Болатбек Әлиев «топорный методын» тоқтата ма?

559eb39c2f99f7d3c9b393ceebfac9ac.jpg

Болатбек Әлиев

Облыстық мәслихаттың аумақтардың дамуы және табиғат пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Мұрат Төлтебаев жыл басынан бері жекеге өткен облыстық екі колледждің жағдайына алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Рейтинг газетінің тілшісі хабарлайды. 

Ол Адами әлеуетті дамыту басқармасынан облысты Асқар Мырзахметов басқарған жылдары ел қазынасынан миллиардтап қаржы бөлдіртіп, базаларын жаңартып жабдықтаған өңірдегі алдыңғы қатарлы арнаулы орта білім беру орындарының жекеге өткенде неге түкке алғысыз болып қалғанын түсіндіруді талап етті. Өйткені сол Мырзахметовтің тұсында облыс әкімінің орынбасары болған, бүгінде кәсіпкер Болатбек Әлиев Фейсбук парақшасында өзі басқаруға алған екі колледждің жағдайы сын көтермейтінін жазған еді. Ол білім алушылардың 60 пайызы сабаққа келмейтінін, оларды оқыту сапасының  нашарлап кеткенін жариялаған болатын. 

– Болатбек Әлиев Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі мен Түркістан жоғары аграрлық колледжін басқаруға  алған. Біздегі деректер бойынша ондағы білім алушылардың сабаққа қатысу көрсеткіші 90 пайызды құрайды. Ал, Әлиевтің жазбасындағы мәселе мынау: колледждерде турникеттер орнатылған. Сол арқылы кіру карточкаларын студенттер сатып алу керек екен. Олардың 40 пайызға жуығы оны алмаған. Турникеттердің кейбіреулері істемей тұрған. Оның үстіне үшінші курс студенттерінің бәрі өндірістік практикада, 200-ден көп. 120-сы мемлекеттік бағдарламамен біліктілігін арттыруға барғандар. Олардың бәрі бірдей сабаққа бармайды. Ол кісі бұларды есепке алмай турникеттердің базасы бойынша мәліметке қарап, «балалар қайда?» деп байбалам салды. Одан соң колледж директорын, оқу ісі бойынша орынбасарын жұмыстан босатып жіберді. Сөйтіп өзінің квалификациясы сәйкес келмейтін мамандарын алып келді. Олар өзінің жұмыстарында мықты болғанмен білім саласын түсінбейді. «Топорный методпен» айқайлап-шулап бәрін шығарып жіберсе, адам қалмайды. Бұл колледждерде оқитындардың 80 пайызы әлеуметтік жағдайлары төмен, мектепті де қатырмаған балалар. Оларды жалынып-жалпайып, «мамандық аласың» деп әрең алдыртып оқытып жүр. Рас, 20 пайызы оқиды. Маман болам, кәсіп ашам деп жүргендер. Ал, Әлиев «Менің шопырым 300 мың теңге, көмекшім 400 мың алады. 80 мыңға мұғалім қандай білім береді?» дейді. Сондай сумманы беріңіз, оқытсын десек, «онда мен білім алушылардың жартысын шығарам. Оқытушылардың да жартысын босатам. Соның есебінен үнемдеп жалақысын көтерем» деп отыр. Сөйтіп бюджетті үнемдеп дамытпақ. Солай конфликт болып, айқайлап шулап жүріп келістік. Бәрін түсіндіріп айттық. Сосын білім саласын түсінетін бір-екі маманды жұмысқа шақырды, – дейді басқарма басшысы Рақымбек Жолаев.

Жолаевтың жауабын қолдап шыққандай көрінген депутат Үмбет Жүсіпбаев бұл шешімнің дұрыс болмағанын жеткізді.

– Жекеге басқаруға өткізбес бұрын кімге беруді білу керек. Бөкеңнің облыс әкімінің орынбасары болғанында да (Болатбек Әлиев – авт.) жұмыс істеу тәсілін білеміз ғой. Ондайларға бермеу керек. Не керегі бар, белден баса беретін болса?! Қайтып алып қою керек. Неге береміз? – дейді Жүсіпбаев.

Басқарма басшысы кәсіпкерге 6 айға дейін сенімді басқаруға берілетінін, болмаса қайтып алатынын жеткізді.

Айтпақшы, бұған дейін біз «Рейтинг» газетінде бұрынғы облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Болатбек Әлиевтің облыстағы екі колледжді сенімгерлік басқаруға алғалы жатқаны туралы мақала («Болатбек Әлиев Президенттің саясатына қарсы ма?») жариялаған болатынбыз. Онда Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Респрубликасы Парламенті Мәжілісінің және Қазақстан Респрубликасы Үкіметінің қатаң бақылауында тұрған колледждердің сенімгерлікке берілмейтінін хабарлаған Білім және ғылым министрлігінің хатынан үзінді де келтірілген еді. Бәрібір дәл сол колледждер басқаруға беріліп кетті. Енді міне...


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей эфирде мәлімдеме жасады
  • Ақпарат министрі қате ақпарат таратқаны үшін кешірім сұрады
  • Коронавирус туралы әзілдеген қостанайлық полицей жұмысынан қуылды
  • Мусин Тоқаевтың кеңесшісі болып тағайындалды
  • Ішкі істер министрінің орынбасары тағайындалды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер