Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, өндіріс көлемін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі өңірлік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналып келеді. Бұған дейін ауыл шаруашылығы басым өңір ретінде танылған аймақ бүгінде өндірістік әлеуетін күшейтіп, импортқа тәуелділікті азайтуға, экспортқа бағдарланған жаңа кәсіпорындар ашуға және инвестиция тартуға басымдық беріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланып, нақты міндеттер белгіленді.
Жиында өңір басшысы шикізатқа ғана сүйенген экономиканың ұзақ мерзімді даму үшін жеткіліксіз екенін айтып, дайын өнім шығаратын өндірістің үлесін көбейту уақыт талабы екенін жеткізді. Оның айтуынша, облыстың табиғи және ауыл шаруашылығы әлеуеті жеткілікті болғанымен, негізгі мақсат – сол өнімдерді терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар тауарлар өндіру. Бұл бір жағынан импорт көлемін қысқартса, екінші жағынан экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді. Сондықтан инвестициялық жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асуына ерекше назар аударылмақ.
Соңғы жылдары Түркістан облысының сыртқы сауда құрылымында оң өзгерістер байқалады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өңірден экспортталатын өнім көлемі тұрақты өсіп келеді. Егер 2024 жылы облыстан 1 миллион 357 мың тонна өнім сыртқы нарыққа жөнелтілсе, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 1 миллион 571 мың тоннаға жетіп, шамамен 16 пайызға артқан. Биылғы жылдың алғашқы төрт айының өзінде экспорт көлемі 795 мың тоннадан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам ұлғайған. Экспорт құрылымында өсімдік шаруашылығы өнімдері басым болғанымен, қайта өңдеу өнеркәсібінің өнімдері де жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл облыста дайын өнім өндірісінің кеңейіп келе жатқанын аңғартады.
Импорт көлемінің төмендеуі де өңір экономикасындағы маңызды үрдістердің бірі саналады. Егер бұрын құрылыс материалдары, өнеркәсіп өнімдері, тұрмыстық техника және кейбір азық-түлік түрлері сырттан көптеп әкелінсе, бүгінде олардың едәуір бөлігін жергілікті кәсіпорындар өндіре бастады. Өткен жылы импорт көлемі азайып, биылғы төрт айда да төмендеу үрдісі сақталған. Бұл облыста импортты алмастыру саясатының нақты нәтиже бере бастағанын көрсетеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің жаңа өнеркәсіптік саясаты туралы бірнеше рет айтып, Қазақстанның берік өнеркәсіптік қалқанын қалыптастыру қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Мемлекет басшысы индустриялық-инновациялық дамудың жаңа кезеңінде өңдеуші өнеркәсіп ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін үнемі айтып келеді. Түркістан облысында қолға алынған жобалар осы мемлекеттік саясатпен толық үндесіп отыр. Әсіресе, жоғары жергіліктендіру үлесі бар өндірістерді қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Бұл дегеніміз – шикізатты сыртқа шығармай, оны өзімізде өңдеп, дайын өнім өндіру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, технология тарту және бюджет кірісін көбейту.
Қазіргі таңда облыста еден жабындарын, алюминий бұйымдарын, жіп, жабысқақ таспа, тұрмыстық тоңазытқыштар мен алкогольсіз сусындар өндіретін кәсіпорындар жұмысын бастаған. Бұдан бөлек, мата өндірісі, биологиялық белсенді қоспалар шығару, алюкоцинк өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектерін жасау бағытындағы жаңа жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Бұл кәсіпорындар ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар экспорттық әлеуетті де күшейтуді көздейді.
Сарапшылардың жүргізген талдауы елімізден шикізат күйінде экспортталып жүрген көптеген өнімдерді Түркістан облысының өзінде терең өңдеуге мүмкіндік бар екенін көрсеткен. Атап айтқанда, мыс, алюминий, темір, полипропилен секілді материалдардан жоғары қосылған құны бар өнімдер шығаруға болады. Осыған байланысты мыс құбырлары, радиаторлар, электр кабельдері, алюминий профильдері, металл конструкциялары, құрылыс материалдары, тұрмыстық пластик бұйымдар және басқа да өндірістерді қамтитын қырыққа жуық инвестициялық жоба әзірленген. Әр жоба бойынша инвестициялық паспорт дайындалып, әлеуетті инвесторларға ұсынылуда.
