Түркістан облысында қылмыс болмаған, ішімдік атаулы мүлдем сатылмайтын бірнеше ауылдар бар десек, сенесіз бе? Расымен де дәл солай. Бұл Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылдық округіне қарасты Жусансай және оған іргелес жатқан Аққойлы ауылы, халқының саны 2000-ға жуық. Аталған ауылдың тұрғындары 2015 жылдан бері ішімдіктен бас тартқан. Бұл жайында Жусансайдағы дүкен сатушысы Қарлығаш: «Ауылымызда ішімдік, темекі, насыбай мүлдем сатылмайды. Сұраныста жоқ. Бұл бастамаға 10 жылға тарта көлемі болды. Барлығы біледі біздің ауылдың ішімдіктен біржолата бас тартқандығын»,- дейді.
Тағы бір айта кетер жайт, 2 жылдан бері мұнда бір де бір қылмыс тіркелмеген. Яғни заңбұзушылық болмаған. Бұл жөнінде Ордабасы аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Маханбетов: «Аталған ауылда қоғамдық тәртіптің сақталуына жауапты екі учаскелік полиция инспекторы қызмет атқарады. Олар полиция майоры Құралбек Еркінбеков пен полиция аға лейтенанты Бақытжан Тұрсынбаев. Соңғы екі жыл көлемінде Жусанбай мен Аққойлыда қылмыстар, шақыртулар түбегейлі болмады деп айта аламыз. Мұның негізгі себебі ауыл ақсақалдарының ұйымшылдығы, жастардың зиянды әдеттен бас тартқандығы, полицейлердің қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда күні-түні атқарып жатқан жұмысының жемісі деп білеміз. Бұл бастама барлық ауылдарға үлгі боларлық іс!»-деп ауылдың қауіпсіз, қылмыссыз, өзгелерге өнеге болатынын тілге тиек етті.
Ордабасы ауданының Шұбар ауылдық округінде тұрғындарға жайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, ұйқылары тыныш. Бұл тұрғыда осы ауылда бірнеше жылдар бойы учаскелік полиция инспекторлары болып, абыройлы қызмет етіп жүрген полицейлердің еңбегі зор. Бұл ауыл ақсақалдарының тәжірибелі тәртіп сақшыларының еңбегіне берген бағасы. Ауылдың қай тұрғынын әңгімеге тартсаңыз да, Құралбек пен Бақытжанның еңбекқорлығын, істеген жұмысын тізбектей жөнеледі.
Тыныштық ұялаған ауылдың бетке ұстар қарттары, яғни Жусансай ауылының биі Тағайбек Әбдіраманов пен Аққойлы ауылы мешітінің имамы Ерік Әшірбердиевтерді сөзге тартқан едік. Қазыналы қариялардың айтуынша, учаскелік полиция инспекторлары мектеп ұжымы, әкімшілік және ардагерлермен бірлесіп, нәтижелі жұмыстар атқаруда. Күнделікті ауыл тұрғындарының жағдайларын біліп, үйді-үй аралап отырады. Негізінен ауыл тұрғындары егін және мал шаруашылығымен айналысады.
Түркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі