір экономикасының маңызды драйверіне айналып отыр.
Өңдеу өнеркәсібінің құрылымына қарасақ, металлургия, тамақ өндірісі, машина жасау, құрылыс индустриясы және тоқыма салалары ерекше қарқынмен дамып келеді. Әсіресе тоқыма өнеркәсібіндегі 468,6 пайыздық өсім назар аудартады. Бірнеше жыл бұрын мұндай көрсеткішті елестету қиын еді. Бүгінде мақта өсіретін өңір енді сол шикізатты өзінде өңдеп, дайын өнім шығаруға біртіндеп көшіп келеді.
Бұл – Мемлекет басшысы айтып жүрген «шикізаттан дайын өнімге дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру» қағидатының нақты көрінісі.
Экономикалық өсім инвестициясыз мүмкін емес. Сондықтан өндірістегі оң өзгерістердің негізінде инвестициялық белсенділік жатыр.
Жыл басынан бері Түркістан облысының экономикасына 894,6 миллиард теңге инвестиция тартылған. Оның 834,1 миллиард теңгесі немесе 92,6 пайызы жеке инвестициялар есебінен қалыптасқан.
Бұл өте маңызды көрсеткіш. Өйткені мемлекет қаржысынан гөрі жеке капиталдың басым болуы инвесторлардың өңір экономикасына деген сенімінің артқанын көрсетеді. Инвестор ешқашан табыс әкелмейтін жерге миллиардтаған қаржы құймайды.
Бүгінде облыста жалпы құны 369,4 миллиард теңгені құрайтын 67 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның 17-сі биылдың өзінде іске қосылып, жүздеген адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал қалған жобалар пайдалануға берілген сайын мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады.
Жалпы алғанда Түркістан облысында 2026–2029 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың құны 2,8 триллион теңгеден асады. Бұл – еліміздегі ең ірі өңірлік инвестициялық қоржындардың бірі.
Жаңа өнеркәсіптік саясаттың басты ерекшелігі – тек зауыт салу емес, өндірістердің бір-бірімен байланысын қалыптастыру. Басқаша айтқанда, бір кәсіпорын екіншісіне шикізат беріп, үшіншісі дайын өнім шығаруы тиіс. Осындай өндірістік экожүйе ғана экономиканың тұрақты дамуына негіз болады.
Осы тұрғыдан алғанда Түркістан облысында өндірістік парктердің құрылуы маңызды бастамаға айналды.
Қазір облыстың барлық аудан-қалаларында шағын өндірістік парктер салынып жатыр. Жалпы саны 29 парк болса, олардың аумағында 275 өндірістік ғимараттың құрылысы жоспарланған. Қазірдің өзінде 164 нысан пайдалануға берілді.
Бұл парктердің ерекшелігі – кәсіпкер дайын инфрақұрылымы бар өндірістік алаңға келіп, уақыт жоғалтпай жұмысын бастай алады. Электр, газ, су, жол сияқты мәселелер алдын ала шешілген.
Сауран ауданында іске қосылған өндірістік парктерде жиһаз және құрылыс материалдарын шығаратын ондаған кәсіпорын жұмыс істей бастады.
Түлкібас ауданында өндірістік парктер мал шаруашылығы мен логистикаға бейімделген. Мұнда бордақылау кешендері, ет өндірісі және жүк көліктеріне қызмет көрсету орталықтары құрылып жатыр.
Ордабасы ауданында тұрмыстық химия, кір жуғыш заттар, шыны бұйымдары, металл өнімдері мен құрама жем шығаратын өндірістер іске қосылды.
Қазығұрт ауданында құрылыс материалдары, желдеткіш жүйелері, матрас және жиһаз өндірісі дамып келеді.
Отырар ауданында темір бұйымдары, құрама жем, сублимациялық кептіру технологиясына негізделген ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары ашылуда.
Төлеби ауданында алюминий конструкциялары, есік-терезе, жиһаз өндірісі жолға қойылуда.
Созақ ауданында арнайы жұмыс киімдері, тұрмыстық қолғаптар, дәнекерлеу цехтары және жылыту қазандықтарын шығаратын өндірістер іске қосылды.
Жетісай ауданында металл бұйымдары мен жиһаз өндірісі дамып келеді.
Бәйдібек ауданында тігін өндірісі қалыптасып, кәсіптік оқыту жүйесімен ұштасқан жаңа модель енгізілуде.
Мұндай өндірістердің тағы бір ерекшелігі – олардың басым бөлігі бұрын сырттан әкелінген өнімдерді еліміздің өзінде шығаруға бағытталған. Яғни импортты алмастыру саясаты нақты іске аса бастады.
Қазіргі әлемдік экономикада өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесі ерекше маңызға ие. Пандемия, геосаяси өзгерістер, логистикалық қиындықтар көптеген елге сыртқы жеткізілімге толық тәуелді болудың қауіпті екенін көрсетті. Сондықтан Қазақстан да өзінің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге басымдық беруде.
Осы тұрғыдан алғанда Түркістан облысында қолға алынған жобалардың басым бөлігі оқшаулау деңгейі жоғары өндірістерге жатады. Мұнда тек өнім құрастырылмайды, біртіндеп оның негізгі бөлшектерін де өзімізде шығару көзделген.
Алдағы жылдары облыста ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, дрон өндіру, бейнебақылау камераларын шығару, тұрмыстық химия өнімдерін жасау, капсулалық үйлер өндіру, тоңазытқыш жабдықтары мен суару жүйелерін шығару жоспарланып отыр.
Бұл жобалардың жүзеге асуы жаңа технологиялардың келуіне, инженерлік кадрлардың қалыптасуына және өңірдің экспорттық әлеуетінің артуына ықпал етеді.
Өнеркәсіптің дамуында «Turan» арнайы экономикалық аймағы мен индустриялық аймақтардың да үлесі артып келеді. Мұнда салықтық жеңілдіктер мен дайын инфрақұрылым инвесторлардың қызығушылығын күшейтіп отыр. Бүгінде арнайы экономикалық аймақта ондаған жоба жүзеге асырылуда. Толық іске қосылған кезде мыңдаған адам жұмыспен қамтылады.
Экономистердің пікірінше, өңірдің алдағы дамуының негізгі көрсеткіші енді өндірілген өнім көлемімен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – дайын өнімнің үлесі, экспорт көлемі, еңбек өнімділігі және технологиялық деңгейі болады.
Сондықтан Түркістан облысының қазіргі бағыты – жаңа зауыттар ашумен шектелмей, толық өндірістік тізбегі қалыптасқан индустриялық экономиканы құру. Егер осы қарқын сақталса, алдағы бес-он жылда облыс Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ірі өнеркәсіптік орталықтардың біріне айналуы әбден мүмкін. Ал бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындары, жоғары жалақы, экспорт көлемінің артуы және халықтың әл-ауқатының жақсаруына негіз болады. Өнеркәсіптің дамуы – жай ғана статистикалық өсім емес. Бұл – өңірдің экономикалық тәуелсіздігіне, елдің өндірістік қуатына және Қазақстанның ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігіне салынған инвестиция.
