Шенеунік қарапайым болып, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуға, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауға тиіс. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты заң талабында осылай жазылған.
Алайда өзінің теріс әрекеті арқылы сынға ұшырауы былай тұрсын, мәселесі Әдеп кеңесінде, соттарда қаралып жатқан шенеуніктер қаншама?! Жұмыс барысында адамның кейде ашуға берілетінін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ шенеуніктік қызмет жүйкенің жұқалығын көтермейтінін де мойындау керек.
Бүгін Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қызмет барысында дөрекілік көрсеткен Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрполат Талиповтің тәртіптік ісі қаралды. Талипов көпшілік алдында Сарыағаш ауданының су шаруашылығы мекемесінің бастығына дөрекі, балағат сөздерді айтқан. Бұл Сарыағаш ауданы әкімінің аппаратының жоспардан тыс тексеруі кезінде дәлелін тапқан. Жиналыс барысында қажетті ақпаратты бере алмаған мекеме басшысына эмоциямен ашу үстінде дөрекілікке жол беріп қойғанын Талиповтың өзі де мойындаған. Ал жоғарыдағы басшыдан балағат сөз естіп қалған шенеунік Талиповқа қояр ешқандай кінәсінің жоқтығын мәлім еткен. Заңның аты заң, тәртіптің аты тәртіп. Әдеп кеңесі мүшелерінің шешімімен, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрполат Талиповқа сөгіс жазасын беру туралы ұсыныс Сарыағаш ауданы әкіміне жолданды.
Соңғы уақытта ауыл әкімдеріне қатысты істердің дені жермен байланысты. Парамен ұсталып, сотталған да, қызметтен кетуге негіз болған жайттар да жерге барып тіреледі. Жер үшін тәртіптік мәселесі қаралған шенеуніктер Әдеп кеңесіне топ-тобымен түсіп жатады. Бұл жолы жерге қатысты төрт шенеуніктің мәселесін талқыланды.
Жетісай ауданы Жылы су ауылдық округінің әкімі Ермек Дауылбаев пен аталған ауылдық округ әкімі аппаратының бас маман - заңгері Сапарғали Абдуллаев жерге қатысты біраз келеңсіздіктерге жол берген. Нақтырақ айтқанда шенеуніктер жер телімін сатып беру туралы өтініштер бойынша ұсынылуы тиіс құжаттар пакетін толық тапсырмаған жер пайдаланушылардың өтініштерін қанағаттандыру және ол бойынша шешімдерді уақытылы қабылдамау фактілеріне жол берген. Тексеру барысында сондай-ақ, құрылысы аяқталмаған объектілер бойынша пайдалануға қабылдау актісін есепке алу, жер телімін жеке меншік құқығымен бекітіп беру туралы шешімдер қабылдау, жеке және заңды тұлғаларға құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасау жәйттары анықталған. Осыған ұқсас фактілерге Жетісай ауданы Қарақай ауылдық округінің әкімі Бәйдібек Иманбердиев, аталған ауылдық округ әкімі аппаратының бас маман - заңгері Сапарғали Бишораев та жол берген. Төрт шенеунік қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жазасына ұсынылды.
Ал Кентау қаласы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Амалбек Өміртай кентаулық мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауына байланысты есеп берді.