Мемлекет басшысы қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында суландыру жүйесін қайта қарап:
-Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет,-деген болатын. Осы мақсатта Түркістан облысында жобалар қолға алынуда. Мәселен Келес ауданының Қошқарата ауылдық округінің шаруаларының ағын су тапшылығы мәселесі шешімін тапты. 4 шақырымнан асатын канал күрделі жөндеуден өтті. Су арнасы 300 гектар көлемдегі егінді жерді сумен қамтамасыз етеді. Күрделі жөндеу жүргенге дейін соның 70 гектары ғана ағын сумен қамтылған болатын. Енді 300 гектар жер толығыменен айналымға қосылып, игерілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінде егін шаруашылығын дамытуда орасан зор қызмет көрсетуде. Күрделі жөндеу жұмыстары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран Су» КММ мекемесі тарапынан жүргізілген.
Жалпы, Келес ауданында өткен жылы 92 шақырым болатын каналдар мен қашыртқылар механикалық және ағымдағы жөндеуден өткізілді. Биыл 50-ден астам су жүйелері, ұзындығы 200 шақырымнан асатын су нысандарының сметалық құжаттары әзірленіп, механикалық тазалауға дайын тұр.
Оның 90 шақырымы бірінші кезекте механикалық тазалаудан өткізілетін болады. Ұзындығы 25 шақырымнан астатын Саңырау және Игілік каналдарын күрделі жөндеу жасау үшін сараптаудан өтіп, биыл жөндеу жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр.