9 мамыр - "Жеңіс күні" мерекесіне орай Келес АПБ қызметкерлері бірқатар ардагер полицейлердің үйіне барып, құттықтап қайтты. Атап айтсақ, Түркістан облысы ПД ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, Келес ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Б. Көшкінбаев және полиция полковнигі Саттар Отыншиев бастаған топ зейнетке шыққан ардагер Сейдір Көлгінов пен ардагер полицей Нұрғали Базарбаевты және қызмет бабында қаза тапқан Мұхтар Сарыбаевтың жұбайын мерекемен арнайы барып құттықтады. Оларды Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденовтың атынан алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтарын табыстады. Ардагерлер келген жеке құрамға қызмет бабындағы бастарынан өткен қызықты жайттарды айтып, біршама уақыт әңгіме дүкен құрды.
Айтулы мерекелерге ерекше дайындық жасайтын
келестік полицейлер мұнымен тоқтап қалмады. Тәртіп сақшылары аудандық мәдениет үйімен бірлесіп, орталық алаңдағы монументке гүл шоқтарын қою рәсімін өткізіп, концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Арнайы шараға тыл ардагерлері, полиция ардагерлері және мектеп оқушылары қатысты. Бұл ретте де тәртіп сақшылары Ішкі істер органының 4 бірдей ардагеріне алғыс хаттар табыстап, сый-құрметтерін аямай көрсетті. Оқушылар аға буын өкілдеріне арнау өлеңдерін оқып, патриоттық әндер шырқады.
Сонымен қатар "Келес халық театры" тобының әзірлеген "Мәншүк" қойылымы көрермендердің назарына ұсынылды.
Тағылымы мол іс-шарадан керемет әсер алған қонақтар сақшыларға алғыстарын айтып, мәз-мейрам болып тарқасты.