Өткен жылдың жазында біршама кісі қаржы пирамидасына алданып, полиция басқармасына арыз жазған еді. Белгілі болғандай алаяқтар тек бір аудан тұрғындарын ғана құрыққа түсірмей, жан-жақты жайпаған. Бүгінде облыс көлемін алаяқтық ісі жиілеп әрі көбейе түскен. Оларды әлеуметтік желіден де аңғарып отырамыз. Көбіне аңғал ауыл азаматтары мен азаматшалары құрыққа түсіп, сан соғып жатады. Кейде жау алыстан емес, өз жақынынан да келіп жатады. Бүгінгі есеп беру жиынында Қайрат Дәлбеков алаяқтық ісі бойынша да айтып өтті.
– Өңір тұрғындарын шулатқан Индиго 24 пирамидасы өткен жылдың ең маңызды алаяқтық ісі болды. Бұл іспен біздің тергеу басқармасының тәжірибелі мамандарынан тұратын арнайы топ айналысуда. Күдікті деп танылған 15 азамат қамауға алынды. Шығын сомасы шамамен 2 миллиардтан асты. Аталған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу қатаң бақылауда тұр. Осы тұста айта кететін жайт, «Мемлекеттен жер, баспана, жәрдемақы алуға көмектесемін, жұмысқа тұрғызамын» деп жалған уәделерге сенім артпаңыз. Олар әдейі сенімізге кіріп табыс табады. Қандай жағдай болмасын, заңды жолмен шешкен дұрыс, - деп сақтыққа шақырды Қайрат Дәлбеков.
Есеп беру жиынына желі арқылы 2000-нан астам желі қолданушысы қатысты. Олардан 700-ден аса пікірлер мен сұрақтар келіп түсті. Басым бөлігі ПД қызметкерлерінің жұмысына оң баға беру мен алғыстар туралы болды. Оның ішінде Бәйдібек ауданының тұрғыны жоғалған 7 бас жылқысын тауып берген тәртіп сақшыларына алғыс айтты. Онлайн арқылы облыс тұрғындарымен тікелей тілдескен генерал барлық сауалдарды жауапсыз қалдырмады. Жиынға қатысқан қала, аудандық және құрылымдық полиция басшылары да өз аумақтарына қатысты пікірлерді назарға алып, бірден жауап берді.
Бас полицейге қойылған сұрақтардың ішінде «Түркістан қаласындағы жол-көлік апаттарының орын алуы мен статистикасы» туралы сауал болды. Бұл сұраққа Қайрат Дәлбеков тоқталып өтіп, қосымша ТО ПД ЖПҚ бастығы полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықов нақты көрсеткіштерді келтіре отырып жауап берді. Яғни Түркістан облысында жол-көлік оқиғалары 8,7%-ға, ал облыс орталығында 17,4 %-ға төмендеген. Сондай-ақ, бұл көрсеткіштер полицейлердің қарқынды жұмыстары мен іске қосылған бейнебақылау камераларының арқасында қол жеткізілген. Ел тыныштығын күзеткен тәртіп сақшыларының жұмысына сәттілік тілейміз.