Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында пандемияның кезінде білім беру мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырып, бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінетінін мәлім еткен болатын.
Түркістан облысында пандемия жағдайында ҰБТ тапсыруға дайындық қызу жүріп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020-2021 оқу жылында облыс бойынша жалпы 900-ден астам мектепте 500 мыңға жуық оқушы бар. Оның ішінде түлектер саны – 27 410. Олардың 22 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп отыр. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «2021 жылғы 1 наурыз бен 30 маусым аралығында өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру туралы» 2021 жылғы 26 ақпандағы №82 бұйрығына сәйкес облыста 5 аудан, қала орталығында және Шымкент қаласында орналасқан «USTUDY» тестілеу орталықтарында ҰБТ компьютерлік форматта өткізілуде. Атап айтсақ, Түркістан қаласында (Түркістан, Отырар, Кентау), Жетісай ауданында (Жетісай, Мақтаарал, Шардара), Сарыағаш ауданында (Сарыағаш, Келес, Қазығұрт), Ордабасы ауданында (Ордабасы, Арыс, Бәйдібек), Созақ ауданында (Созақ) , Шымкент қаласында (Арыс, Қазығұрт, Түлкібас, Төлеби, Сайрам) орналасқан тестілеу орталықтарында 25 аудиторияда 620 орын дайындалған.
Оқушы ҰБТ тапсыратын аудан, қаланы өз қалауы бойынша таңдайды. Тестілеу «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» принципі бойынша компьютерлермен жабдықталған орталықтарда өткізіледі.
Тестілеу орталықтарының барлығында медициналық пункттер жұмыс істейді, ұялы байланыс тұншықтырғыштары орнатылған, ғимараттар антитеррористтік қорғанысқа тексерілген.
2021 жылғы ҰБТ өткізу барысында санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың барлық талаптары сақтау қамтамасыз етілген. Тестіленушілерді кіргізу және отырғызу кезінде 2 метр арақашықтық сақталатын болады.
Барлық тестілеу пункттері тепловизорлармен, медпункттермен, зарарсыздандыру тоннельдерімен, санитайзерлермен, дезинфекциялаушы кілемшелермен, бетперделермен, қолғаптармен қамтамасыз етілген.