Кандидат Батырбек Көшербай Президенттен араша сұрады

Шымкентте өткен сайлаудың шуы күшейіп бара жатыр. Шымкент қалалық мәслихатында №12 округтен өзін-өзі ұсыну арқылы түскен Батырбек Көшербай сайлау кезінде орын алған өрескел заңбұзушылықтарға байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрады. 

Screenshot_1.jpg

- Кеше, 19 наурызда өткен саяси науқанда сайлау комиссиялары тарапынан бірқатар заңбұзушылықтар орын алды. Атап айтқанда, мен Шымкент қалалық мәслихат депутаттығына өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде бағымды сынаған №12 сайлау округіндегі №155 сайлау учаскесінде дауыс беру нәтижесі екі мәрте толық саналғанымен комиссия мүшелері тиісті хаттаманы толтырып, қол қоймастан бюллетеньдерді қап-қапқа салып, Қаратау әкімдігінің ғимаратына алып кетті. Ал №233 сайлау учаскесінде сайлаушылардың дауыс берген бюллетеньдерін комиссия мүшелері санамастан, азаматтық формадағы бір топ адаммен бақылаушылар мен кандидаттардың сенім білдірген адамдарының қарсылығына қарамастан Қаратау ауданы әкімдігінің ғимаратына жеткізді. Қаншама бақылаушы мен кандидаттардың сенімді өкілдерінің құқықтары тапталды. Менің сенімді өкілдерім таңғы сағат шамамен 5-ке дейін Қаратау әкімдігі ғимаратында жүріп, екі сайлау учаскесіндегі қорытынды туралы хаттаманы сол күйі ала алмады. Мен және менің сайлауалды штабымдағы командам ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан әділдік сұраймыз. Бүкіл сайлау процесі кезінде кәсіби бейнетүсірілім жүргізілді. Сайлау процесі кезіндегі және сайлау біткеннен кейінгі заңбұзушылықтардың барлығы бейнежазбаға жазылғанын ескерткім келеді. Енді мен заңгерлеріммен бірге Орталық сайлау комиссиясынан бастап, прокуратураға, сотқа шағым дайындап жатырмын. Бұл жерде Сайлау туралы заңымыздың бірнеше баптары өрескел бұзылып отыр, - дейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан әділдік сұраған кандидат Батырбек Көшербай. Ол сондай-ақ айтылған сөздеріне нақты видеодәлелдердің барын, оны алдағы уақытта жариялайтынын мәлім етті. 

Әзірге Шымкент қалалық округтік сайлау комиссиясы кандидат Батырбек Көшербайдың талап-тілегіне қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер