Әдебиет бойынша 2018 жылғы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғандар тізімінен көрнекті прозашы Мархабат Байғұттың «Әпкемнің ауылы» кітабын көріп, тілеулес қаламгерлермен бірге қалың оқырмандары да қуанған едік. Баспасөз де қолдап, жан-жақты жазды.
Жақында естідік, үш бірдей ақынды өткізіпті. Ал, алғашқы дауыс беруде, әдебиет секциясында ең көп дауыс алған прозашы Мархабат Байғұт пен ақын Ғалым Жайлыбай қалып қойыпты.
Жақында бір топ кісілер бас қостық. Қаламгерлер, кітапханашылар, музей қызметкерлері, еңбек ардагерлері, жастар бар. Бәріміз қатты таңдандық. Жиырма шақты кітабы, оның ішінде «Әпкемнің ауылы» жинағы, баспасөздегі өткір публицистикасы оқырмандар жүрегіне жол тапқан, орыс, украин, түрік, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, саха тілдеріне аударылған, Түркияда «Дауыстың түсі» деген қалың кітабы шыққан Мархаббаттан обал болды дедік. Атақты Нобель сыйлығы 2013 жылы әңгімелер жинағы үшін канадалық жазушы Элис Мунроға берілген еді. Бізде әңгімелер жинағының әдейі шеттетілгені өте ұят болды.
«Әй, қойыңдар, -- деді бір ақынжанды ағамыз, - кезінде классик жазушымыз Бердібек Соқпақбаевқа да дәл осылай берілмеген. Оны естіген ұлы ақын Қадыр Мырза Әлі: «Біз Бердібекке Мемлекеттік сыйлықты баяғыда беріп қойғанбыз» деген екен».
Жиналған жұрт: «Ия, ия, Мархабат Байғұтқа да бұл сыйлық әлдеқашан беріліп қойған» десіп тарасты. Түркістан облысы мен Шымкенттің жұртшылығы М.Байғұтты ең көп оқылатын, кездесулерге ең көп шақырылатын қаламгер, қоғам қайраткері ретінде құрмет тұтады. Ол – қазіргі замандағы қазақтың қалаулы қаламгері, ең сүйікті жазушымыз.
Шерім Медеуов,
Арыс, Шымкент қалаларының Құрметті азаматы, тыл және еңбек ардагері, әлем әдебиетінің белсенді оқырманы