Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін Бішкектің Бірінші май аудандық сотында бірнеше қылмыстық іс, соның ішінде бес жылға созылған Қой-Таш оқиғасы бойынша сот процесі жалғасты.
Кеңесу бөлмесінен оралған судья Әзірет Медеров экс-президент Алмазбек Атамбаевты 11 жыл 3 айға соттауға үкім шығарды. Оның мүлкі тәркіленеді, мемлекеттік наградаларынан айырылады.
Сондай-ақ Атамбаевтың серіктестеріне де үкім шықты:
Фарид Ниязов – 7 жыл 8 ай;
Равшан Жээнбеков – 7 жыл 8 ай;
Атамбаевтың бұрынғы оққағары Қанат Сағымбаев – 7 жыл 6 ай. Бірақ бас бостандығынан айырудан 5 жылға пробациялық бақылауға жіберілді;
Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Абдылда Суранчиев – ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазасыз қалды;
Нарын облысы губернаторының бұрынғы орынбасары Исабек Әбдіғазиев – ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазасыз қалды.
Бұлардан бөлек, тағы бірнеше адам сотталды.
Айта кетейік, 2019 жылдың 7 тамызында Қырғызстанның арнайы жасағы Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденциясын шабуылмен алуға тырысқан болатын. Келесі күні арнайы жасақ Атамбаевты резиденциясынан алып шықты.