
Мақтаарал ауданының экономикасы ұзақ жылдар бойы ең алдымен ауыл шаруашылығымен, оның ішінде мақта өсірумен байланыстырылып келді. Бұл заңды да. Алайда қазіргі экономикалық жағдайда жер өңдеп, шикізат өндірудің өзі өңірдің ұзақ мерзімді дамуы үшін жеткіліксіз. Негізгі мәселе – сол шикізаттың қайда және қалай өңделетіні, одан қаншалықты жоғары қосылған құны бар өнім шығарылатыны. Сондықтан Мақтааралда қалыптасып жатқан жаңа экономикалық аймақты аудан үшін кезекті инвестициялық алаң ретінде ғана емес, аграрлық экономикадан индустриялық-аграрлық модельге көшу мүмкіндігі ретінде бағалауға болады.
Жамбыл ауылдық округінің аумағында орналасқан 100 гектарлық экономикалық аймақта жалпы құны 104,2 миллиард теңгені құрайтын бес инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жобалар кезең-кезеңімен 2028 жылға дейін іске қосылуы тиіс. Барлығы толық жүзеге асқан жағдайда 845 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сандардың өзі аз емес. Бірақ инвестиция көлемінен де маңызды мәселе – бұл қаржының қандай өндірістерге бағытталатыны. Себебі жаңа өнеркәсіптік саясат жағдайында кез келген зауыт немесе кәсіпорын өңір экономикасының сапалық құрылымын өзгерте бермейді. Негізгі талап – шикізатты терең өңдеу, импортқа тәуелділікті азайту, жергілікті ресурстарды өндірістік айналымға тарту және оқшаулау деңгейі жоғары өнім шығару.
Мақтааралдағы бес жобаның ерекшелігі – олардың ауыл шаруашылығы, металлургия, құрылыс индустриясы және өндірістік инфрақұрылым сияқты әртүрлі салаларды қамтуында. Бұл аудан экономикасын бір ғана мақта шаруашылығына тәуелді құрылымнан біртіндеп әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі Бақыт Асанов экономикалық аймаққа барып, іске асырылатын жобалардың барысымен танысты. Оның ішінде ауданның табиғи және экономикалық ерекшелігіне тікелей байланысты ең маңызды бағыттардың бірі – мақтаны терең өңдеу.
«Мақтаарал Xing Feng» компаниясы мақта және мақта майын өңдеу зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жоба аудан үшін стратегиялық маңызға ие. Өйткені Мақтааралдың басты экономикалық ресурстарының бірі саналатын мақтадан алынатын қосылған құнды өңір ішінде қалдыру мәселесі әлі де өзекті. Мақта шаруашылығының болашағы егіс көлемін ұлғайтумен ғана өлшенбеуі тиіс. Негізгі көрсеткіш – бір тонна шикізаттан қандай көлемде дайын немесе жартылай дайын өнім алынатыны.
Мақтаны терең өңдеу өндірістің бірнеше бағытын қатар дамытуға мүмкіндік береді. Талшық – тоқыма өнеркәсібінің негізгі шикізаты. Мақта тұқымы май өндірісіне пайдаланылады. Өңдеу барысында алынатын өзге өнімдер де экономикалық айналымға енгізіледі. Яғни бір шикізаттың айналасында бірнеше өндірістік бағыт қалыптастыруға болады. Бұл жаңа өнеркәсіптік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі – шикізатты мүмкіндігінше толық пайдалану талабына сәйкес келеді.
Мақтаарал үшін индустриялық дамудың тағы бір маңызды бағыты – дайын инфрақұрылым қалыптастыру. Инвестор көбіне өндіріс ашуға дайын болғанымен, жер, электр энергиясы, инженерлік желілер мен логистикалық мәселелер жобаның іске асуын ұзаққа созып жатады. Сондықтан арнайы экономикалық аймақта индустриялық парк құруды жоспарлап отырған «Ханья Холдинг» жобасының маңызы осы жерде.
Индустриялық парк – жеке кәсіпорын емес, бірнеше кәсіпорынды бір алаңға шоғырландыруға мүмкіндік беретін өндірістік орта. Егер қажетті инженерлік инфрақұрылым алдын ала қалыптастырылса, жаңа инвестордың өндірісті іске қосуға кететін шығыны мен уақыты азаяды. Бұл өз кезегінде ауданға сыртқы және ішкі инвестиция тартудың тиімді құралдарының біріне айналуы мүмкін.
Өндірістік алаңдарды көбейту бағытында «БНК ГРУП» ЖШС броунфилд жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Мұндай шешім өндірістік инфрақұрылымды қайта пайдалану және дайын алаңдарда кәсіпорындарды орналастыру мүмкіндігін кеңейтеді. Қазіргі индустриялық саясатта өндірісті нөлден бастап салу әрдайым экономикалық тұрғыдан тиімді бола бермейді. Сондықтан қолда бар инфрақұрылымды пайдалану арқылы жаңа өндірістерді жылдам орналастыру – инвестициялық жобалардың іске асу мерзімін қысқартатын тәсілдердің бірі.
Ал «ҚАЗ ПРО ТЕМИР» ЖШС қолға алатын полимерлі жабыны бар жұқа табақты мырышталған болат өндірісі Мақтаарал экономикасы үшін мүлде жаңа бағыттардың бірі болмақ. Мұндай өнім құрылыс саласында, өндірістік нысандар салуда және басқа да салаларда кеңінен пайдаланылады. Қазақстан үшін өңдеуші өнеркәсіптің басты міндеттерінің бірі – сырттан әкелінетін дайын өнімді өз ішінде өндіруге көшу.
