Түркістан облысы Келес ауданы мен Мақтарал ауданы шектесетін нүстесіне "Ақтөбе" бақылау бекеті қойылды. Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев бүгін бақылау бекетінің орналасқан жеріне барып, жұмыс барысымен танысты.
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған бақылау бекетінде полиция, әкімдік, санитарлық қадағалау мамандарынан жасақталған, жалпы 8 адамнан құралған топ көршілес аудандар Мақтарал, Жетісай бағытынан келе жатқан жүргіншілерге бақылау жұмысын жүргізуде.
Бақылау бекеті арнайы жарық, көлік тоқтау жол белгілері, дене қызуды өлшеуге арналған құрылғылар және жұмысшы топтың тынығуына дүңгіршектермен қамту жұмыстары жүргізілді.
Түркістан облысында коронавирус дертін жұқтырған 5 азамат Жетісай ауданының тұрғындары екендігі белгілі болды. Осыдан кейін аймақта сақтық әрі шектеу шаралары күшейтілді. Облыс басшысының тапсырмасымен инфекция табылған Әбдіхалық ауылы мен Жетісай қаласындағы «Садовый» мөлтекауданында карантин жарияланды.
Аудан әкімдігі, прокуратура қызметкерлері, полиция бөлімінің инспекторларының қатысуымен қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Қалаға кіретін күре жолдардың бойына 6 блок-бекеттер қойылып, кешкі сағат 19:00-ден кейін қалаға кіру тыйым салынды.
Бекітілген шектеу шараларына байланысты азық-түлік дүкендерінің жұмысы 09:00–21:00 аралығында, азық-түлік базарларының жұмысы 10:00–18:00 аралығында, қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы 10:00–21:00 аралығында, банктер мен почта байланыс және жекеменшік нотариустардың жұмысы 10:00–16:00 аралығында, дәріханалардың жұмысы 09:00–21:00 аралығында, шаштараздар мен сән салондары және техникалық қызмет көрсету орындары 10:00–16:00 аралығында, жанармай құю бекеттері 10:00–18:00 аралығында ғана жұмыс істейтін болады.