Өңірдің индустриялық-инновациялық дамуы арнайы индустриялық аймақтар арқылы да қарқын алып келеді. Сайрам индустриялық аймағында сүт өнімдерін терең өңдеп, ірімшік пен құрғақ сүт шығаратын кәсіпорындар салу жоспарланған. Сауран ауданында көкөністі өңдеу, консервілеу және томат пастасын өндіру жобалары қолға алынса, Мақтаарал ауданында кілем өндірісін дамыту көзделіп отыр. Ал «TURAN» арнайы экономикалық аймағында балалар тағамын өндіретін зауыт салу бастамасы пысықталуда. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналған. Бүгінде облыс тұрғындары көкөніс, бақша өнімдері, картоп, жүзім, сиыр, қой және жылқы еті, сондай-ақ сүт өнімдерімен толық қамтамасыз етілген. Дегенмен құс еті, жұмыртқа және шұжық өнімдері бойынша импортқа тәуелділік әлі де сақталып отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жалпы құны 60 миллиард теңгеден асатын бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Түлкібас ауданында жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін заманауи кешен салынуда. Ордабасы ауданында құс фабрикасының өндірістік қуаты кеңейтілсе, Бәйдібек ауданында жұмыртқа өндіретін кешеннің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар Отырар, Шардара аудандары мен Арыс қаласында жаңа құс шаруашылығы кәсіпорындарын іске асыру жоспарланған.
Мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу де күн тәртібінен түскен жоқ. Қазіргі уақытта бірнеше ет өңдеу кәсіпорнының құрылысы жүріп жатыр. Түлкібас пен Төлеби аудандарында заманауи сүт-тауар фермалары бой көтерсе, Сауран және Бәйдібек аудандарында сүт өңдейтін кәсіпорындарды іске қосу көзделген. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, экспорттық мүмкіндікті де кеңейтеді.
2026–2028 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жол картасы аясында жалпы құны 269 миллиард теңгені құрайтын 43 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биылдың өзінде құны 96 миллиард теңгеден асатын 19 жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Оның алғашқы бесеуі іске қосылып, жүзден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Өнеркәсіптің дамуы инфрақұрылымдық жобалармен қатар жүргенде ғана тұрақты нәтиже береді. Сондықтан облыста тұрғын үй құрылысы, инженерлік желілерді жаңарту, көлік-логистика саласын дамыту және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да қатар жүргізілуде. Соңғы жылдары ондаған елді мекенге орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылып, жаңа тұрғын үй шағын аудандары инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуде. Автомобиль жолдарын жөндеу, өндірістік аймақтарға инженерлік желілер жеткізу және логистикалық дәліздерді дамыту бағытындағы жұмыстар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етуде.
Түркістан облысының географиялық орналасуы да оның экономикалық әлеуетін күшейтетін маңызды факторлардың бірі. Өзбекстанмен шекаралас орналасуы, халықаралық көлік дәліздеріне жақындығы және ауыл шаруашылығының дамуы экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы өңір алдағы жылдары тек шикізат жеткізуші емес, дайын өнім өндіретін ірі өнеркәсіптік орталықтардың біріне айналуды мақсат етеді.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында қолға алынған өнеркәсіптік саясаттың басты мақсаты – импортқа тәуелділікті кезең-кезеңімен қысқартып, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру, жаңа технологиялар енгізу, жоғары өнімді жұмыс орындарын ашу және экспорт көлемін ұлғайту. Егер белгіленген жобалар толық жүзеге асса, өңір экономикасының құрылымы едәуір өзгеріп, ауыл шаруашылығы басым аймақтан индустриясы дамыған өңірге айналуына берік негіз қаланбақ.