Импортты алмастыру дегеніміз – кез келген тауарды Қазақстанда шығару емес. Ол ең алдымен ішкі нарықта сұранысы бар, отандық шикізат пен өндірістік мүмкіндіктерді пайдалана отырып шығаруға болатын өнімдерді көбейту. Егер Мақтааралдағы металл өңдеу жобасы тұрақты нарық тауып, өнім сапасы мен бағасы бойынша бәсекеге қабілетті болса, оның өңір экономикасына әсері тек жұмыс орындарымен шектелмейді. Ол құрылыс және өнеркәсіп секторларындағы өндірістік байланыстарды кеңейте алады.
Экономикалық аймақта жоспарланған ең өзгеше жобалардың бірі – «Kaz Aqua Jem» компаниясының жәндіктер протеиніне негізделген аквомәдениетке арналған экструдирленген жем өндіру зауыты. Бұл дәстүрлі ауыл шаруашылығынан бөлек, технологиялық деңгейі жоғары жаңа өндіріс бағыты. Аквакультураның дамуы үшін жем мәселесі шешуші факторлардың бірі екені белгілі. Сондықтан мұндай өнімді жергілікті жерде өндіру жаңа нарық қалыптастыруға және агроөнеркәсіптік кешеннің басқа бағыттарымен өндірістік байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Жалпы, осы бес жобаны біріктіріп тұрған басты ортақ белгі – Мақтааралда өндірістің жаңа салаларын қалыптастыруға талпыныс. Бір жоба мақта шикізатын өңдеуге бағытталса, екіншісі индустриялық инфрақұрылымды қалыптастырады. Үшіншісі дайын өндірістік алаңдарды ұсынады. Төртіншісі металл өнімдерін шығаруға көшеді. Бесінші жоба жаңа технологиялық бағыттағы жем өндірісін дамытуды көздейді.
Бұл – өңір экономикасы үшін маңызды өзгеріс. Себебі берік өнеркәсіптік қалқан тек ірі қалалардағы зауыттар арқылы қалыптаспайды. Өнеркәсіп ел аумағына біркелкі таралып, әр өңір өзінің шикізаттық және географиялық артықшылықтарына сүйенген кезде ғана экономикалық жүйе сыртқы тәуекелдерге төзімді бола түседі.
Түркістан облысының индустриялық-инновациялық дамуындағы басты міндеттердің бірі де осы – өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін сақтай отырып, өңдеуші сектордың үлесін арттыру. Халық саны көп облыс үшін жұмыс орындарын тек мемлекеттік сектор мен қызмет көрсету саласы есебінен құру жеткіліксіз. Тұрақты жұмыспен қамтудың негізгі көздерінің бірі – нақты өндіріс.
Сондықтан 845 жаңа жұмыс орны туралы көрсеткіштің өзі жобалардың маңызды нәтижелерінің бірі болғанымен, олардың экономикалық тиімділігін тек осы санмен өлшеуге болмайды. Негізгі нәтиже кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін көрінеді. Олар қаншалықты тұрақты жұмыс істейді, қандай көлемде өнім шығарады, жергілікті тұрғындарды қаншалықты жұмыспен қамтиды және өңір бюджетіне қандай салық түсіреді – инвестицияның нақты қайтарымы осы көрсеткіштермен өлшенеді.
104,2 миллиард теңге – Мақтаарал үшін қомақты инвестициялық пакет. Бірақ бүгінгі кезеңде жобаны жоспарлау мен іске қосу арасындағы айырмашылық үлкен. Сондықтан 2028 жылға дейінгі кезеңде басты мәселе бес жобаның саны емес, олардың уақытында және толық қуатында іске қосылуы болмақ.
Мақтааралда қалыптасып жатқан экономикалық аймақтың болашағы да осыған байланысты. Егер мұнда тек оқшау тұрған бірнеше кәсіпорын емес, бір-бірімен өндірістік және логистикалық байланысы бар индустриялық орта қалыптасса, аудан экономикасының құрылымы өзгеруі мүмкін. Индустриялық парк, дайын өндірістік алаңдар, шикізатты өңдейтін кәсіпорындар мен жаңа технологиялық өндірістер бір аумақта шоғырланған жағдайда инвестициялық аймақтың экономикалық әсері күшейеді.
Қазақстанның жаңа өнеркәсіптік саясатының негізгі мақсаты – жай ғана жаңа кәсіпорындардың санын көбейту емес, жоғары қосылған құны бар, технологиялық деңгейі жоғары және өндірістік оқшаулау үлесі басым кәсіпорындарды дамыту. Яғни, зауыт сырттан дайын бөлшектерді әкеліп құрастырумен ғана шектелмеуі керек. Оның өндірістік тізбегіне жергілікті шикізат, қазақстандық жеткізушілер, отандық мамандар мен ішкі нарық мүмкіндігінше көбірек тартылуы қажет.
Мақтааралдағы жобалардың табысты жүзеге асуы осы талаптардың нақты орындалуына байланысты болады. Аудан үшін ең маңыздысы – 104,2 миллиард теңгенің инвестиция ретінде қағаз жүзінде қалмай, жаңа салық төлеушілерге, тұрақты жұмыс орындарына және өңдеуші өнеркәсіптің нақты өсіміне айналуы.
Мақтаарал экономикасы бүгін жаңа кезеңнің алдында тұр. Аудан өзінің дәстүрлі аграрлық бағытын сақтай отырып, өндірістік әлеуетін күшейтуге талпынып жатыр. Алдағы екі жыл бұл бағыттың қаншалықты нәтижелі екенін көрсетеді. Егер жоспарланған бес жоба толық іске қосылып, тұрақты жұмыс істесе, 100 гектарлық экономикалық аймақ Мақтааралдың ғана емес, Түркістан облысының оңтүстігіндегі жаңа индустриялық нүктелердің біріне айналуы әбден мүмкін.
