Сарыағаш АПБ-не жеке меншік мекемеден қатынас хаты келіп түседі. Онда мекемеге тиесілі 2 миллион теңгеге жуық ақшаны белгісіз тұлға алаяқтық жолмен иеленіп алғаны көрсетілген. Яғни мекеме, тұрғындардан 2019 жылдың ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларында пайдаланған табиғи газ өнімдерінің төлемақыларын төлеуді талап еткенде, олар төлеп қойғандарын жеткізген. Алайда мекемеге ешқандай ақша түспеген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Орын алған алаяқтық қылмысы бойынша полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде осы қылмысқа күдікті ретінде мекеменің қызметкері анықталып, ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Полицейлер аталмыш күдіктіні аудандық полиция бөліміне жеткізді.
Тергеу барысында анықталғандай мекемеде бақылаушы болып қызмет атқаратын ер адам өзінің арам ойын іске асырған. Тұрғындардың сеніміне кіріп, төлем алу міндетіне жатпаса да үйді-үй аралап, мекемеге тиесілі қаражатты жинап алған. Осылайша күдікті пайдакүнемдік ниетпен алынған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жібергені белгілі болды. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда ұсталған жас жігітке қатысты тергеу амалдары жүруде.
Түркістан облысы полицейлері облыс тұрғындарына кез келген жанға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Азаматтарға әр түрлі алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін қырағы болуды ұсынады. Таныс емес адамдарға мүліктеріңізді, жеке мәліметтеріңізді, банк шоттарының кодтарын және ақшаларыңызды, басқа да ақпаратты бермеңіз. Сақ болыңыз және күмәнді қызметтерді ұсынатын адамдардан оңай пайда табуға үміттенбеңіз. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға 102 телефоны арқылы хабарласыңыз.