Денсаулық сақтау саласын цифрландыру - заман талабы

Screenshot_2.jpg

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Кеңесінің 35-ші мерейтойлық отырысы аясында Түркістанда ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың төрағалығымен «Цифрлық денсаулық сақтау мен телемедицинаны дамыту» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Отырысқа Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқарма басшысы Марат Пашимов, ТМД денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңестің мүшелері, ТМД электрондық денсаулық сақтаудың ұлттық жүйелерін интеграциялау мәселелері жөніндегі жұмыс тобының мүшелері және Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның өкілетті өкілдері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының, Еуразиялық даму банкінің цифрлық бастамалар дирекциясының өкілдері, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.

ҚР ДСМ-нің басшысы отырыс барысында қазіргі Қазақстан әлемдік үрдістерден тыс қалмайтынын және медицина саласы ауруларды анықтау, алдын алу, ден қою және бақылау саласында жаңа білімді қалыптастыру және практикалық шаралар әзірлеу үшін цифрлық құралдарды белсенді пайдаланатынын атап өтті. 

- Пандемия Қазақстан үшін қоғамдық денсаулыққа байланысты төтенше жағдайларға дайындық және онымен күрес саласындағы процестер мен деректерді цифрландыруға көбірек көңіл бөлуге түрткі болды, - деп атап өтті А.Ғиният.

ҚР ДСМ-нің Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Фархад Бекболатов дөңгелек үстелге қатысушыларды денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейлерінде пандемиямен күресу үшін белсенді пайдаланылған, Қазақстанда іске асырылған бірнеше цифрлық жобалар туралы хабардар етті. 

- Қазақстан Республикасының электрондық денсаулық сақтауды дамыту стратегиясы монополиясыздандыру және орталықсыздандыру қағидаттарына негізделген денсаулық сақтауды ақпараттандыру саласындағы шешімдердің ашық нарығын қалыптастыруға қайта бағдарланған болатын, - деді өз сөзінде Ф.Бекболатов.

5,8 мыңнан астам мемлекеттік денсаулық сақтау объектілерінде медициналық ұйымдардың IT-инфрақұрылымы дамыған (98 %), медициналық ақпараттық жүйелер (98,2 %), мобильді және веб-қосымшалар (20-дан астам) енгізілген, оларды интеграциялау жүзеге асырылған. Тұрғындар үшін пациенттің жеке кабинетіндегі eGov электрондық үкімет порталындағы және eGovMobile мобильдік қосымшасындағы бірқатар цифрлық сервистер іске асырылған. Олар: вакцинация паспорты; «Вакцинация», «вакцинацияға жазылу»; клиникалық қызметтерді көрсету бағыттары мен нәтижелері; электрондық рецептілер; ауруханаға жатқызу жолдамалары мен үзінді көшірмелер. Цифрлық трансформация аясында eHealth электронды денсаулық сақтаудың жаңа сандық архитектурасына көшу жұмыстары басталды. 

- Денсаулық сақтауды цифрландыру саласын трансформациялаудың негізгі міндеті Министрліктің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының, медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру болып табылады. Бұл цифрлық денсаулық сақтаудың мақсатты архитектурасын құру, дербес медициналық деректерді рұқсатсыз жариялау және тарату қаупін болдырмау және медициналық ұйымдар арасында клиникалық деректермен алмасу үшін қажет, - деп толықтырды ҚР ДСМ-нің Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің басшысы.

Бұл ретте eHealth электрондық денсаулық сақтау архитектурасы азаматтардың денсаулығына арналған ұлттық электрондық паспортты толыққанды және жан-жақты қалыптастыруға ықпал етеді, бұл азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарланған медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды, сондай-ақ пациенттердің денсаулық жағдайын үздіксіз бақылауды жүзеге асыруға және медициналық сервистерді ұсынуға көшуді қамтамасыз етеді.

Медициналық қызмет көрсету сапасын бағалау үшін пациенттермен кері байланысты ұйымдастыру қажеттілігін ескере отырып, статистикалық деректерді жинау, сақтау және ұсынудың цифрлық технологияларына құрылған медициналық ұйымдар пациенттерінің қанағаттануын қадағалаудың әртүрлі жүйелері жоспарлы түрде енгізілуде. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер