Байқасаңыздар, соңғы кездері елдегі маңызды мәлімдемелер, үндеулер тоғыз санымен байланысты болып жатыр. 19 наурызда Президент отставкіге кетті. 9 сәуірде Тоқаев халыққа мәлімдеме жасап, мерзімінен бұрын Президент сайлауын тағайындады. Сайлау 9 маусымға белгіленді.
Президент сайлауы тағы да Конституцияда белгіленген мерзімінде өтпейтін болды. Негізгі заңда кезекті президент сайлауының желтоқсанның бірінші жексенбісінде өтетіндігі, ал сайланған президенттің қаңтардың екінші сәрсенбісінен бастап іске кірісетіндігі жазылған. Соңғы 20-25 жылдың көлемінде желтоқсанның бірінші жексенбісіндегі сайлау тек 2005 жылы ғана өтті. Президентті сайлайтын мерзімді Ата Заңмен сәйкестендірудің реті осы жолы келді ме деп едік. Бұл ой тағы да іске аспай қалды. 2019 жылдың маусымында сайланған президенттің өкілеттігі 2024 жылдың маусымында аяқталады. Яғни төрт жылдан кейін тағы да сайлау өткізетін мерзімді анықтай алмай бас қатыратын боламыз.
Сайлаудың мерзімін жария ету Тоқаевтың Президент ретінде Қазақстан халқына жолдаған алғашқы үндеуі болды. Үндеуде маңызды деген бір-екі жеріне тоқтала кеткенді жөн санап отырмыз. Президент:
- Жауапты шешім бойынша Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ақылдастым. Парламенттің қос палата спикерімен, Премьер-Министрмен кеңестім. Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгіндім. Парламенттегі партия жетекшілерімен кездестім,- деді. Яғни, Тоқаев сайлауды маусымда өткізіп жіберудің тікелей Елбасының нұсқауымен жүргізіліп жатқанын жасырған жоқ. Бұған дейін жоғарыдағылар сайлау науқанының күн ыстықта, жұрттың демалысқа кететін кезінде өтпейтінін айтушы еді. Тоқаевтың үндеуінен кейін зиялы қауым, қоғам қайраткерлері сайлау өткізудің дер кезінде қабылданған шешім екендігін жарыса айтуға көшті. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бізде бір рет қана сайлау жаз айында өткен. Ол 2007 жылдың 18 тамызында болған Парламент сайлауы еді. Маусым, шілдеде ешқандай саяси науқан болмаған. Бұл неғылған асығыстық?
- Жоғары билік заңды және бейбіт жолмен ауысты. Бүкіл әлем қоғамдастығы осы оқиғаны түсіністікпен және құрметпен қабылдады. Мемлекет басшысы ретінде мен өзімнің міндетімді және жауапкершілігімді терeң сезінемін. Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз - біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек. Сондықтан, елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін,-деді Мемлекет басшысы. Президент қандай айқындық туралы айтып отыр? Бәлкім ол өзін күтпеген жерден президенттің тағына топ ете қалғаны үшін ыңғайсыз сезіне ме? Расында да Тоқаев Президент ретінде сайланған жоқ, тағайындалды. Сондықтан Тоқаевтың бұл сөзін Президент ретінде халықпен сайланып, көңілін жайландырып алғысы келді деп топшылауға әбден болатын сияқты.
- Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! - деді Президент. Дәл қазір Тоқаев сайлаудың әділ өтетініне ғана емес, оған өзінің қатысатынына және жеңіске жетініне де кепілдік бере алатын шығар.
Сонымен, бұл сайлауда кімдер бақ сынауы мүмкін? Бұған дейін ерінбеген сарапшылар Назарбаевтың орнын басуы мүмкін деген «мұрагерлердің» тізімін іріктеп отырушы еді. Бірақ қазіргі жағдайда бұлай істеу мүмкін емес. Бәрі заңға, тәртіпке сәйкес айқындалады. Елбасы өзінен кейінгі кандидаттардың бір-бірімен бәсекелесіп, қырқыспауын баяғыда-ақ қамтамасыз етіп қойған. Заңға сәйкес сайлауға кандидатты республикалық қоғамдық ұйымдар, оның ішінде саяси партиялар ғана ұсына алады. Ешкім өзін-өзі ұсына алмайды. Ал биліктің партиясы «Нұр Отан» сайлауға тек жалғыз кандидатты қатыстырады. Бұл жалғыз кандидат партияның съезінде көпшілік дауыспен айқындалады. Басқалардың осы шешіммен келіспесіне амалдары жоқ. Яғни, бүгінгі жағдайда жалғыз кандидаттың тек Тоқаев болатыны анық. Сайлауда Дариға Назарбаеваның кандидатурасы туралы әңгіме қозғау артық. Спикердің көмекшісі Сәуле Мұстафаева Назарбаеваның бұл сайлауға түспейтінін Үндеуден кейін бір-екі сағаттың ішінде жариялап қойды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли ҚазАқпаратқа берген түсініктемесінде сайлауға кандидатты қоғамдық ұйымдар немесе партиялар ұсынатынын, ал шешімнің партияның съезінде қабылданатынын айтты. Билік партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова ақпарат құралдарына берген сұхбатында съезд өткізу, кандидат ұсынудың алдағы 20 күннің ішінде шешілетінін мәлім етті. Яғни, сценарий ешқандай тосын жаңалықсыз жүзеге асады деген сөз. Мәселе сайлаудан кейін не болатынында. Тоқаевтың «президенттік ғұмыры» қанша уақыт болмақ? Сайланып жатса толық мерзімі біткенше билік тізгінін ұстай ала ма, әлде бел ортада денсаулығына немесе басқа жағдайларға байланысты өкілеттігінен өз еркімен бас тарта ма? Мұндай жағдайда президенттік Сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның қолына көшетіні айтпаса да түсінікті. Кім біледі, алдағы бірер жылда сәтті жүзеге асқан, сыннан өткен тәсіл тағы да жүзеге асып қалуы әбден мүмкін.
