Төлеби ауданының туристік болашағы зор екенін ескеріп отырған аудан әкімдігі ағымдағы жылы бірнеше жобаларды іске асыруды көздеп отыр. Мәселен Кемеқалған ауылдық округінде орналасқан «Alma-Tau» тау курортынан қонақ үй және спорт комплексін салуға 2 миллиард 650 миллион теңге инвестиция тартылған. Бүгінде құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Сонымен қатар Бірінші Мамыр елді мекенінде спорттық – сауықтыру кешені және футбол алаңшасының құрылыс жұмыстарына «Ауыл-Ел бесігі» жоба аясында 608 миллион теңге бөлінген. Ал биылғы жылға соның 111,4 миллион теңгесі игерілмек. Және осы ауылдық округінде орналасқан «Шипабұлақ» демалыс орнын кеңейту жоспарға қойылған. Құрылыс жұмыстарына 100 миллион теңге қарастырылған.
Айта кетейік, мемлекет тарапынан алғашқы рет туризм саласындағы келушілерге қызмет жасайтын нысандардың егелеріне биылдан бастап субсидиялар берілетін болды. Нақтырақ айтқанда кәсіпкерлерге мынадай жеңілдіктер қарастырылған: туристік қызмет обьектілерін салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік обьектілеріне жұмсалған шығындарының 10 пайызын қайтару; санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауға шығындардың бір бөлігін қайтару; кәсіпкерлік субьектілерінің жол бойындағы сервис обьектілерін салу бойынша шығындардың 10 пайызын қайтару; туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субьектілеріне автокөлік сатып алуға жұмсалған шығыстардың 25 пайызын қайтару, туроператорларға әрбір шетелдік турист үшін субсидиялау; кәсіпкерлік субьектілерінің тау шаңғысы курорттары үшін жабдықтар мен техника сатып алуға жұмсалған шығыстардың бір бөлігін өтеу қарастырылған. Жыл басында аудан әкімінің орынбасары Б.Құралбаевтың тапсырмасына сәйкес осы жеңілдіктерді кәсіпкерлерге жеткізу үшін барлық қала, ауылдық округтерде кәсіпкерлерді қатыстырып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Жалпы жыл соңына дейін ауданда ішкі келушілер санын 27000 адамға, ал сыртқы келушілердің санын 600-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Туризм саласына тартылатын инвестиция көлемі болса 5400 миллион теңгеге жеткізу көзделген.
Иә, Тәңірдің өзі сыйға тартқан тамаша табиғатты төлебиліктер осылайша тиімді пайдалануда. Ауданда туризм саласын дамыту мүмкіндіктері әлі де мол. Алдағы уақытта аудан қонақтар ағылатын мекенге айналады деген сенімдеміз. Себебі Төле биді төрге сүйрейтін туризм саласы болмақ.