Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында ауыл шаруашылығында суландыру жүйесін жаңа технологиялармен қамтамасыз ету міндетін жүктеген болатын,. Осы мақсатта Түркістан облысы Шардара ауданында бірқатар жобалар жүзеге асуда.
Жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардара ауданына жұмыс сапары барысында өңірдегі маңызды жобалардың бірі - Жаушықұм алқабын суландырумен танысты. Шаруалармен кездескен облыс басшысы облыста аумағында жаңадан айналымға қосылатын суармалы жерлердің арттыруына аса мән берілетінін айтты. Аймақ басшысы Жаушықұм массивіндегі 12 мың гектардан астам алаңдағы су таратқыш және сорғы станциясын қайта құру жобасын пысықтады. Суармалы жердің қосылуы нәтижесінде 2,5 мың га жерге көкөніс, 2 мыңдай гектарға картоп, 3 мың гектардан астам жерге бақша, мың гектардан астам алқапқа сүрлемдік жүгері, 3 мың га аса жерге жоңышқа егіліп, жыл сайын 11 млрд . теңгеге 523 мың тонна көлемінде азық - түлік және мал азықтық өнімдері өндірілетін болады. Сонымен қатар 12500 адамға тұрақты жұмыс орындары ашылады. Аталған мәселе министрлік тарапынан қолдауды қажет етеді.
«Мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауыл-аймақтың әлеуеті арта түсуде. Түркістан облысы аграрлық аймақ саналатындықтан және ауыл шаруашылығының болашағы жердің сапасы мен құнарлығына тікелей байланысты болғандықтан, аталған мәселені шешу маңызды», - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Облыс әкімімен кездескен ауыл диқандары екі айда пісетін қарбыз бен болгар бұрышын еккен. Шаруалар 1 гектардан 1,5 млн теңгеге дейін табыс табатындарын айтты. Соңғы жылдары ауданда күріш өсіру мықтап қолға алынған.
Облыс басшысы 40 жылдан астам уақыт бұрын қабырғасы қаланған «Шардара» мектеп - лицейін аралады. 6 мың шаршы метрге жуық жерде орналасқан білім ұясы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ол үшін 350 миллион теңгеден астам қаражат қажет. Мектепте 1500 ден астам жуық оқушы оқиды. Білім ұясын аралап шыққан облыс басшысы мәселені мақұлдады.