Түркістан қаласында медицина саласын дамытуға арналған екі күндік «Заманауи травматология және ортопедия көкжиектері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Оған әлемнің 15 елінің жетекші клиникаларының мамандары келді. Конференцияның ашылуына Түркістан облысы әкімнің орынбасары Арман Сәбитов, Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ректорының өкілі Женгиз Томар қатысты.
Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Үндістан, Швейцария, Германия, Қытай, Грекия, Египет, Иордания, Әзірбайжан, Бангладеш, Өзбекстан, Қазақстан, Беларусь елдерінің ғалым докторлары бас қос конференция Денсаулық сақтау министрлігінің Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология жəне ортопедия орталығының, қазақстандық травматолог-ортопедтер қауымдастығының, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университет мен Түркістан облысының Қоғамдық денсаулық басқармасының ұйымдастыруымен өтуде.
Халықаралық конференцияның басты мақсаты – Травматология және ортопедиядағы ауруларды емдеу әдістерімен және тәжірибесімен алмасу. Бес залға бөлінген селекциялық отырыстарда спикерлер өз баяндамаларын оқып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, травматология және ортопедия саласындағы жетістіктерімен бөлісті. Атап айтқанда, медицина мамандары бірінші залда «Буындардың артропластикасы», екінші залда «Буындардың емдік-диагностикалық артроскопиясы», үшінші залда «Балалар ортопедиясы мен травматологиясының өзекті мәселелері», «Жамбас және омыртқа жарақаттарын емдеудің заманауи тәсілдері», төртінші залда «Травматология және ортопедиядағы инновациялық технологиялар», бесінші залда «Табан хирургиясы» тақырыптары қозғалды.
Іс-шараның бірінші күні тірек-қимыл аурулары саласындағы емдеудің жаңа әдістері туралы барлығы 128 баяндама оқылды. Сонымен қатар, көрнекі операциямен мастер-класстар өткізілді. 15 елден 1500-ден астам қатысушы келген конференция гибридті форматта өтуде. Сондай-ақ, конференцияның онлайн көрсетіліміне қатысушылар да бар.
Конференцияның екінші күні 16 қыркүйекте іс-шара аясында «Байтенов оқулары» өтеді. Онда 40 жастан аспаған тұлғалар баяндама жасайды. Атап айтқанда, медициналық жоғары оқу орындарының студенттері, интерндер, резиденттер, ғылыми зерттеулерге белсенді қатысатын ғылыми қызметкерлер қатысады. Жүлде қоры 1000 АҚШ долларын құрайды.
Айта кету керек, Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында Қазақстанның жетекші ортопед-травматологтері күн сайын 40 операция жасайды. Орталықта омыртқаны транспедикулярлық бекіту сияқты күрделі операция жасалады. Рентген бақылауымен жүзеге асатын операция хирургқа әр қозғалысты дәл бақылауға және жақын орналасқан анатомиялық құрылымдарға зақым келтірмеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бүкіл Қазақстан мен ТМД елдерінен орталыққа жамбас-сан және тізе буындарын эндопротездеу бойынша операцияға келеді.