Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жаңа жыл мерекесі алдында мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық ұсынбау жөнінде арнайы хабарлама таратты.
-Жаңа жыл қарсаңында мемлекеттік қызметкерлерге көрсеткен қызметтері үшін әдеттегідей алғыс білдіріп, сый-сияпат жасаудан бас тартуға шақырамыз. Егер берілген сыйлық құны 2 айлық есептік көрсеткіштен (4810 теңге) артық болса, онда сыйлық беруші азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қызметкер мемлекеттік қызметті атқарғаны және өз міндетін орындағаны үшін заң бойынша мемлекеттік тұрғыда ай сайын жалақы алады, - делінген агенттіктің Фейсбуктегі парақшасындағы жазбасында.
Заңда мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаларға немесе оларға теңестiрiлген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңiлдiктер беру не қызмет көрсету (егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса 676-бап) - 200 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғатыны айтылған.
Шенеунікке жай ғана бір қорап конфет ұсынып, қылмыстық жазаға тартылғандар да бар. Петропавлда бір азамат қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының үкімімен облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманына құны 600 теңге тұратын «Rafaello» кәмпитін заңсыз бергені үшін 200 АЕК көлемінде (481 000) айыппұл төлеуге сотталған. Екінші азамат, облыстық статистика департаментінің екі қызметкеріне желтоқсан мерекесі кезінде әр қайсысының бағасы 3 мың теңгеден аспайтын «Молочная леди» және «Темный Ларри» торттарын сыйлағаны үшін 481 000 теңге айыппұл төлепті.