Кіндігімді кескен жұрт

Қарлығаш қадамымды басқанда да, топ-топ баламен түз тозаңын төбеге көтеріп, асыр салғанда да, қия кетіп қиыр шетте жүргенде де жүрекке ұлы есімдей ұялап, көңілден бір уақыт кеткен емес. Қуанышты сүйіншілеп, шаттықты еселеп жеткізетін, аңқа бір кеуіп алабұртқан шақта шөлді басатын сусар мекен. Кепиетін көкірегіме құйып, кесірден сақтаған, кең әлемге жол ашып, даналыққа баптаған кіндігімді кескен жұрт. Бұл – бабамның иісі сіңген топырақ, кіндік қаным тамған жер.

2020_10_14_024719869400.JPG

Кіндігімді кескен жұрт – Отан сөзінің бір баламасындай. Осы бір аяулы атаудың астарына үңілсеңіз алып мағына жатыр. Шыр етіп дүние есігін ашқанда алғаш жұтқан ауаң мен маңдайыңнан сүйген күннің шұғыласы сол ұлы ұғымнан бастау алатындай. Отан – кіндік қаны тамған топырақ. Сол топыраққа табаның тиген сәттен бастап ол кіндік жұртыңа айналады. Кесілген кіндік – ел-ананың құрсағынан шыққан соң Жер-анаға байланатын алтын тамырың, өсіп-өрбудің, отаныңда ошақ отын жағып, түтін түтетудің түпкі негізі, асыл арқауы.

Кіндік кескен жұрт арман кенішіңнің баспалдағы іспетті. Байырғы бабатаным ырымдап, жаңа туған нәрестенің кіндігін ешкім баспайтын жерге көмген екен. Онысы адам мен топырақ арасындағы байланысты нығайту. Жер бауырлап еңбектеген сәби еңкіш тартқан қарияға айналғанша жер кіндіктен қуат алатынына кәміл сенген. Ата-бабамыз қаны тамған топырақты солайша қадір тұтып, ұлтарақтай жер үшін ұрысқа түскені көпке белгілі. Сондықтан қазақ баласы шыр етіп өмірге келісімен алып атамекені, бабадан жеткен байтақ даласына қасиетті бір сырлы ұғыммен, үзілмейтін нәзік бір қастерлі құбылыспен мәңгі байланып өмір сүреді.

Өмірге көз ашып келісімен осылайша ту­ған жері, атажұртымен тамырымен берік байланған ордалы елдің әр ұланы туған то­пырағын қасық қаны қалғанша қорғап, сынық сүйем жерін жатқа бермейтін қаһарман болуының сыры осында. Қазақ кіндік ше­шені таңдауға да ерекше мән беретіні, оның бойындағы асыл қасиеттер нәрестені жерден көтеріп алып, кіндігін кескен сәттен бөбекке жұғысты болады деп илануында да терең мән бар. Ата-анаға қамқор болсын деп қыздың кіндігін үйдің ішіне, ұлдың кіндігін өрісті болсын деп далаға көметіні де тегін емес. Шаранада тоғыз ай шайқалғанда анамен жалғастырып тұрған жалқы тамыр енді перзентін Жер-анамен ұштастырып, Отаннан нәр алуына жалғастық табу үшін ата-баба осылайша кәделі салт жасайды. Халқымыздың «кір жуып, кіндік кескен туған жерім» деген бір ауыз сөзіне осындай кең мағына, шалқар ұғым қалай сыйып кеткеніне таңданасың?!

Құндылықтар құнсызданып, әлемнің аралас-құраластығы тығыз бола бастаған жаһандану заманы көптеген қастерлі ұғым­дарымызға, қасиетті салт-дәстүрімізге орасан өзгерістер енгізіп жатыр. Соның бірі – кіндік кесер салты. Осы ұғымның арқауы сетінеумен бірге туған жер, Отан-ана ұғымына да селкеу түспей ме?

Иә, адамды туған жерімен байланыс­тыра­тын киелі ұғымдар жетерлік. Бүгінде біз сол тәлімді түсініктерден ажырап бара жат­қанымыз жасырын емес. Мәселен, жағдайы барлар мұхит асып, сәбиін шетелде өмірге әкеледі. Сол арқылы психологиялық тұрғыдан баланың жарық дүниеге келмей жатып, өзінің жұмыр жерінен алыстатады. Сөйтіп сәбиінің кіндігі өзге елдің отына күйіп, күліне айналады. Ал енді осы періште-перзенттің түйсігінде туған жер деген ұғым, атажұрт деген болмыс қалай қалыптаса алады? Ол сәби құрсақта жатқан кезінен-ақ өз жерін қор, өзге өлкені зор тұтқан ата-ананың кемшін түсінігін бойына сіңіріп тумасына кім кепіл? Демек, ұлттық код, қасиетті ұғым-таңбалар өмірге келмей жатып-ақ нәрестенің қалауынсыз күлпарша өзгеріске түсіп жатыр емес пе?

Әрине, тау мен таудың, жер мен жердің айырмасы жоқ. Сол баяғы бір аспан, сол тап-тастай көк өзен. Оны қасиетті, киелі етіп тұрған – бабаңның төгілген қаны, балаңның кесілген кіндігі. Құрсақты жарып шыққан шақалақтың кіндігі туған жерде кесілмей, өскенде өзге елге алаңдап отырса, «кіндік кес­кен жұрт» ұғымы да көмескі тартпайды ма?!

Біз жат жерде жау қолынан шейіт боларын сезгенде бір саусағын кесіп беріп, «туған жер топырағына мен деп жерлеңдер» деп аманат еткен кешегі көзсіз ерлердің ұрпағы емес пе едік? Өйткені қоянжон қыраты да, томсарып тұрған төбесі де, шүйкесін шүкірімен жалғай иіріп отыратын бауыры бұлақ баяғының адамдары да сол кіндік қаны тамған топырақтан бір елі ажыраған емес еді. Ажырамайды да деп сенеміз. Себебі кез келген адам кіндік кескен топырағымен биік...

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, 

Егемен Қазақстан

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мұздыбеков пен Меңдіқұлов отпен ойнап отыр ма? - Елдегі дүрбелең осы газ дауынан басталған еді
  • Қазақстанды мұрагер елесі кезіп жүр
  • «Шетелден бір-ақ шыққан шенділер»: Елші болу өсу ме, өшу ме?
  • Дархан ҚЫДЫРӘЛІ: «Тарихқа хайппен емес, байыппен қарау керек»
  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер