Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Ол арызында өзінің сауда-саттық үйіне белгісіз біреулер түнгі уақытта кіріп, 3 бірдей «Айфон 12» ұялы телефонын жымқырып кеткенін көрсеткен. Осы оқиғаға байланысты тәртіп сақшылары хабар алысымен жолға шықты. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап, күдікті ретінде танылған Алматы облысының тұрғынын ұстады. Сондай-ақ тәртіп сақшылары орта жастағы күдікті азаматты ПБ-ға жеткізіп, орын алған жайттың ақ-қарасын ажырату мақсатында тергеу амалдарын жүргізді.
Белгілі болғандай, күдікті азамат жәбірленушінің қол астындағы жұмыскері болып шықты. Жәбірленуші азамат ұялы телефондарды өз жұмысшысына сеніп тапсырған. Алайда күдікті сеніп тапсырылған телефондарды өз пайдасы үшін жымқырып, ізін суытқан. Сондай-ақ күдікті қолды еткен ұялы телефонды арзан бағада сатып үлгерген. Полицейлер бұл жайтты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеді.
Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 1 500 000 теңге. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдікті азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жалғастыруда.
Өз кезегінде полицейлер тұрғындарға бейтаныс азаматтарға артық сенім білдірмеуге шақырады.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі