Түркістан қаласасының әкімі Рашид Абатұлы Әкімшілік-іскерлік орталықтағы көпқабатты үйлер аумағында жүргізіліп жатқан көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімдігі баспасөз қызметі хабарлады. Мұнда 7 қабатты 24 үйдің ауласында абаттандыру, яғни тасжол төсеу, газон егу және аяқжол тастарын төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Рашид Аюпов аталған жұмыстармен айналысып жатқан мердігер мекемені сынға алып, жұмыстың өте баяу екенін айтты. Сенбі күнде жұмысшылардың құрылыс алаңында жоқ екенін ескертіп, көгал егілген топырақ арасындағы тастарды тазалап, аяқжолды екі күн ішінде ретке келтіруді тапсырды.
"Халық жайлылығы үшін жасалып жатқан дүниелерге салғырт қарамаңыздар. Мұның барлығы тұрғындардың қаржысына атқарылып жатыр. Сол себепті, істеріңіз де сапалы әрі тиянақты болуы қажет", - деген Рашид Абатұлы, "Құрылыс бөліміне" сенбі-жексенбі күндері жұмысшылардың жұмысын тоқтатпауын және ауысыммен жұмыс істеуін қадағалау қажеттігін айтты.
Одан өзге, егілген ағаштардың күтімі төмен екенін айтып, қураған ағаштарға арнайы күтім жасап, суару жүйесін кестеге сай жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, Ж. Майкотов көшесі бойындағы құрылыс қалдықтары мен жеке үй тұрғындарының тастауымен іші қоқысқа толған ескі канал ішін дүйсенбіге дейін тазалау бойынша "Инфрақұрылым және коммуникациялар бөліміне" тапсырма берді.