Учаскелік полиция инспекторлары көлігі бұзылған тұрғынға көмектесіп, алғыс алды. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция қызметкері болу үшін білім, тәжірибеге толы жылдар, білектің күші керек. Сабыр мен төзім, қажыр-қайрат қажет. Тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті үнемі алғашқылардың қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Ішкі істер саласында осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатындардың бірі – учаскелік полиция инспекторлары. Олар өздеріне бекітілген аймақтың тыныштығын сақтайды. Көмек қажет болса, бірінші кезекте жандарынан табылады.
Мәселен, Бәйдібек АПБ-ның учаскелік полиция инспекторлары полиция лейтенанты Оралбай Канадилов пен Ержан Оспанов өз аумақтарын түнгі уақытта қарап жүрген сәтте көлігі бұзылып тұрған жүргізушіге көмек қолын созды. Яғни полицейлер, сағат 21:00 шамасында Созақ-Шаян облыстық маңызы бар тас жолында Шаян ауылына кіреберіс жолда тоқтап тұрған «Опель-Вектра» маркалы автокөлікті байқап, қасына жетеді. Содан жүргізуші көлігі бұзылып тұрғанын алға тартады. Мұны естіген полицейлер бірден жәрдем беруге кірісіп, көлікті қарап шыққан. Болмаған соң, өздерінің қызметтік көліктерімен тұрғынның көлігін сүйреп, діттеген жеріне дейін жеткізді. Өз кезегінде жергілікті тұрғын Ж.Рысқұлбеков полицейлерге алғысын білдірді. «Шымкенттен келе жатқан бетім еді. Аяқ-асты көлігім жүрмей қалды. Енді не істеймін деп тұрғанымда, өтіп бара жатқан полицейлер тоқтап, менің жағдайымды сұрап, барынша жанашырлық танытты. Және барар жеріме көліктерімен сүйреп апарып тастады. Үлкен рақмет! Алла разы болсын сіздерге!»-деп ризашылығын жеткізді.
Негізінде, ТО ПД-нің учаскелік полиция инспекторлары халықпен өзара байланыстың тиімділігін арттыру мақсатында жедел-профилактикалық іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Әрбір учаскелік полиция инспекторы тұрақты түрде өзінің әкімшілік аумағындағы тұрғын үймен пәтерлерді аралап шығып, тұрғындарға өздерін таныстырған. Жақыннан олардың жағдайларын біліп, келеңсіз жайттардың алдын алу мақсатында телефон нөмірлерін беріп, қылмыссыз аула құру аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.