Соныменен бұл сайлауда негізгі қарсыластар кімдер болады деген сұраққа қайта оралсақ. Додаға Коммунистер (Қазақстан коммунистік халық партиясы) бір кандидатты шығаруы мүмкін. Бірақ оның жасы сексеннен асып кеткен хатшы В.Косарев еместігі айдан анық. Орталық комитет өткен сайлаудағыдай Жамбыл Ахметбековті немесе басқа бір хатшыны қатыстырады. Бәлкім Елбасы отставкіге кеткен кезде еңкілдеп жылауға әзер қалған «Ақжолдың» төрағасы Азат Перуашев те Тоқаевпен үзеңгі қағыстыратын шығар. «Ауылдың» төрағасы әрі Сенат депутаты Әли Бектаев та додадан сырты қалмауы мүмкін.
Сарапшылар Алматы, Астана қалаларының тұрғындары арасында «бұл сайлауда бақ сынауға қандай шенеунік лайықты?» деген сұрақ төңірегінде сауалнама жүргізіпті. Көпшілік Тоқаевты басты кандидат ретінде атапты. Біз өз тарапымыздан таразының екінші басында тұруға лайықты, ең құрығанда 20-30 пайыз дауыс алуы мүмкін деген екі-үш кандидатты атағанды жөн көрдік. Енді сол кандидаттарға тоқталсақ.
Иманғали Тастамағамбетов. Оның жасы биыл 63-ке, яғни зейнет жасына толады. Тоқаевпен салыстырғанда Тасмағамбетовтың көп артықшылығы бар. Мемлекеттік қызметте тәжірибесі өте мол. Бұған дейін де жазғанымыздай, қазақстандық шенеуніктердің ішінде үкіметті де басқарған, Президент әкімшілігіне де жетешілік еткен, министр де, вице-премьер де, облыстың әкімі де, елші де болған Тасмағамбетовтан басқа ешкім жоқ. Тасмағамбетов Алматы мен Астана қалаларының әкімі қызметін де атқарды. Елбасының ең жақын серіктерінің бірі болды. Ол 2017 жылдан бергі аралықта Қазақстанның Ресейдегі елшісі.
Соңғы мәрте Тасмағамбетов Тоқаевтың Мәскеуге жасаған сапарында төбе көрсетті. Мұның алдында ол Мәскеуде өткен Наурыз тойына қатысқан. Елшіліктің сайтында жарияланған фотосуреттерге қарағанда соңғы кездері Ресейдің жайсыз табиғаты әсер етте ме, әйтеуір Тасмағамбетовтың жүзінен шаршағандық, қажығандық байқалады. Самайындағы шашының ағы көбейіп, елшінің бет-әлпетінен солғындықтың нышаны білінеді. Тасмағамбетовтың «Нұр Отан» партиясының мүшесі екендігі белгілі. Яғни, оның дәл қазір Президент сайлауына түсе қоюы екіталай.
Жармахан Тұяқбай. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы. Жасы биыл 72-ге келеді. Қазіргі Түркістан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Қазақстанның тұңғыш бас прокуроры. 1999-2004 жылдары аралығында Мәжілістің төрағасы болды. Осыдан кейін оппозицияға кетті. 2005 жылдың желтоқсанында өткен президент сайлауына қатысып, ресми мәлімет бойынша 6-7 пайыз дауыс алды. Соңғы жылдары бар-жоғы белгісіз Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының төрағасы. Қазақстанда билікке ашық қарсы шыққан адамның нендей күйге ұшырайтынын Жармахан Тұяқбайдың өмір жолынан айқын байқауға болады десек қателеспеуіміз мүмкін. Бірақ жасы 72-ге келген, саяси белсенділігі мүлдем өшкен Тұяқбайдың президент сайлауына түсе қоюы нейғабыл.
Әкежан Қажыгелдин. Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі. Жасы 67-де. Ұзақ жылдардан бері шетелде тұрады. Тоқсаныншы жылдардың аяғы мен екі мыңыншы жылдардың басында билікпен арадағы тектірестен кейін қуғын-сүргінге ұшырады. Саяси карьерасы осыменен тәмам болды. Артынша сот үкімімен сырттай ұзақ жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Қажыгелдин Қазақстандағы саяси өмір туралы пікір білдіріп, ара-тұра оппозициялық ақпарат құралдарынан көрініп қалады. Қажыгелдин де сайлауға түсе алмайды. Себебі біздің заң бойынша сотты болған адам президент түгілі аудандық мәслихаттың сайлауына да түсе алмайды.
Бұлардан басқа кім бар? Бұл сайлаудың да өткен саяси додалар сияқты бәсекелессіз, текетірессіз өтетін түрі бар. Сайлауды бізде солай өткізу дәстүрге айналды.
Жәнібек ТАРХАН, «Рейтинг» газеті