Бүгін арнайы делегацияның туған жерді тануға арналған сапары «Ханқорған -қазақтың қасиетті жері» деген тақырыппен Сайрам ауданы, Ақсукенттегі Е.Сарманов атындағы гуманитарлық агроиндустриалды колледжіндегі жиын өтті. Жазушы Шойбек Орынбай студенттер алдында қазақ тарихындағы проблемалық мәселелерді көтерді. Колледж ұстаздары, жастар да өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сауалдарды ортаға тастады. «Өзге пікір» газетінің бас редакторы Шадияр Молдабек ұғар құлаққа ұтымды ойлар айтты. Ал тарихи тақырыпта қалам тербеп жүрген журналист Бақытжан Әбдіраш Сайрам ауданы мен Ханқорған қаласының байланысына тоқталып өтті.
– Сайрамға қатысты аңыз көп. Солардың бірінде Нұх пайғамбардың кемесі топан судан кейін Қазығұрт тауының басына тоқтағаны айтылады. Топан су кейін қайтқан соң, төңіректе бірінші болып Сайрам өңірі көрінген екен. Нұх пайғамбар сонда қоныстанып, адамзаттың екінші өмірі Сайрам жерінен басталған деседі. Кезінде Сайрамнан 7 шақырым жерде Нұх пайғамбардың ұлының қырық метрлік қабірі болған көрінеді. Қаланың орталығында күні бүгінге дейін Қызыр пайғамбардың қабірі бар. Ал, қаланың негізін қалады деген Ыдырыс пайғамбардың атымен аталатын мешіт өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін сақталған. Қызыл белсенділердің қылышынан қан тамып тұрған заманда осы мешіт жермен жексен етілді, ал оның алдында тұрған, жұрт қасиетті деп санаған тас бағаналар (жергілікті халық арасындағы аңыз бойынша тас бағаналар Адам ата мен Хауа ана немерелерінің қолымен жасалған көрінеді) ) ізім қайым жоғалған (Осы Сайрам тас бағаналарын мәдени ескерткіштердің тізіміне алғашқылардың бірі болып енгізілуі керектігін жиырмасыншы жылдары Бейімбет Майлин өз мақаласына арқау еткен). Сайрамда сондай-ақ, Мәриям ана кесенесі бар. Ол Иса пайғамбардың анасы —Мәриямның қабірі деседі. Әрине, қисынға келмейді. Дегенмен, осы арада көне замандарда христиандардың құлшылық қылатын ғибадатханасы болған көрінеді. Көне қаланың бір кездері зорастраизмның, шаманизмның орталығы болғаны туралы мәліметтер көп. Осыдан бірнеше жыл бұрын Сайрамның іргесіндегі қырғы мазардан ескі ғибадатхана табылды. Кездейсоқ аршылған тарихи орын бір кездері күнге табынушылардың құлышылық үйі болғанға ұқсайды. Бұдан 2600-2700 жылдар бұрын Сайрамның төңірегінде мекендеген халықтар осындағы Мәртөбеге жиналып, діни рәсімдерін атқарған. Бұл рәсім мамыр айының екінші онкүндігінде өткен. «Мамырда Мәртөбеге кел» деген сөздің астары осы дәстүрмен байланысты болса керек. Бертінде қазақ хандығының тұсында хандардың, сұлтандардың, билердің көктемде Мәртөбеге жиналып кеңес құруы осы дәстүрмен байланысты сияқты. Ханқорған да осы Мәртөбе сияқты көне замандарда билеуші хандардың резиденциясы қызметін атқарған болуы әбден мүмкін. Ханқорған туралы Сыздық сұлтанға қатысты деректерде келтірілген. Бұл өкінішке қарай, бізде тарихты жазба деректер арқылы тану жағы кенжелеп тұр, - дейді Бақытжан Әбдірашұлы.