Түркістан облысында жоғалған жасөспірім қыз табылды. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төлеби ауданы ПБ-ға орта білім беретін мектеп қызметкері таңертең мектепке барамын деп кеткен 16 жасар оқушы қыздың 12 сағаттан бері үйіне келмегендігін көрсетіп арызданған. Яғни жасөспірім қыздың анасы туыстарының үйіне таңғы сағат 09:00 шамасында шығып кетіп, кешкі 21:00 шамасында қайтып оралғанда қызының жоқтығын көрген. Бұл уақытқа дейін келмеген қызына алаңдаған анасы бірден мектеп директорының орынбасарына хабарласады. Осылайша оқушы қыздың сол күні сабаққа бармағаны белгілі болды. Содан соң қыздың туыстары өз беттерінше іздестіру жұмыстарын жүргізген. Алайда еш нәтиже болмаған соң, қызды бірге іздеген мектеп қызметкері полицейлерден көмек сұрауды жөн санап, 102 нөміріне хабарласқан.
Хабарлама түсісімен полиция қызметкерлері толық құрамда қызды іздеуге кірісті. Тәртіп сақшылары жоғалған қызды тез арада табу мақсатында көріп немесе білуі мүмкін деген адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Осындай жүргізілген тыңғылықты жұмыстардың нәтижесінде жоғалған қыздың Шымкент қаласына бет алғаны анықталады. Осылайша полиция қызметкерлері мегаполиске қарай жолға шығып, қыздың баруы мүмкін деген аймақтардағы бейнебақылау камераларын мұқият тексерді. Жинақталған ақпарат көздері арқылы тәртіп сақшылары жасөспірім қыздың жүрген жерін анықтап, ізіне түседі. Содан соң оны қайтар жолда тауып алады. Қазіргі таңда жасөспірім қыз ата-анасына аман-есен табысталды.
Полиция қызметкерлерінің арқасында анықталғандай жасөспірім қыз әлеуметтік желі арқылы танысып жүрген достарымен кездесуге Шымкент қаласына барған. Өз кезегінде қызының дін аман табылғанына қуанып, анасы полицейлерге алғысын білдірді.
Түркістан облысының полицейлері барлық ата-аналарға балаларына үйден үлкендердің рұқсатынсыз шықпау керектігін үнемі ескертіп, оларды бақылауда ұстау керектігін ескертеді. Сонымен қатар жасөспірімдердің өтпелі кезеңінде дос ретінде сөйлесуге кеңес береді.