Түркістан қаласын көгалдандыру бағытындағы жұмыстар нәтижесін беріп келеді. Қалада және оның айналасында көптеген көшеттер егілді. Көшеттердің күтіміне де баса мән берілуде.
Түркістан қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс басшысы Өмірзақ Естайұлының тапсырмасына сай қаланың климаттық көрсеткіштерін жақсарту жолында 2019 жылдан бері 327 072 түп ағаш және 982 705 шаршы метр көгал егілген. Қаланың Бас Жоспарына сәйкес 2021 жылы 80 000 түп ағаш және 122 000 шаршы метр көгал егу жобасы әзірленіп, мақұлданған.
Оның ішінде басымдылық жемісті және ірі жапырақты ағаштарға берілмек. Яғни, алма, шие, өрік пен катальпа, емен, талшын, шынар түп ағаштың 60 пайызы келешекте көлеңке сыйлап, күннің ыстығы мен желден қорғау мақсатында отырғызылуда.
Жуырда Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов қаладағы көгалдандыру жұмыстарының барысымен танысты. Рашид Абатұлы, абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуін, көгал мен ағаштардың күтімін жоғары деңгейде атқарылуын талап етті. Арнайы арықшалардың да осы мақсатта салынып жатқанын ескере, уақытылы суару, қажетті дәрі-дәрмек қолдану арқылы емдеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.