Жетісай аудандық полиция бөліміне арызданып келген жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғандығын жеткізген. Оның айтуынша, сырттай танысы «мүгедектікке шығарып беремін» деп сеніміне кіріп, 220 000 теңгесін алған. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық " бойынша тіркелді.
Хабар алысымен жетісайлық полицейлер жедел әрекет етіп, тұрғынды алдап, ақшасын алып кеткен күдіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді. Алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жәбірленушіден нақты ақпараттар алды. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталып, ол тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Күдікті бұрын бірнеше рет сотты болған жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.
Осы істі соңына жеткізіп, тергеу жүргізу үшін Жетісай АПБ-ның аға тергеушісі, полиция майоры Ғабит Қанадилов бекітілді. Оның айтуынша: «Бұл алаяқтық қылмысын тергеу үшін 1 айдан уақыт кетті. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жасадық. Нақты дәлелдерді келтіре отырып, іс-құжаттарын жинадық. Соның нәтижесінде алаяқ ер адам бірінші жәбірленушіден бөлек, тағы 3 ер адамды алдап ақшаларын алғанын анықтадық. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 700 000 теңгеден асады. Іс 2 томды құрады. Жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолдадық. Бүгінде Жетісай аудандық соттың шешімімен 4 бірдей азаматты алдаған 30 жасар жұмыссыз алаяқ жігіт кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылды»-деп атап өтті.
Бүгінгі таңда, мемлекеттік жеңілдетілген жәрдемақыларды алып беремін деп алаяқтық жолмен азаматтарды алдап, сенімге кіріп, соңында полицейлердің көмегіне жүгініп жатқандар көбеюде. Сондықтан, Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін айтады. Егерде сіз осындай қылмыстардың куәгері немесе құрбаны болсаңыз, онда міндетті түрде полицияның жедел желісі «102» нөміріне хабарласыңыз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі