Түркістан облысының полицейлері жол көлік оқиғасын болдырмау мен алдын алу мақсатында рейдтік шараларды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Осындай кезекті патрульдеу кезінде Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мас халде көлік басқарған жүргізушіні анықтады.
Тарқатып айтар болсақ, тәртіп сақшылары сағат 13:00 шамасында Леңгір қаласы бағытына қарай ВАЗ-21074 маркалы автокөлігін дұрыс жүргізбей келе жатқан көлікті тоқтатты. Тексеру кезінде полицейлер жүргізушінің құжатының жоқ екенін білді. Ал көлік иесін сараптамадан өткізу кезінде, оның мас халде екені белгілі болды.
Анықталғандай, жүргізуші 2021 жылы Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған. Дегенмен ер азамат көлік құралын басқаруға тыйым салынғанына қарамастан, қайта рульге отырған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігімен «Көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамды көлік құралын жүргізуге жіберу» тіркелді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауды ескертеді. Ішімдік ішіп, көлік айдаудың соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Ендеше жүргізуші: Өзіңіздің және өзгелердің өміріне жауапты екендігіңізді ұмытпаңыз!
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі