Елдің жанайқайына елең етпеуге еті өліп кеткен әкімдер әдеттегідей Елбасы мәселе көтергеннен кейін ғана әрқайсысы өз өңірінде дүбірлеп басталып күбірлеп аяқталатын науқандық іс-шараға білек сыбанып кірісіп кетті. Кешегі күні сәрсенбіні сәтті болар деді ме, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та монополистерді жинап, президенттің тапсырмасына сәйкес тарифтерді төмендетуге шақырды. Бірақ Елбасының тапсырмасын тыңдап әрі әкімнің сөзін сыйлап тарифті төмендетуге бәтуа байласуға ыңғай танытатын сыңай монополистер тарапынан сезіле қоймады. Жиында тек Шымкентті ауыз сумен қамтамасыз ететін «Су ресурстары-Маркетинг» кәсіпорнының бақылаушылар кеңесінің төрағасы Анарбек Орман судың тарифі Шымкентте жоғары екенімен келісіп, қолда бар резервтерді ескере отырып, тарифті қайта қарауға дайын екенін хабарлады. Қалғандары әр алуан сылтауды алға тартты, қысқасы нақты нәтиже жоқ. Сонымен қалада жылудың тарифі өзгеріссіз қалатын болды. Жарық пен газдың тарифі де әзірге баяғы қалпынан ауытқымайды. Себебі монополистердің айтуынша, тарифке жарық пен газды сатып алу құны әсер етеді, тағысын тағы да жаттанды желеулер.
Түркістан облысы мен Шымкентте коммуналдық салаға қатысты түйткілді мәселелердің көптігі рас. Соның ең бастысы газ бен жарыққа қатысты. Республикада «көгілдір отынға» төлемақыны ең көп төлейтін өңір Шымкент пен Түркістан. 1 текше метр газдың бағасы 35 теңгеге жуық. Бұл әсіресе, қыста үйді газбен жылытатын ауылдағы халыққа қиын. Айына 30-40 мың теңгені бір ғана газға беріп отыруға екінің бірінің жағдайы көтере бермейді. Газдың тарифіне қатысты мәселені соңғы 2-3 жылдың көлемінде депутаттар, әкімдер көп көтерді. «ҚазТрансГаз» республика бойынша газ тарататын бірден-бір оператор болғандықтан бүкіл Қазақстанға бірыңғай тариф белгілесін, сонда Шымкенттегі баға түседі» деген ұсыныстар айтылған. Бұған «ҚазТрансГаз» көнбеді. Ақыр аяғында облыстық әкімдік, «ҚазТрансГаздан» бас тартып, газды батыстан емес, көршілес Өзбекстаннан алатын болған. Алайда бұл жай ғана сөз жүзінде тұр. Бейресми дереккөздеріндегі мәліметтерге қарағанда, президенттің күйеу баласы басшылық ететін «ҚазТрансГаздың» қызметінен бас тарту үшін шенеуніктерге батыл бастама ғана емес, көзсіз ерлік қажет. ...Президенттің Қауіпсіздік Кеңесінде айтқан сөздерінен кейін не өзгереді? Әй қайдам, бірдеңе өзгереді деу қиын. Бірақ Шымкент пен Түркістанда тарифке қатысты жиындар әлі жалғасып жатыр.
Сондай жиынның бірі апта басында Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімдігінде өтті. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұркөз Жаңабаев, Шымкент пен Түркістан бойынша антимонополиялық департаменттің басшыларының қатысуымен өтті.
Халыққа жарық, газ, ауыз су беретін мекеме басшыларын алдарына келтірген олар алдымен «ҚазТрансГаздың» басшысына сұрақты төтесінен қойды. «Газдың тарифін қашан төмендетесіңдер?». Алайда мінбеге шыққан мнополистер міз баққан жоқ.
«ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің облыстағы филиалы директорының орынбасарымын деп таныстырған Азамат Ысмағұловтың айтуынша, дәл қазіргі уақытта бағаны төмендету мүмкін емес. Себебі көтерме газдың бағасы қымбат. Оның үстіне газды тасымалдау құны да жылдан жылға ұлғайып келеді екен. Ысмағұловтың сөзінің түйіні мынау: газдың бағасы 1-2 жылда қымбаттамайды, бірақ төмендемейді. Оңтүстіктегі қымбат тариф газдың батыс өңірден, алыстан тасымалдаумен байланысты.
Жиында сөз алған облысты электр энергриясымен қамтамасыз ететін «Оңтүстік Жарық» мекемесінің өкілдері де жарыққа дәл қазір тарифтің төмендемейтінін алға тартты. Себебі облыс электр энергиясының 80 пайызын солтүстік облыстардан тасымалдайды. Өңірде электр желілерінің ұзындығы көп. Сол себепті шығын да көп.
Дегенмен антимонополиялық мекеменің өкілдері қазір газ бен электр қуатын сатып алу құнын төмендету мәселесінің қаралып жатқанын айтты.
-Егер газ бен электр қуатының көтерме бағасы төмендесе тарифті де төмендетуге мүмкіндік бар,-дейді олар. Сонымен бірге антимонополиялық мекеменің қызметкерлері «ҚазТрансГаз»-бен арада сот процесінің басталғанын, газ таратушы монополиске тарифті сот арқылы мәжбүрлі түрде төмендету жағы да қарастырылып жатқанын алға тартты.
Ал мұның соң нақты нәтижемен аяқтала ма, шенеуніктер монопоистерді тәубесіне түсіре алады ма, әлде бәрі бір реттік науқанмен біте ме, мұны енді уақыттың еншісіне қалдырдық.
P.S. Түркістан облысы мен Шымкент қаласына жарықты тасымалдаумен «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі айналысады. Ақпарат құралдарына жарияланған мәліметтерге қарағанда, аталған компания тарифті негізсіз өсіріп, заңсыз пайда тапқан. Мұны прокуратура анықтағанға ұқсайды (егер анықтаса бұған дейін ай қарап жүрген бе дейсің). Аталған монополиялық кәсіпорын атушылы мултимиллионер Дінмұхаммед Ыдырысовқа тиесілі. Ыдырысовтың сондай-ақ, Шымкентте электр қуатын сатумен айналысатын «Энергопоток» деп аталатын тағы бір компаниясы бар.
«ҚазТрансГаз» бен «Оңтүстік Жарыққа» қатысты тақырыпқа біз әлі тоқталатын боламыз.
"Рейтинг" газеті