Мақтаарал АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Онда оңалту орталығын жаңадан ашып жатқан танысы жұмысқа кіргізіп беремін деп алдағанын жеткізген. Содан күдікті жәбірленушіден жұмыс ақысы үшін 500 000 теңге алған. Алайда, бүгінгі күнге дейін уәде етілген жұмысы болмаған, не өз ақшасын кері ала алмаған. Арада бірнеше күн өткен соң жәбірленуші танысының алдап жүргенін білген. Сондықтан бірден полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша СДТБТ-ға тіркелді.
Тәртіп сақшылары іздестіру шаралары барысында күдіктіні жергілікті мекенжайынан анықтады. Қазіргі уақытта алаяқтық жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай күдіктінің бұдан басқа 97 жайтқа қатыстылығы анықталды. Олардың әрқайсысынан 300 000-700 000 теңге аралығында ақша алып отырған. Осылайша жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 47 000 000 теңгеден астам. Аталған жайтқа байланысты күдікті әйел қамауға алынып, жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау мақсатында Мақтаарал аудандық сотына жолданған. Қазіргі таңда сот күдіктіні кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға күмәнді қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді. Сондай-ақ, қандай да бір мәмілелерді, рәсімдеу кезінде мұқият болу керектігін айтады. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, шұғыл «102» телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.
ТО ПД баспасөз қызметі