Түркістан облысында полицейлер заңсыз мал тасымалдаған автокөлікті тоқтатты. Нәтижесінде құжатсыз қой тасыған азаматқа хаттама толтырылды. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Отырар ауданы ПБ-ның қызметкерлері мал ұрлығын алдын алу мақсатында, жоспарға сәйкес профилактикалық іс-шараларды жиі ұйымдастыруда. Тәртіп сақшыларының күнделікті атқарып отырған жұмыстарының нәтижесінде, Отырар ауданы Арыс ауылы көшесінің бірінде «Ваз-2115» маркалы автокөлігіне тіркеме тіркеп, мал тасымалдап бара жатқан автокөлік анықталды. Аталмыш көлік иесі 6 бас қойды ветеринариялық ілеспе құжатынсыз сату мақсатында мал базарға алып бара жатқан.
Белгілі болғандай, 2 бас қой көлік иесінің малы болса, қалған 4 бас қой жолаушының уақ малы болып шықты. Полиция қызметкерлері аталған мал иелеріне қатысты ӘҚБтК-нің 406-бабы, яғни «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша хаттама түзді. Сонымен қатар жинақталған іс құжаттарды заңды шешім қабылдау мақсатында тиісті орынға жолдады.
Отырар ауданының полицейлері мұндай рейдтік іс-шаралар жиі өткізіліп тұратындығы туралы хабарлайды. Сондай-ақ мал ұстаушы аудан тұрғындарына келеңсіз жағдайлар орын алмас үшін, өз жеке меншік малдарының қараусыз немесе бақташысыз жүрмеуін қадағалауды және ветеринарлық құжат рәсімдеп, түгел таңбалап сырғалау жұмыстарын жүргізу керектігін ескертеді.