Полицияның негізгі жұмысы – қылмыспен күрес. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз 9 жылдан бері қылмысты ашу, тергеу салаларында қызмет атқарып, қарымды еңбек етіп жүрген білікті маман. Ол – Қазақстан полициясының құрдасы, Түркістан облысы ПД Жетісай АПБ криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция майоры Әлішер Есалиев Мамадиярұлы.
Әлішер өзі Жетісай қаласының тумасы. Ол мектеп жасынан полицей болуды армандап, 11 жылдық білім алған соң, 2009 жылы Бәрімбек Бейсенов атындағы ҚарАғанды академиясына оқуға түскен. Тіпті құқық қорғау саласына қызмет етемін деп бала кезінен физикалық тұрғыдан өз бетінше шыңдалып, жекпе-жек өнерінің бір түрі каратэмен айналысқан. Бұған қоса бұл спорт түрінен жақсы көрсеткіштер көрсетіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінде болған дүбірлі додаларда топ жарып, Қазақстан чемпионатында бас жүлдені қанжығалап, «спорт шеберлігіне үміткер» атағын иеленген. Әлішер алғашқы қызмет жолын Қарағанды академиясын тәмамдаған соң, 2013 жылы Отырар АПБ-де тергеуші болып бастады. Міне сөйтіп жекпе-жек өнерінің әдіс-тәсілдерін керемет игерген каратэші жігіт, қылмыс ашудың қыр-сырын шебер меңгерген тәжірибелі тергеушіге айналды. Болашақ майор бұл лауазыммен 2014 жылы Мақтаарал АПБ-де қызмет етіп, одан кейін Жетісай АПБ-ға ауысып, 5 жыл бойы тергеу саласында аянбай тер төкті.
-Қылмыстарды ашып, тергеу амалдарын жүргізу өзіме ұнайтын жұмыс. 2018 жылы лауазымым өзгерсе де бұл саладан алшақтап кетпедім. Себебі бұрын қылмысты тергесем, қазір қылмыс ашумен айналысатын жедел уәкілмін. Біздер қауіпті сәттермен жиі кезігеміз. Қалай дегенмен қылмыс жасаған адам тек қолға түспеудің амалын жасап, ештеңеден тайынбайтыны айдан анық. Міне осындай сәтте бала кезден спортпен айналысуым көп септігін тигізеді. Қазір де жұмыстан қолым босағанда бұрынғыны еске түсіріп, жаттығу жасап тұрамын. Өйткені полицей физикалық тұрғыдан да, моралдық тұрғыдан да мықты болуы қажет»,-дейді полиция майоры.
Криминалдық бағытта қызмет атқарып жүрген жедел уәкіл, түрлі мал ұрлықтарын, пәтер ұрлықтарын әшкерелеп, арам оймен ақша табатын алаяқтардың жолын кесіп, қаншама қылмыскерлерді құрықтауда белсенді қимылдады. Сол еңбектері еленіп, түрлі іс-шараларда, полицияның 25 жылдық мерекесінде, 10 жыл бойы қызметін адал атқарған әріптестерінің арасында алдыңғылардың бірі болып, медалдармен наградталып, арнайы алғыс хаттармен марапатталған. «Ұлық болсаң кішік бол» дегендей Әлішер әрдайым айналасына ізеттілік көрсетіп жүреді. Өзінің атақ-дәрежесі жеткілікті болса да әріптестерінің алдында кеудесін керіп, мақтанған кезі болған емес. Және осындай қасиеті үшін қызметтегі, өмірдегі достары оны қатты құрметтейді. Ендеше мамандық таңдаудан қателеспеген, орда бұзар азаматтың алдағы қызмет жолына сәттілік, үлкен абырой, сарқылмас күш-қуат тілейміз!
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі